Ханбибі Есенқарақызы: «Нұрикамалды» тоқтату ешкімнің қолынан келмейді
– Ханбибі апай, қаламгерлер жайлы көп оқитындықтан сіздің өмір жолыңыздан да біраз хабарым бар. Сіз сонау Төлеген Айбергенов секілді қазақ поэзиясының үлкен тұлғасы Сарыағашта тұрған кездің өзінде өлеңдеріңіз баспасөз бетінде көрініп жүрген жас ақын екенсіз. Төлеген ақын сіздің өлеңдеріңізді оқып, дәптеріңізге екі шумақ арнау жыр жазып бергенін естелігіңізде жазыпсыз. Сондай үлкен ақындармен жүздесу, өлеңдерін оқу сізге қандай шабыт берді? Ақын болу туралы арманыңызға қалай әсер етті?
– Мен 1964 жылы Мұхтар Әуезов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы едім. Кірпіштен қаланған екі қабатты сарғыш мектептің алды биік-биік жасыл ағаштармен жайқалған. Аулада қысы-жазы тынбай ағып жататын су құбыры болатын. Үзіліс кезінде құрбы қыздармен су шашысып ойнап тұр едік, жанымыздан жағасы кестелі, ақ көйлек киген сылыңғыр қара жігіт өтіп бара жатты. Бізден екі класс жоғары оқитын (ол кезде орта мектеп 11 жылдық еді) Гүлжамал: «Әне, ақын кетіп барады, ол – Төлеген Айбергенов!» – деді. Барлығымыз ойынымызды қоя салып, қарап қалдық. Тірі ақынды тұңғыш көруім, жүрегім қатты соғып кетті. Өзім де өлең жазып жүргендіктен бе, ақын аға жанымдағы қыздардан гөрі маған жақындау сияқты көрінді. «Қуып жетіп, сәлемдессем бе екен?» деген ойымды батылсыздық пен дәрменсіздігім жеңді. Бұл кезде күз айы еді. Арада біраз уақыт өтті. Мектептегі кабырға газетіне шығып жүрген өлеңдерімді мақтайтын Рабиға апай бір күні маған: «Осыларыңды аудандық газетке апарып көрсең қайтеді?» деп ұсыныс жасады. Мектеп пен редакция арасын қиып өтетін бір ғана көше бар, тіптен тиіп тұр. Жалғыз қабат ескі үйге имене кіріп, есік қақтым. «Кіріңіз» деген дауыстан ішке ендім. Кілең ер кісі. «Ақындар мен жазушылардың бәрі ер кісі болады екен, ә» деген ой келді басыма. Мұнда отырғандардың бәрі шетінен көңілді, жүздерінен жарқын сәуле леп еседі. Кіріп келгеніммен, тілін жұтып қойған адамдай үнсіз тұрып қалдым. Аздан соң өзімді таныстырып, келген шаруамның жайын баяндай бастадым. – Ой, айналайын, өлең жазып жүрген қарындасымыз екенсің ғой! – деді, жанында сүйеулі балдағы тұрған бір ақжарқын аға жылы тіл қатып. – Жолың болады екен, қарағым, өзіміз де сирек көретін мына Төлеген ағаң бүгін редакцияға бас сұққан еді, өлеңдеріңді көрсетіп ал, – деп мені «арман-ақынмен» таныстырып та үлгерді. Ақын аға алғашында маған қадалып бір қарады да, қайта көз салмады. – Өлеңдеріңді әкелші, – деді. Денеңді беймәлім діріл билегенде, қолмен жұмыс жасау дүниенің азабы екен, кітап салатын портфелімнен өлең дәптерімді алуым мұң болды. Сезімтал ақын мұнымды байқамай қалған жоқ. – Ақын адам батылдау болуы керек, – деп саңқ ете қалды. Дәптерде қайбір өлең бар дейсің, майда-шүйде тақырыптар. Менің талай күн жазған өлеңімді қас қағымда парақтап шықты. Талай көріп, талай оқып жүрген өлеңдері сияқты. – Мынау үлкен арнаның бастауы екен, қарағым, сен түбінде бір қараға жетіп жығылатын боларсың! – деп, дәптеріме жазылған өлеңдерімнің ашық тұсына бірдеңе жазуға оқталып біраз отырды. Аз-кем уақыттан соң, өлеңмен жазылған қолтаңбасын қалдырды. Онда: «Ұшуға қанат қомдаған, Аққудай көкке самғаған. Құралай көзді ақын қыз, Ақұштап ізін жалғаған.
Сен шыққан биік жоқ әлі, Сен шықпақ биік жоғары. Алқынып туған жас жүрек, Қиып түссем деп соғады!» деп қолын қойды. Буырқанған шабытты шағында, ақындықтың алтын тағында отырған бұл ағаны жүзбе-жүз тұңғыш және соңғы көруім еді… Менің ойымша, ақынның жалынсыз, көңілсіз, өлеңсіз жүретін кезі болмайтындай. Төлеген ағадан сол жолы Алматыға көшетінін естідік. Әрине, шығармашылық жолың енді басталып жатқанда Төлегендей ақынмен жүздесудің әсері болмай тұрмайды. Балауса өлеңдеріңді оқып, келешегіңнен үлкен үміт күтетінін білдірсе, ол арманыңа қанат байлайды ғой.
– Қаламгерге керек нәрсенің бірі бай өмірбаян десек, сіздің халқымызға белгілі небір ірі тұлғалармен аралас-құралас болғаныңыз да көп нәрсені аңдататын секілді. Сіз бір естелігіңізде Бауыржан Момышұлымен кездескеніңізді, үйінде болып, ақыл-кеңесін тыңдағаныңызды жазыпсыз. Сол кісінің айтуымен Алматыда қалмай, өзіңіз туып-өскен мекенге кетіп, сол жақта шығармашылықпен шұғылдандыңыз. Алматы секілді үлкен әдеби ортада қалмағаныңызға өкініш жоқ па?
– Ауылда қалуымның сыры мынада.батыр Бауыржан Момышұлына барып: «Ақын болғым келеді. Алматыда тұрғым келеді», – дегенімде: «Қайт, ауылға!», – деп айқай салған. «Өмір де, романтика да – ауылда. Егер сен мықты болсаң, ауылда жатып мойындат!», – деді. Қандай қатты талап, бірақ жақсы талап. Сол Баукеңнің бір ауыз сөзінен кейін ауылға келіп, біраз адамды мойындаттым деп ойлаймын. Сондықтан Алматыда қалмағаныма өкініш те, реніш те жоқ. Шығармашылық адамы үшін қайда тұру мәселе емес, мәселе жазғандарының халық кәдесіне жарауында, лайықты бағасын алуында деп білемін.
– Өткен ғасырдың 80-жылдары поэзиямызда Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Тұрсынай Оразбаева, Күләш Ахметова және өзіңіз секілді санаулы ғана танымал ақын қыздар болды. Осылардың ішінде Фариза апаймен өте жақын араласқаныңызды жазыпсыз. Ол кісі туралы көптеген естелік бар, тіпті, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Менің Фаризам» атты кітабы да жарық көрді. Ол кісінің ақын және адам ретіндегі біз білмейтін ерекшеліктері туралы айта отырсаңыз?
– «Халқының қорғаушысы да, қамқоршысы да, жанашыры да – жазушы. Суреткер жазушының жер бетінде үш міндеті бар. Ол – адамзаттың адалдығы үшін күрес, ел билейтін пенденің ойы адаспауы үшін, қара жердің тазалығы үшін күрес» депті Ғабит Мүсірепов. Фариза Оңғарсынова осы үшеуіне адал болып өтті деп ойлаймын. Солай бола тұра, ақындықтың сыры мен қырына терең үңілген, жүрек қазынасын халқына толық арнаған, онысы үшін лайықты бағасын алған ақын. Оны сүйіп оқымайтын оқырман кем, әлі де оқи беретініне сенеміз. Фариза – өмірге босқа келіп-кеткен жоқ. Өз еңбектерінің арқасында феноменге айналған жан. Өз форматын өзі жасаған еңбекқор, уақытының әр минутын белгілі мақсатқа жұмсай білген, уақытты өзіне жұмыс істете білген ыждағатты да қуатты жан. Апай қалай жазды? Жұрт жүрегін қалай баурап алды? Оның сыры неде? Жауап іздейсің. Қолына қалам алған бойда осы сұрақтардың сансыз жауаптары бір-бірімен тайталасып, көкірегіне сыймай жатады. Ол – өзін аяламаған, аямаған қаламгер. Кейде өзіне қойған талапты өзгеден де талап ететін. Біреулерге ұнамай қалып жататыны да сондықтан. Фариза – түбірлі, қуатты сөз. Оқшау сөз. Оған ешқандай жалғау-жұрнақтарды жапсыра алмайсың. Оның даралығы да осында. Ол – тұлға! Ол – мазмұн. Ол – қайталанбайтын құбылыс! «Уақыт Пирамидадан қорқады, мен уақыттан қорқамын» деп жазған Наполеонның поэзиядағы прототипі де – осы Фариза! Қазақ поэзиясының есігін сығалап, тереңіне оза алмай жүрген ақын қыздарға тас қамалды бұзып, қақпасын ашып берген де Фариза. Мұның бәрі оңайға түспегені мәлім. Ол бастан-ақ алдына қойған мақсатына жету үшін өмірдегі бар қызықтан баз кешті. Біз кейде, жазу-сызу – уақыт жейді, бір кітапты жазу үшін бірнеше жылымыз, уақытымыз кетті деп жатамыз. Ал апайдың ерекшелігі – ол бүкіл өмірін осы жолда сарп етті. Осы жолға арнады! Ол өлеңде де, өмірде де математикалық дәлдікті таңдады. Құдіретті өлең – қуатты ойдан туады. Фариза ой мергені еді.
– Поэзиялық туындыларды былай қойғанда, эсселеріңіз бен прозалық шығармаларыңыз, естеліктеріңіз бен әдеби мақалаларыңыздың, баспасөзге берген сұхбаттарыңыздың өзі бірнеше қалың томды құрайды. Ал Сұлтанбек Қожанов, Жүсіпбек Аймауытов секілді Алаш қайраткерлерінің бастамасымен 1920-1926 жылдары Ташкентте жарық көрген «Ақ жол» газетінің 25 томдығын әзірлегеніңіз және 1922-1923 жылдары жарық көрген «Шолпан» журналының барлық санын кітап етіп шығарғаныңызға қарасақ, осынша қыруар жұмысты атқару бір адам үшін өте ауқымды еңбек екеніне көзіміз жетеді, әрине. Мұның бәріне үлгеру оңай емес. Осы еңбектеріңізді ұзақ жыл қалай ыждағатпен дайындадыңыз?
– Өкінішке қарай, басқаларды былай қойғанда, әріптестеріңнің өзі жазғандарыңа зер салып оқымайтынын, тіптен сенің шығармашылығыңнан бейхабар екеніне таңғаласың. Тіптен биыл Мемлекеттік сыйлыққа ұсынған «Эсселер» деген кітабымды сыйлық беру комиссиясы мүшелерінің өзі оқымағанын, «Ол ақын ғой, өлеңмен түспеді ме?» деген сырғытпа сөздерін құлағым шалып қалды. Қолдарынан бірдеңе келсе, өлеңдеріммен екі рет сыйлыққа түскенімде «құлатып» тынып еді ғой. Сыйлықтың бір шартында «деректі проза» деген пункті болған. Сол үшін ұсынғам. Ұсынған кітабымдағы халықтың біртуар ұлдары – Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов, Сафуан Шаймерденов, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Аман Төлеев, т.б. туралы жазылған эсселер кезінде оқырманның жақсы бағасын алған. Өкінгенмен не пайда? «Жоғары жақ шешеді» дегендері рас болып тұр. Жылда 4-5 адамға берілетін сыйлық, биыл неге екі адаммен шектелген?
Алаштықтардың атын өшірмеу – басты мақсатым. ХХ ғасырдағы қазақтың руханиятының негізін қалағандарды ұмыту мүмкін бе?
Жұрт қолға ала қоймаған немесе зерттеуге ғалымдардың потенциалы жетпей жүргенде, тәуекел етуімнің арқасында «Ақ жолдың» 25 томы жарық көріп айды аспанға бір-ақ шығарғаныма өзіме өзім риза болғаным рас. Бірақ «Көрмес – түйені көрмес» деген бар. Бұл еңбек не ғалымдардың, не биліктің назарын аудара қойған жоқ. Кітаптар болашақ ұрпақ үшін жазылған. «Шолпан» да менің ғылымға салған олжам. Онда Мағжаннан бастап, Әуезовтің цензурадан өтпеген, қырқылып, жөнделмеген таза табиғи туындылары бар. Әдебиетте өзіңнен алдыңғылардың тындырған істерінен хабардар болу да жақсы қасиет қой.
– Жарты ғасырдан аса уақыт әдебиет майданында тер төгіп келесіз. Шығармашылығыңыз халыққа кең танымал. Десе де, кітап оқи бермейтін көпшіліктің өзі жақсы білетін сіздің тағдырыңызға үлкен әсері бар «Нұрикамал» әніне қатысты жайттың сыры өзгеше. Оны өзіңіз де талай сұхбаттарыңызда айттыңыз. Жақында «Нұрикамал» атты фильм шығып, кинотеатрларда көрсетіліп жатыр. Сұрайын дегенім – фильм түсіргендер фильмнің сценарийін жазған кезде сізбен ақылдасты ма? Өзіңіз ол фильмді көрдіңіз бе? Жұрт оны әртүрлі әсермен қабылдап жатыр екен...
– Киноның жарық көргеніне көп өтпесе де, доллар бағасының күрт көтеріліп не түсіп кеткендегі биржадағы ажиотаж сияқты, түрлі пікірлер лек-легімен ағылып кетті. Өзгесі тоқтап, тек «Нұрикамал» фильмі ғана жер бетіндегі жаңалық сияқты. Бұл бір жағынан жақсы да. Дүниеде елеусіз немесе ескерусіз қалудан қорқынышты нәрсе жоқ шығар. Біреулер «Екеуінің серуендеп қыр асып келгенінен басқа дымы жоқ» депті. Сонда күткені, көз үйреніп қалған баяғы эротика ма? «Сөйлеуік ауыз жыбырлағанын қоймайды» дегендей, кейбір «провокаторлар» киноны көрмеңдер деп, «аттанға» айқай қосып даурығуда. Бір сіңліміз: «Нұрикамал артынан сөз ерткен емес, киноны соған қатысты етіп көрсету, намысына тиетіндей өте өрескелдік. Нұрикамал тірі болғанда бұл киноны шығармаған болар еді» деген ой тастайды. Оның өзінің кім екені осы сөзінен-ақ түсінікті. Қарағым-ау, ол әнді, киноны тоқтату ешкімнің қолынан келмейді. Сен көксеп отырған баяғы партияң жоқ тыйым салатын. Оны композитор да, ақын да, тіптен Нұрикамал да тоқтата алмайды. Өйткені ол ән баяғыда-ақ халықтың көңіліне қонып, аузымен айтылатын, халықтың иелігіне көшкен. Халыққа ақының да, композиторының да, оның кейіпкері де қажет емес! Тек ән керек! Осыны түсінбегеніңе өкінемін. Керісінше, Торғайдың бір қызы дәріптеліп жатса, оған неге қуанбау керек? Не көп – қыз көп, не көп – шенеунік болған әйелдер көп, қайсысы тарихта қалып жатыр? Фильмді шығарғандар жастар екен. Әлі ешбірін түстеп танымаймын да. Бірақ ниеттерінің түзулігіне, жақсы нәрсеге талпынып жүргендеріне риза болдым. Бұдан бұрын Мағжан, Мұқағали туралы фильмдер түсірген екен. Фильмнің сөздерінің жұтаң екенін мен де байқап отырмын. Көрсетіп алуларына болар еді. Әттең! Немереммен жасты балалармен тәжікелесіп жатамын ба? Өздерінің жаны таза екенін байқадым. Өткенде фильмнің шығуына бас-көз болып жүрген Қанат Рамазан (семейлік екен – А.Ө.) телефон соғып:
– Апа, фильм туралы артық-ауыс сөздер айтылады, сіз жүрегіңізге жақын алмаңызшы, – деді.
– Қарағым, менде жүрек қалды ма? – деп айтайын деп тұрдым да, айтпадым. Ол қайдан білсін! Жалпы, халықтың пікірі – оң. Кинотеатрларда аншлаг, билет жетпей жатыр деген сөздер қуандырып отыр. Біреулер әр нәрсенің жақсы жағын іздейді. Рухани байығысы келеді. Біреу қоқыс жәшігін түрткілеп, содан өзіне қажетін іздейді. Екеуі де іздегенін табады. Өйткені бұл – өмір!
– Cізден сұхбат алған nege.kz сайтының тілшісі Динара Мыңжасарқызы және Facebook әлеуметтік желісінде Шыңғыс Мұқан сіздің пәтеріңіз жайлы мәселе көтерген екен. Сол жайында бір ауыз айтпайсыз ба?
– Иә, алдымен Шыңғыс өз білетінін сыдырта айтып өтті. Оны nege.kz порталы іліп алып, мені сұхбатқа шақырды. Өз ойымды сол жерде айттым. Мен 30 жыл бұрын ипотекаға алған үшінші қабаттағы үйде тұрамын. Өте жайлы, өзіме ұнайды. Неліктен әкімдерден үй сұрамайтынымның да себебін сұхбатта айттым. Тек Қасым Қайсенов ағамыз айтқандай, «Торғайдың баласындай қонақтап отыратыным» рас. Ол кісі әкімқараларға менің жағдайымды айтқанында, қажеті жоқ, үйім бар дегенмін. – Ертең жасың ұлғайғанда түсіп-шығуың қиын болады ғой, – деп еді Қасым аға тебіреніп. тек сол әңгімеден кейін де жиырма жыл өтіп кетіпті. Бүгінде «Қасым аға не деген көреген» деп ойлап қоямын. 75 оңай жас емес екен. Түсіп-шығуымның қиындығын сезініп жүрмін. «Бірақ», – деймін, – көп өмір қалмаған шығар, шыдармын...». «Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды, Бәрібір тастамаймын астанамды» – демей ме, Аманжол, Рақымжанның Қасымы. Маған осы үй де жарайды. Ешкімге өкпем жоқ. елу жылда талай экспонаттар, сувенирлер, картиналар көбейіп қалыпты, оған қоса 72 кітаптың авторы екенмін. Солар далада шашылып қала ма деген қаупім бар...
– Әңгімеңізге рахмет! Халқыңызды жаңа шығармаларыңызбен қуантып жүре беріңіз!
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ