Қоғам

Қостанайда мас күйінде көлік жүргізген мемлекеттік қызметші жауапқа тартылды

Ашық дереккөз

Шенеунік өзінің кінәсін мойындап, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды

Қостанай облысы Сарыкөл ауданының сәулет, құрылыс және ТКШ бөлімінің басшысы Дмитрий Холодило мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапқа тартылды. Бұл мәселе 15 қарашада өткен Әдеп кеңесінің отырысында қаралды, деп хабарлады turkystan.kz azattyq ryhy-на сілтеме жасап.

14 қазанға қараған түні полиция қызметкерлері «Chevrolet Niva» көлігін тоқтатып, рөлде отырған шенеунікті тексерген. Алкогольдің өткір иісі күдік тудырып, медициналық сараптама нәтижесінде оның орта деңгейдегі мас күйде болғаны анықталған. 

Сот құжаттарына сүйенсек, Холодило сотта алкогольді бір күн бұрын ішкенін, ал рөлге қант диабетімен ауыратын әпкесіне көмек көрсету үшін отырғанын айтқан. Ол медиктерді шақырмай, өзі баруды жөн көргенін түсіндірді. 

Шенеунік өзінің кінәсін мойындап, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. 

Дмитрий Холодило бұл қызметке 2023 жылдың 14 желтоқсанында тағайындалған. Алайда оқиғадан бір апта бұрын, 2024 жылдың 9 қазанында ол қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартылған болатын. 

Әдеп кеңесі оның өткен тәртіптік жазасы мен қызметтік көлікті мас күйінде жүргізгенін ескере отырып, Сарыкөл ауданының әкіміне Дмитрий Холодилоны қызметінен босату туралы ұсыныс берді. 

Холодилоның мемлекеттік қызметтегі жалпы еңбек өтілі 7 жыл 8 айды құрайды. Әріптестері оны жұмыс орнында жақсы жағынан сипаттағанымен, бұл жағдай оның мансабына нүкте қоюы мүмкін.