Қоғам

Ақтөбе әуежайында қоғамдық тәртіпті бұзған мас жолаушы рейстен түсірілді

Сурет: polisia.kz

Масаң күйдегі азамат әуекомпания қызметкерлерін балағаттаған.

Ақтөбе әуежайында қоғамдық тәртіпті бұзған мас жолаушы рейстен түсірілді, деп хабарлайды turkystan.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақтөбе қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері Ақтөбе – Алматы бағытындағы әуе рейсінің 38 жастағы жолаушысын анықтап, ұстады. Ол ұшаққа отырғызу кезінде масаң күйде болып, әуекомпания қызметкерлеріне балағат сөздер айтқан және ескертулерге құлақ аспаған. Құқық бұзушы полиция бөліміне жеткізіліп, оған қатысты алкогольдік ішімдік ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 5 АЕК (18 460 теңге) мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік хаттама толтырылды. Ұсақ бұзақылық бойынша іс шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Еске салайық, ҚР әкімшілік кодекс бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу қарастырылған.