Жаһан

Ауруханада шыққан өрттен 10 нәресте қаза тапты

AgFang / Getty Images

Билік өкілдері өрттің себебін анықтау үшін тергеу комитеті құрылғанын мәлімдеді

Үндістанның солтүстігіндегі Джханси қаласында Махарани Лакшми Бай медициналық колледжінің жаңа туған нәрестелерге арналған неонаталдық жансақтау бөлімінде өрт болды. Салдарынан 10 нәресте қаза тауып, тағы 16-сы ауыр жағдайда екені хабарланды.

Dw.com сайтының мәліметінше, өрт өткен кеште Джханси қаласындағы Махарани Лакшми Бай медициналық колледжінің жаңа туған нәрестелерге арналған жансақтау бөлімінде шыққан.

Times Now үнді басылымының мәліметінше, тағы 16 нәресте ауыр халде жатыр. NDTV телеарнасының хабарлауынша, өрт шыққан сәтте жаңа туған нәрестелерге арналған жансақтау бөлімінде 54 нәресте болған.

AFP агенттігінің мәліметінше, Үндістанда өрттер жиі орын алады, себебі бұл елде құрылыс сапасы төмен, халық тығыз орналасқан және қауіпсіздік ережелері сақталмайды.

Жергілікті әкімшілік өкілі Авинаш Кумардың айтуынша, өрттің болжамды себептерінің бірі – қысқа тұйықталу.

Билік өкілдері өрттің себебін анықтау үшін тергеу комитеті құрылғанын мәлімдеді.

"Кінәсіз сәбилерінен айырылған отбасыларға шын жүректен көңіл айтамын. Алла оларға бұл үлкен қайғыны еңсеруге күш-қуат берсін деп тілеймін", – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.