Мемлекет басшысы Сербия Премьер-министрімен кездесті
Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Президент Александр Вучичпен мазмұнды келіссөздер жүргізгенін атап өтті.
Белградқа ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Республикасының Премьер-министрі Милош Вучевичпен кездесу өткізді, деп хабарлады turkystan.kz.
– Сербиямен берік достыққа және өзара түсіністікке негізделген ұзақ жылғы серіктестігіміз бен көпжақты байланысымызды жоғары бағалаймыз. Бүгін ғарыш, телекоммуникация, ауыл шаруашылығы, қорғаныс өнеркәсібі, білім, туризм салаларында үкіметаралық және ведомствоаралық бірқатар маңызды келісімге қол қойылды. Түрлі деңгейдегі тұрақты саяси диалог пен экономикалық өзара ықпалдастық біздің түпкі мүддемізге сай келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сербия үкіметтерін қол жеткізген уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыру үшін бірлесе әрекет етуге шақырды. Атап айтқанда, екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа тың серпін беретін ірі жобаларды нақтылау қажет екенін айтты.
Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес жұмысына зор үміт артатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы елімізде инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын Сербия бизнесмендеріне Қазақстан Үкіметі толығымен қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Милош Вучевич Белградтың Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды мұқият зерделеп, сондай-ақ бірқатар перспективті бағыт бойынша байланысты нығайту мүмкіндігін қарастырып жатқанына тоқталды.
Сербия Премьер-министрі өз елінің Қазақстанмен тауар айналымын ұлғайтуға, сауда-экономика, көлік-логистика және инвестиция салаларындағы екіжақты ықпалдастықты жандандыруға ниетті екенін растады.
Милош Вучевич «жасыл» технология, қуат көздерін алмастыруға қатысты мәселелерді қозғап, осы бағытта тәжірибе бөлісуге шақырды. Сонымен қатар екі елде бір-бірінің мәдени күндерін ұйымдастыруды және бизнес-форумдарды тұрақты түрде өткізуді ұсынды.