Тоқаев Сербия президентімен шағын құрамда келіссөз жүргізді
Александр Вучич екі елдің ынтымақтастығы өзара құрмет пен сенім негізінде дамып келе жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық халықтар достығына, саяси диалог пен өзара қолдауға ұдайы арқа сүйейтінін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, соңғы жылдары Астана мен Белград экономикалық ықпалдастықты нығайту үшін нақты шаралар қабылдап, сауда және инвестициялық байланыстарды белсенді дамытып келе жатыр.
Орайлы сәтті пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев көктемгі су тасқыны кезінде көмек көрсеткені үшін Александр Вучич пен Сербия халқына алғыс айтты. Мемлекет басшысы мұны екі ел арасындағы шынайы достықтың жарқын көрінісі ретінде бағалады.
Александр Вучич екі елдің ынтымақтастығы өзара құрмет пен сенім негізінде дамып келе жатқанын атап өтті. Сербия Президентінің айтуынша, Белград Қазақстанмен экономикалық байланыстарды, соның ішінде сауда, инвестиция секілді басты бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге ниетті.
Александр Вучич Сербияның елімізбен саяси диалогты нығайтуға бейіл екенін растап, халықаралық аренадағы іс-қимылды үйлестірудің маңызына тоқталды.
Кездесуде мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Сербия арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың перспективасын, екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады. Бұдан бөлек тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.