T-LIFE

Ғалымдар адам күрт қартаятын екі жасты анықтады

сурет: istockphoto.com

Адам өмірінің даму кезеңдерін біртіндеп өзгеретін үдеріс ретінде сипаттауға болады. Алайда бір күні таңертең айнаға қарағанда, күрт қартайған секілді болсаңыз, бұл жалған емес. Nature Aging журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, адамдар қартаюдың екі күрт кезеңін бастан кешіреді: біреуі орта есеппен 44 жаста, екіншісі 60 жас шамасында.  

Біз тек уақыт өте келе баяу өзгермейміз; екі кезеңде өте күрделі өзгерістер болады. Бұл барлық биомолекулалар үшін ортақ заңдылық, – деп мәлімдеді Стэнфорд университетінің генетигі Майкл Снайдер.

Қартаю – барлық аурулардың даму қаупін арттыратын күрделі биологиялық үдеріс.  Майкл Снайдер және әріптестері қартаю биологиясын зерттеу үшін 108 ересек адамның биологиялық үлгілерін бірнеше жыл бойы әр бірнеше ай сайын алып, талдаған. Олар РНҚ, ақуыздар, липидтер және микробиомдар (ішек, тері, мұрын және ауыз микробиомдары) сияқты әртүрлі биомолекулаларды зерттеп, 135 239 ерекшелікті бақылады.  

Нәтижесінде 40-тан астам үлгі берілген қатысушылардың деректері негізінде 246 миллиардтан астам мәліметтер нүктесі өңделді. Ғалымдар 44 және 60 жас шамасында биомолекулалардың құрамында айтарлықтай өзгерістер болатындығын анықтады. Зерттелген молекулалардың 81 пайызы дәл осы кезеңдерде өзгерген.  

44 жастағы өзгерістер: липидтердің, кофеин мен алкоголь метаболизмінің, жүрек-қантамыр жүйесі, тері және бұлшықет функцияларының өзгеруі.   60 жастағы өзгерістер: көмірсулар метаболизмі, иммундық реттеу, бүйрек функциялары, жүрек-қантамыр жүйесі, тері және бұлшықет мәселелері.  

Ғалымдар бұл өзгерістерге менопауза немесе перименопауза әсер етуі мүмкін екенін айтқанымен, ерлер мен әйелдерге ортақ басқа да маңызды факторлардың бар екенін айтты.  

Зерттеу тобының айтуынша, олардың жұмысы шағын үлгімен шектелген, әрі тек 25 пен 70 жас аралығындағы адамдарды қамтыған. Қартаю үдерісін тереңірек түсіну үшін кеңірек зерттеулер жүргізу қажет.  

Бұл жаңалық қартаю үдерісін басқаруға және қартаюмен байланысты ауруларды емдеудің жаңа әдістерін іздеуге мүмкіндік береді.