Астанада пара дзюдодан халықаралық жарыс өтеді
Турнир барысында 10 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады.
Қазақстан ұлттық құрамасының пара дзюдошылары Париж Паралимпиадасында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, 1 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлде жеңіп алған. Енді санаулы айдан кейін қазақстандық спортшылар өз жанкүйерлерінің алдында шеберліктерін көрсетпек.
Турнир барысында 10 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады. Жарыстың басты ерекшелігі – жаңа Олимпиада цикліне байланысты салмақ дәрежелерінің өзгеруі. Ерлер енді 70, 81, 95 және +95 келіде, ал әйелдер 52, 60, 70 және +70 келіде жүлде үшін күреседі. Сонымен қатар, Халықаралық дзюдо федерациясы тәжірибе ретінде Олимпиада бағдарламасына кірмейтін екі салмақта (ерлер – 64 келі, әйелдер – 46 келі) жүлделер үлестірмек.
Бұл айтулы додаға 15 мемлекеттен 100-ге жуық спортшы қатысады. Қазақстан намысын Астана қаласының үш параспортшысы J1 санатында қорғайтын болады. Олар:
Асылан Нұрдаулетов (73 кг); Бауыржан Арыстанбеков (90 кг); Ерболат Бекентаев (90 кг).