"Айқын" ұйымдастырған шахмат турнирі

26 наурыз, 2017 / Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ
ашық дереккөзі
"Айқын" ұйымдастырған шахмат турнирі   Еліміздегі беделді басылымдардың бірі «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті 13 жылдық мерейтойына орай Алматыдағы Оқушылар сарайында журналистер мен блогерлер арасында шахматтан турнир өткізді.  Aikyn media open сайысына жалпы саны 30 адам қатысты. Төртінші билік иелерінің басын қосқан турнирге жас журналистерден бастап ардагерлерге дейін қатысып, бақ сынады. Ойын швейцар үлгісінде өткендіктен, жеңіске жету мүмкіндігі жоғары еді. Яғни жалпы саны 7 турда жинаған ұпай сандары есептеліп, қорытынды шығарылады. Суырылып үздік шыққан тілшіге Air Astana әуекомпаниясы Тегеранға бизнес-класқа екі билет табыстады. Жеңімпаз аталған жолдамамен Иранның астанасына осы жылдың аяғына дейін қалаған күнінде бара алады. Осыған дейін БАҚ өкілдері арасында өткізілген талай турнирде топ жарған Арсилан Алахуновқа бас жүлде бұйырды. «Ұйғыр авази» республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісіне ғана есе жіберген жас блогер, шахматтан І-рарзрядқа ие Қуаныш Сүлейменге екінші орын бұйырып, «Кернеу Limited» атынан планшет табысталды. Үшінші орынға талас қызу болды. Жарыс қорытындысында ұпай сандары тең түскен төрт ойыншыға да үшінші орын берілді. Дегенмен коэффициент бойынша Құмар Бақдәулет басым түсіп, планшет иегері атанды. Сәйкесінше, Байпейісов Асқат, Қаматаев Қанат пен Түсіпхан Нұрбек есімді журналистер де жүлделі үшінші орынды иеленді. Бұдан бөлек белсенділік танытқан бірқатар тілшілерге бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен бірге Нұртөре Жүсіптің «Мың құмырсқа және БІЗ» кітабы мен Ермахан Шайхының «Қоңыр қажының күнделігі» кітабы келгендерге үлестіріп берілді. Осылайша, демалыс күнін тиімді пайдаланған БАҚ өкілдері ой сергітіп қана қоймай, ұйымдастырушылар тарапынан берілген сыйлықтарға ие болды. Ал "Айқын" газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп шахмат турнирін өткізуді дәстүрге айналдыратынын жеткізді. Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» газетінің бас редакторы: Аян НЫСАНАЛИН, ардагер-журналист: