"Көресіздер, үшінші алтын жүлдені мен аламын!" – самбодан әлем чемпионы Нұрила Асанқызы
Спортқа баулыған – әкем
Қазақ қыздары арасында тұңғыш әлем чемпионы атанғаныма әлі сене алар емеспін. Бұл менің бала кезден бері көксеген арманым еді ғой. Менің ғана емес, әкем екеуіміздің арманымыз-тын. Өкініштісі сол, әкем бұл бақытты сәтті көре алмай кетті. Содан кейін болар, финал аяқталған кезде өз-өзімді ұстай алмай, көз жасыма ерік бердім. Жалпы, менің әкем бала кезінен футболға қатты қызыққан. Тіпті, «Қайрат» клубы ашылған кезде сол команда сапына қабылдану үшін Алматыға келіп, іріктеуден өткен. Алайда жастықтың буымен тастап кетті ме, әлде өзге де себеп болды ма екен, анығын білмедім, кейін туған жеріміз – Түркістан облысы Созақ ауданына қарасты Шолаққорған ауылына қайтуға мәжбүр болған. Әкем анам маған аяғы ауыр болғанын естіген кезде, ұл бала болғанын қатты қаласа керек. Тоғыз ай бойы ұл деп ойлап, күтіп жүрген. Қыз болып туғанымды естіген кезде, ұнжырғасы түсіп қалыпты. Дегенмен үйдің жалғыз қызы болғасын, мені еркелетіп өсірді. Әрі ер бала секілді тәрбиеледі. Менің алғашқы бапкерім – сол кісі. 3-сынып оқып жүргенімде туған жерім ауылдағы залға ертіп апарып, спортқа баулуды қолға алды. Аунатып, күрестіріп, түрлі амал-тәсілдерді үйретті. Әкем мен дүниеге келмей тұрып, «Әйелім ұл туса, боксшы қыламын» дегенді жиі айтқан екен. Ауылда бокс секциясы болмады, сөйтіп, күреске, содан соң самбоға ден қойдық. Көп шынығып жүріп, көп жарысқа қатысқың келетіні анық қой. Дегенмен ауылда жүріп жаттыққан атлет жарыстарға көп қатыса алмайтынын білесіздер. Сондықтан 7-сыныптан соң қалада бапкер болып жұмыс істейтін ағамның ықпалымен Қызылорда қаласындағы спорт интернатына оқуға түстім. Бірақ 9-сыныпты бітірген соң, өз үйіме қайтып келдім. Себебі анам 11 жыл бойы жаман аурумен күресіп, жағдайы нашарлап қалды. Әкеме қолғабыс болатын, жалпы үй-жайға қарайтын адам керек болғасын олардың қасына оралдым. Алайда сонда да спорттан қол үзбедім. Әкеме «Жарыстарда жеңімпаз атанамын. Арманыма қайтсем де жетемін. Мұнда бір орында тұралап қалмаймын» деп үнемі айтатынмын. Менің алған бетімнен қайтпайтынымды түсінген ол кісі «Бабыңды жоғалтып алма» деп Шымкент қаласына дайындыққа жіберіп жүрді. Солайша екі араны тоздырып, көп уақыт дайындалдым. Сосын колледжге оқуға түстім. Оқу бітірер кезде қапыда әкемнен айырылып қалдым. Оның қырқын өткізген соң, анам дүние салды. Сағым сынып, өмірден баз кештім. Қирап қалдым. Бір жылдай ештеңеге зауқым соқпады. Жарыс, спорт дегенді ысырып қойдым. Себебі мен жатсам да, тұрсам да спорттағы бар жетістігімді әкеме көрсетемін деп мақсат етіп жүрген жан едім. Кейін бірте-бірте өз бабыма келіп, еңсемді тіктей бастадым. Жеке бапкерім Нұрғали ағай менің жігерімді оятып, жоғымды түгендеп, керек-жарақпен қамтамасыз етіп, жиындарға ертіп жүрді. Сөйтіп, 1 жыл үздіксіз жаттығып, кәсіби спорт әлеміне қайта кірдім.
Жеке бапкерім де – әлем чемпионы
Айтпақшы, Нұрғали ағай – үш дүркін әлем чемпионы. Кеше аренада көпшілік «Әлем чемпионы өз шәкіртін әлем чемпионы етіп баптап шығарды» деп айтып жатыр. Расында, ағайымның қолдауы орасан. Ол кісінің жетекшілігімен жастар құрамасында жүрген 3 жылда да жақсы нәтиже тіркедім. 4 дүркін Азия чемпионы атандым. Әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарда талай рет топ жардым. Былтыр жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында жеңіліп қалып, күміс жүлдені місе тұтқан едім. Биыл ересектер құрамасына ауысып, олармен бірге жаттыға бастадым. Бастапқыда ол ортада қорқақтап жүрдім, себебі олардың тәжірибесі менен көп. Бұл санаттағы бәсеке буы да басқаша. Алайда мейлі кіші бол, мейлі үлкен бол, өз-өзіңді дәлелдемесең, ешкім сенің басыңнан сипаламайтынын ұғындым. Әрекет түбі – берекет. Көп жаттығып, биыл ересектер арасындағы Қазақстан біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атандым. Соның арқасында Азия, содан соң тұңғыш рет қыздарға қатысуға мүмкіндік берген әлем чемпионатына қатысу бақыты бұйырды. Астанада 19 жылдан соң өтіп тұрған әлем чемпионаты кезінде қатты қобалжыдым. Мен ерлер құрамасындағы атлеттерді аға деп айтамын. Бір құрамада ел намысын бірге қорғап жүргендіктен оларға деген құрметім ерек. Финалға 4 самбошы ағам шыққанда қуанышымда шек болмады. Алайда төртеудің екеуі ұтылып қалғанда, көңіл күйім түсіп кетті. Күллі Қазақстанның үміті менде екенін сезініп, бойымды қорқыныш биледі. Алайда кейін әкеме айтқан сөздерім есіме түсіп, кенеттен күш-жігерім артып, жеңіске жетуге әлеуетім бар екенін сездім. Әкесінен айырылған қыздар ерте есейетіні рас екен. Мен сол сәтте оңайшылықпен беріле салғым келмеді. Барынша төзімді болуға тырыстым. Финалда жарақат алып, мұрным жан шыдатпай әрі аяғым ауырып тұрса да, беріспедім. Бозкілемде жаным шығып бара жатса да, соңына дейін күресемін, әкемнің арманын түбі орындаймын деп өз-өзімді қамшыладым. Сөйтіп, бет-аузым қан болса да, жеңісті қарсылас уысынан жұлып алдым. Барлығы «Мұрның сынды ма?» деп сұрап жатыр. Иә, сынды. Бұйырса, 20 қараша күні ота жасалады.
«Көресіздер, үшінші жеңісті мен алып келемін»
Қазақстан тарихындағы жауынгерлік самбодан алғашқы әлем чемпионы деген атақ дәл маған бұйырғанына қуаныштымын. Спортты бақылап жүрген болсаңыздар, чемпионат басталмас бұрын жаңалықтардан бас бапкердің болжамын естіген шығарсыздар. Ол өз сөзінде қоржынға 2 алтын жүлде түседі деп айтқан еді. Оның бұл айтқаны көп спортшының сағын сындырғандай болады ғой. Шыны керек, мұны естігенде менің де көңіл-күйім түсіп кетті. «Неге 2-ақ алтын дейді?», «Бапкерлер бізге сенбей ме сонда?» деп бас қатырдым. Бұл маған мотивация болды. Өйткені сол күні өз-өзіме сөз бердім. Әрі сол кеште қасымда отырған қыздардың көзінше «Көресіздер, мен чемпион боламын. Үшінші алтынды мен әкелемін» деп едім. Алла аузыма салыпты, әлем чемпионатында екі алтынды ерлер алса, үшіншісін мен иелендім. Менің жеңісіме дейін жалпыкомандалық есепте Ресей мен Беларусь командаларынан кейін үшінші орынға табан тіреп тұрған едік. Үшінші алтын жүлде иеленгеннен кейін екінші орынға тұрақтадық. Бұл да – үлкен жетістік. Ағайлар мен бапкерлер жеке орным, жалпыкомандалық орын үшін де қатты қуанды. Мен бұл жетістікке жету үшін тырысып-бақтым. Өзімді дәлелдегім келді. Қанша сенбесе де, «Менің қолымнан келеді» деп көрсеткім келді. Оған қоса, алғашқы жарыс күндері қыздардың ешбірі жүлдеге таласа алмады. Құны қымбат сол жүлдеге мұрным сынып жатса да, мен таласамын деп алған бетімнен қайтпадым. Төбелесіп жатқан кезде денсаулығымды бәрінен биік қойып, орта жолда жарыс жолынан шығып қалсам да болар еді. Алайда қарсыласым қатты ұрсын, қан-жоса етіп сабасын, өлсем де, намысты қолдан бермеймін деп қасқайып тұрып алдым. Өз елімде, өз жерімде күресіп жатып, басқа мемлекеттен келген атлетке неге жүлдені беріп қояды екенмін? Мен мұнымен тоқтап қалмаймын. Алла қаласа, тағы да әлем чемпионы болуға уәде беремін. Бір рет әлем емес, бірнеше дүркін әлем чемпионы атанғым келеді. Қазақстан халқына самбо секілді қызық спортта қыздар да топ жара алатынын дәлелдегім келеді.
Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ