Курс сатып алам деп күркесіз қалмаңыз...
Сарапшылардың айтуынша, онлайн білім саласында блогердің танымалдығы үлкен рөл ойнайды. Аудиториясы үлкен әрі сенімді блогерлер көбірек оқырман жинап, курстарын тиімді сатады. Екінші кезекте – тақырыптың өзектілігі. Бүгінде маркетинг, SMM, дизайн, бизнес, өзін-өзі дамыту, тіл үйрену және фотосурет салаларындағы курстар өте танымал. Ал осындай курстардың орташа бағасы 10 000-нан 50 000 теңгеге дейін. Қарапайым халық осындай бағаны қолай көреді, көп сатып алады. Кейбір курстар одан да қымбат, сондықтан оған қатысушыларға көбіне тәлімгерлер қолдау көрсетеді немесе сертификат беріледі.
Онлайн білім не береді?
Онлайн білім берудің ұзақмерзімді болуы әртүрлі факторларға байланысты. Біріншіден, технологиялық даму – интернет және мобильді қосымшалар арқылы білім алу мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Яғни, бұл тренд білімге қолжетімділікті арттырып отыр. Ал бүгінгі еңбек нарығында кәсіби білім беру және біліктілікті арттыруға арналған қысқамерзімді онлайн курстар жұмыс берушілер тарапынан жоғары бағаланады. Мұндай оқулар қызметкердің кәсіби дамуы үшін қажет, ұзақ жыл бойы өзектілігін жоғалтпайды. Сонымен қатар әлемде өмір бойы оқу қағидаты трендте. Сұранысқа ие мамандар үнемі жаңа білім мен дағдыларды игеріп отырғысы келеді. Бұл онлайн курстар мен вебинарларға сұранысты тұрақты түрде қамтамасыз ететіні сөзсіз. Демек, онлайн білім алу тек уақытша қызығушылық емес, алдағы жылдарда да дамып, көптеген салада тұрақты қажеттілікке айналуы мүмкін.
Insta «білімге» құмарлар саны қанша?
Көптеген блогер өз курстарын жеке платформаларда немесе telegram арналарда сататындықтан сатып алушылардың санын анықтау қиын. Алайда елімізде бір курсының өзін мыңдаған адамға сататын блогерлер жетерлік. Мәселен, танымал блогерлердің бір курсын 500-ден 5 000 адамға дейін сатып алуы мүмкін. Блогердің осындай курстарды бірнеше рет өткізетінін ескерсек, жылына ондаған мың адам курс сатып алады деп болжауға болады. Кейбір мәліметтер бойынша, 2022 жылы еліміздің онлайн білім беру (EdTech) нарығының негізгі сегменттерін қамтитын 40 ірі компанияның жалпы қаржы айналымы шамамен 27,35 млрд теңгеге жеткен. 2023 жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш төмендеді, нарық көлемі 26,7 млрд теңгеге дейін азайған. Бұған геосаяси тұрақсыздық, қарыздардың өсуі және әлеуметтік-экономикалық факторлар әсер етті. Дегенмен сарапшылар 2025 жылға қарай нарық қайта қалпына келді деп болжап отыр. Онлайн білім беру саласында мектепке дейінгі және мектеп деңгейіндегі (K-12) білім беру сегменттері басым. Мысалы, 2022 жылы бұл сегмент нарықтың 63,18 пайызын құрады. Сонымен қатар қосымша кәсіби білім беру мен ІТ курстары, атап айтқанда, big data мен data science бағыттарына да сұраныс артып келеді. Алайда елімізде instagram арқылы білім алатындардың үлесі айтарлықтай жоғары. Бұл платформа – елдегі ең танымал әлеуметтік желі. Шамамен 12,6 миллион қазақстандық instagram-ға тіркелген. Олардың басым бөлігі жастар, бұл топ әлеуметтік медиа, кәсіби даму және жеке тұлғалық өсу курстарына қызығады. Мамандардың бағалауы бойынша, онлайн оқуға қатысатындардың нақты пайызын анықтау қиын, бірақ instagram арқылы білімін жетілдіру мен курстарға қатысу тенденциясы қарқынды дамып келеді. Алайда нәтиже қандай екені белгісіз. Оқығандардың қанша пайызы сол сала бойынша білікті, тәжірибелі маман болып шығатыны бір Аллаға аян. Сөйте тұра, халықтың онлайн білімге деген сұранысы әлі тоқтамайтын секілді. Сарапшылар онлайн білім алу процесі уақытша құбылыс емес, керісінше, ұзақмерзімді тенденцияға айналып келеді дейді. Пандемия кезінде басталған онлайн білімге деген қызығушылықтың әлі де жоғары болуы осыны көрсетсе керек. Адамдардың цифрлық форматтағы оқуға сұранысы ұлғайып, көптеген оқу орны, курстар және жеке оқытушылар қашықтан оқыту әдістерін үнемі жетілдіріп отыратынын зерттеулер де көрсетіп отыр. SMM, таргетолог блогер Алмагүл Дәнебаева instagram арқылы қарапайым халыққа қалай және қанша ақша табуға болатынын талдапты. Оның айтуынша, бұл желіде ақша табудың жолы көп. – Біріншісі, блогер болу. Оқырман жинап адамдардың назарын ұстап тұру арқылы өзіңізді қызықтырып жарнама сатасыз. Осыдан айына 1 500 000 теңге табатындар бар. Екіншісі, сапалы, бір тақырыптағы паблик жүргізу. Сол арқылы айына 100 000 теңгеден 1 000 000 теңгеге дейін табуға болады. Үшіншісі – инфобизнес. Егер де сіз қандай да бір саланың мықты маманы болсаңыз, сол білімді, ақпаратты онлайн курс, марафон арқылы сатуға болады. Төртіншісі, эксперт болу. Яғни, сіз косметолог, педагог, тренер, стамотолог, т.б. болсаңыз, онда өз қызметіңізді ақшаға сата аласыз. Осылайша, айына 200 000-нан 2 млн-ға дейін пайда табуға болады. Бесіншісі, insta-дүкен. Тауар сату арқылы айына 500 000-нан 3 млн-ға дейін табысқа шығуға болады, – дейді маман.
Қоғамның сұранысы қандай?
Қарапайым халықты ақша, махаббат, энергия, қарыз-несиеден құтылу, ақша жинап үйрену, жақындармен ұрыс-керіссіз жақсы қарым-қатынас құру, уақыт пен энергияны тиімді пайдалану мәселелері толғандырады. Ерте тұруды, намаз оқуды, Құран жаттауды үйрететін ұстаздар да блогерлікке ден қойған. Жеке бренд қалыптастыру, арықтау, бояну-соянуды, мейрамханада өзіңді қалай ұстауды, кітапты қалай оқуды, тіпті азық-түлікті, жеміс-жидек пен көкөністі қалай сақтауды үйрететін курстар бар. Қазір осылардың ішінде сұранысқа ие болып отырған жаңа сала – Қытай, Түркия елдерімен бизнес бастау. Қалтасы қалың жандардан бастап, орташа, жиған-тергенін саудаға салып байып жатқандар да, жарты жолда барынан айрылып жатқандар да жетерлік. Қазақ мұндайда «Аттыға еремін деп, жаяудың таңы айрылыпты» дейді. Ел арасында «Егер білмесең, 990 теңгеге курс сатып алсаңшы» деген қысыр сөз де осы қаптаған курстардың нәтижесі көпшіліктің келемежіне айналғанын көрсететіндей. Онсыз да несиеден несиеге әрең күнін көріп отырған халық әлеуметтік желіде жылтырағанның бәрін алтын көріп, өзі де бір күнде байып кетердей қиялданып, қымбат курстарды бөліп төлеуге сатып алады. Одан ары қарай оқу, іздену, әрекет етуді ұмыт қалдырады немесе істей алмайтынын біліп орта жолда қолын бір-ақ сілтейді. Алайда келесі жолы жаңа курс басталса, қатысуға тағы да дайын тұрады. – Адамдардың инфоблогерлердің курстарына қызығу себептері өзі тұрған А нүктесін елемей, Б нүктесін ғана көруі. Яғни, адамның іштегі шынайы қажеттілігі мен қалауын басқа адамның reels-тары мен stories-терінен көруінде. Егер өзі instagram-нан көретін адамның жетістікке жеткенін көрсе, осылай жасауға болады деп, курстарын алады. Ал нәтиже жоқ болу себебі адамдар тыңдайды, бірақ істемейді. Мен бұл нәрсені өзімнен білемін. Бір курсты жарты жыл тыңдаған соң барып ол сенің миыңа қона бастайды, тек бір жылдан кейін қолдана бастайсың, – дейді отбасылық психолог, НЛП практик Сәбира Нұрпейісқызы.
Лаура СЕЙІТБЕК, Laula academy негізін қалаушы, отандық Lauline желісінің авторы:
Өзіне жауапкершілік алмаған адам өзгермейді
– Онлайн оқу тенденциясының бізге келгеніне ұзақ уақыт болған жоқ. Бұл шамамен 2018 жылдары басталды. Біз де осы жылы Рамазан айында тұлғалық, психологиялық, әйел денсаулығы бағыттары бойынша білім беретін «Алматы Әйелдер орталығын» аштық. Сол кезде нарықта алғаш онлайн оқу платформасын енгізгендердің бірі біз болдық. Қыз-келіншектердің денсаулығына, интимді сауаттылығына, жалпы құндылықтарына көңіл бөлуге арналған ауқымды жобамызды бастадық. Оған дейін елімізде инфобизнес саласында көбіне ер адамдар жүретін. Іскер әйелдер ерлермен бірдей білім алып жүрді. Алайда ол жылдары тек бизнес тақырыбы қозғалатын. Қазіргідей рухани даму, әйел энергетикасы сияқты ауқымды тақырыптарға көңіл бөлінбейтін. «АӘО»-ның марафон, курстарына әлемнің бірнеше елінен мыңдаған қыз-келіншек қатысты. Олар тұлғалық, психологиялық, физиологиялық дамудан өтті. Қатысқан қаншама қыз-келіншек қазір осы салада эксперт болып, білімін басқалармен бөлісіп жүр. Халық арасында инфобизнесмендер туралы ауадан ақша жасайды деген де пікірлерді естіп қаламыз. Қанша жерден онлайн оқуды жоққа шығарғысы келсе де, бұл қоғамға, адамдардың санасына, дамуына үлкен серпіліс алып келгенін жоққа шығара алмаймыз. Онлайн білім алу бұл заманның жаңа мүмкіндіктері, білім алудың жаңа әдіс-тәсілдері тоқтамайды, дами береді. Өйткені сұраныс бар. Instagram арқылы білім алуды зиян деп айта алмаймын, бірақ ең бастысы адамдар өзіндегі фильтрді, таңдауды, саралауды, қарауды, салыстыра алу сынды мәселелерді күшейтуі керек. Ал адамдардың курстан нәтиже шығара алмайтынының бірнеше себебі бар. Ең үлкен фактор курс алып жатқан адамның жауапкершілікті сезінуі, мақсаты, ниеті, сонымен қатар таңдап жатқан экспертін жан-жақты зерттеуі. Жалпы, эксперт қай саланың маманы және осы салада қанша уақыттан бері маманданып жүр? Оған дейінгі жасаған кейстері бар ма? Оның бэкграунды қандай? Ол мүмкін балабақшада тәрбиеші болып жүріп, бір кезде қарасаң қаржылық сауаттылықтан сабақ өтіп жүрген шығар. Сондай-ақ оның құндылықтарын білуің керек. Эксперттің құндылығы сенің қабылдауыңа сәйкес келе ме? Осы жерден келіп адам өзіне үңіліп, өз құндылықтарын зерттей бастайды. Егер сөйлеушінің сөзі, іс-қимылы оқырманын тартпаса, адам оның сабақтарын тыңдай алмауы мүмкін. Негізі, мұның бәрі қосымша факторлар десек те болады. Егер адам шынында мықты эксперт болса, оған келетін адам таусылмайды. Ал негізінен эксперт курста тақырып бойынша 20-30 пайыз ақпарат береді, ары қарайғы 70-80 пайыз нәтиже қатысушының жасаған практикасына тікелей байланысты және осы жерде адам өзінің де деңгейін есепке алу керек. Курсты игере аламын ба, менің жинаған тәжірибем бұл сабақты түсінуге жете ме, соны да байқауы керек. Бір ақпарат бірінші кісіге түсінікті, екінші кісіге мүлдем түсініксіз болуы мүмкін. Миы қарсыласып, «Мынау далбаса ақпарат, түкке тұрғысыз, іске аспайтын нәрсе» деген сияқты жауып қоя салуы мүмкін. Тіпті, кейде адамдар «Маған осы саланы ретке келтіру керек» деп өмірінің бір сферасына қажетті курсты сатып ала салады. Ақшасын қиып сатып алғанымен, іс біткен жоқ. Бұл 100 пайыз жұмыстың 10-20 пайызы ғана. Бұл жерде құйылатын ең басты инвестиция – адамның уақыты, зейіні, концентрациясы, фокусы. Көп жағдайда осыған келген адамдар соны жасағысы келмейді. Жай ғана өзін жұбатып, соны алдым ғой деп қояды. Бірақ ертең біреу сұраса өзінің жалқаулығын, жауапкершілігінің төмен екенін айтқысы келмейді, одан да эксперттерді кінәлай салған оңайырақ болып тұрады. Біздің орталықта әр курстың кураторы болады. Біздің менталитетіміз басқаша, ересек адамдарды әлі бала сияқты қадағалап отырамыз. Курстың нәтижесі ең бірінші сол курсты алған адамға керек. Өкінішке қарай, біздің кураторлар қатысушыларға звондап, «Мына сабақты көрмейінше, игермейінше, тапсырмаларды орындамайынша, келесі сабақ ашылмайды» деп хабарласып отырады. Сабақты мүлдем қарамаған адамдарға кураторлар қоңырау шалады. Қоңырауды басып тастайтын, жауап бермейтіндер де кездеседі. «Мені мазаламаңдар, өзім білемін, ақша төлеген өзім, қараймын ба, қарамаймын ба өзімнің шаруам» деп кураторлардың нөмірін блокқа салып тастағандарды да көрдік. Біз оларға күштеп ештеңе істей алмаймыз. Былай қарасаңыз, жауапкершілік алмау кішкентай баланың іс-әрекеті. Ал бізде өздері ересек болса да осындай баланың қылығын істейтіндер жиі кездеседі. Жауапкершілікті басқаға ысырғысы келетін адам өзгермейді. Мен курс өткізуші ретінде қатысушылардың нәтижесіне 100 пайыз әсер ете алмаймын. Егер оларда құлық, қажеттілік, өзінің өміріне, денсаулығына жауапкершілік болмаса, ондай адамды әрекетке итермелеу өте қиын. Ақпаратты алу бір бөлек, сол ақпаратты жай ғана басыңда сақтап, энциклопедия болып жүргеннен ешқандай нәтиже шықпайды. Алған білімді әрекетке қарай бірден қолдану керек. Сол кезде ғана ол бекиді, білім болып қалады. Бізде көп жағдайда осы дүние жоқ, сондықтан олар өзін іштей кінәлап отырады. Ал нәтиже шығару бұл екіжақты жұмыс. Эксперт сапалы білім бергеннен кейін кураторлар қатысушыны ары қарай сүйемелдей отырып, сұрақтарына жауап береді. Бірақ не десек те, курстың нәтижесі 100 пайыз қатысушының өзінде. «Курсты сатып алсам болды, әйтеуір бір оқимын» деп оған уақытын арнамайтын, оқымайтын, сабақтағы тапсырмаларды орындамайтындар өзін-өзі алдап жүргендер. Бұл – мүлдем дұрыс емес. Сондықтан нәтиже шығу үшін ең бірінші адам өзіне ниет ету керек. Өзіне не қажет екенін сұрау керек. «Осы білім маған не үшін керек? Мұны алғанда не істеймін, қалай жүзеге асырамын? Мен осы курсқа күніне мынанша уақыт бөлуге дайынмын ба?» деген сұрақтарға шынайы жауап берілгені дұрыс. Және бұл жерде бір күнде бүкіл ақпаратты игеріп аламын деу де қателік. Сондықтан мен қатысушыларыма «20 минут тыңда, ары қарай енді 30 минут тыңда» деймін. Сонда адамның миы ақпаратты оңай қабылдайды. Әсіресе, дене қозғалысы кезінде құлаққаппен тыңдаған тиімді. Бір рет солай тыңдаңыз. Екінші рет конспект жасаңыз. Үшінші рет сол жазған дүниелеріңізді әрекетке айналдырыңыз. Сол кезде ол білім жақсылап тұрып миға бекиді. Кез келген жобаны алатын кезде ең бірінші ниет маңызды. Алла тағала зейініңді сол бір ниетіңе қарай ашып қояды. Сондықтан экспертті сынау, бір қателіктер табу үшін келесің бе, әлде шынайы білім алып, пайда табу үшін келесің бе, әлде, ертең өзіңді жұбатып, басқаларға сылтау айтып отыру үшін келесің бе? Түптің түбінде не үшін келдің, сол ниетің орындалады. Психологиялық түрде алатын болса, ниет арқылы біз алдын ала санамызды, миымызды программалайды екенбіз. Сол білімді алып жатқан кезде ми соған қарай жұмыс істейді. Сондықтан да ниетті дұрыстап, ары қарай әрекеттерге жауапкершілік алып, тұрақты түрде аз-аздан болса да игерсе, жақсы нәтижеге жетуге болады. Кез келген курстан, кез келген дүниеден ең болмашы жаман деген эксперттің өзінен біраз инсайт алуға болады. Қайталаудың өзі, білетін нәрсеңді естігеннің өзі пайдалы. Сондықтан онлайн білімге қарсы шықпай, керісінше, осы арқылы дамып жатқанымызды, қаншама әйелдің сауатты болып, денсаулықтарын түзеп жатқанын, декреттегі аналардың үйде отырып табыс тауып жатқанына қарап, курстан нәтиже көру қатысушыға тікелей байланысты екенін амалсыз мойындайсың.
Салтанат ОРАЛХАНҚЫЗЫ, Психоаналитикалық ассоциацияның кандидаты, аналитик, психоаналитик:
Курсқа қатысқандардың тек 10-20 пайызы ғана нәтиже шығарады
– Адамдардың инфоблогерлердің курстарына қызығуының себебі өте көп. Алайда жиі кездесетін бірнеше себебі бар. Психоанализ тұрғысынан қарағанда әркімнің өзінің ішіндегі қандай да бір конфликттері орын алып, содан белгілі бір қарама-қайшы ой туындайды. Мысалы, қазір менің жалақым аз, сол себепті осы курсты алып алайын да, жұмыстан шығып кетіп жаңа мамандық бойынша жұмыс істеймін деп ойлайды. Бұл барып тұрған идеализация, неге десеңіз, құзыреттілік компетенциясының баспалдағы деген ұғым бар, яғни, 0-6 ай арасында адам: «Мен білмеймін, не жасау керек екенін, бірақ оқып жасап жүрмін», 6-12 айда: «Мен енді түсіндім не жасау керек екенін, енді істеймін», 12-18 айда: «Мен енді сол жаңа мамандықтың қыр-сырын біліп, тұрақты жұмыс жасай аламын», – сатыларынан өтеді. Осыны ескерместен курсты миллиондаған ақшаға кредитке алып, жұмыстан шығып, кейін опық жеп отырған адамдар қаншама. Ең болмағанда, жұмыстан шықпай, жаңа мамандығын алып кеткенше істей тұрып, міне, тұрақты ақша келе бастады дегенде шешім қабылдаса қандай жақсы. Алайда мұндай ішкі қақтығыстар адамның өзін қабылдамауынан туындайды, мысалы, жұмысын, жалақысын, қоғамдағы статусын, отбасының шынайы қаржылық жағдайын. Бұл жерде маркетингтің де рөлі орасан зор. Біз енді ашық әлемде өмір сүріп жатқаннан кейін, бұдан қашып құтыла алмаймыз. Маркетинг бұрыннан бар және жоғалып кетпейді. Осы жерде блогерлердің өз өмірін мінсіз етіп көрсетуінің арқасында адамдар өмірді идеализациялайды. Міне, осындай мінсіз өмірді армандайтындар, курстан курсқа секіріп жүре береді. Бір жылдан кейін қараса, қарызы 3-4 миллион, не ақша жоқ, не тұрақты жұмыс жоқ. Міне, сол кезде депрессия басталады, өзін-өзі жеп, мүлдем үйден шыға алмау қаупі де бар. Ал кейбір жоққа шығару қорғаныс механизмдері барлар, қарызын мойындамайды, иллюзияда жүреді. Кейін ата-анасы да таңғалады, айтып жатсақ түсінбейді деп. Неге түсінбейді, себебі ол адамда мықты қорғаныш механизмі жүзеге асырылып отыр. Байқағандарыңыздай, бір курс алудың астарында қаншама психологиялық процесс бар. Курс алар кезде «Бұл менің шынайы қалауым ба?» деген сұрақты қойсаңыз, курс алу туралы шешімді бірнеше күнге шегерсеңіз, болмаса жолдасыңызбен, ата-анаңызбен ақылдасып барып шешім қабылдасаңыз, ұтылмайсыз. Маркетинг негізі адамдардың психологиялық аспектілерін ескеріп жасалынады. Мысалы, мен бір айда 1 000 000 теңге ақшаны үйде отырып-ақ таптым. Осыны талдайтын болсақ, үйде отырып дегенді естігенде, демек ақша өзі келеді екен-ау, тіпті айына миллион теңге деген ой келеді. Енді диалектикалық логиканың екінші заңын ескеретін болсақ, санның сапаға ауысуы, осындай жарнаманы 5-6 рет көрген адамда сол байлыққа тез және ешқайда бармай-ақ жетсем болады екен деген сенім қалыптасып, әрекетке көшеді. Тағы бір айта кететін мәселе – курс оқуға барған адам өзінің білімі, білігі, дағдысы мен ішкі жан дүниесіне сәл-пәл үңіліп, ой елегінен өткізіп барғаны дұрыс. «Бұл курс маған не береді, маған осы жұмыс ұнай ма, мен оны алып кете аламын ба, осыны қарызға кірмей, ақша жинап барсам қалай болады?» деген қарапайым сұрақтар сіздің ішкі қалауыңызды анықтауға көмектеседі. Әрине, бұл ретте, егер адамда депрессия созылмалы және қатты белең алып тұрса, міндетті түрде маманға жүгінген жөн. Себебі өз бетінше курс ала беру тәуелділігінен шыға алмай қалады. Енді сол Instagram-ды күніне 3-4 сағат қарап, блогерлердің өмір сүруіне, үйіне қызыға қарап отырған адамда да, блог жүргізіп отырған блогерлердің кейбіреулерінде диссоциация туындауы мүмкін. Диссоциация дегеніміз – психиканың екіге бөлінуі, яғни шынайы өмір мен мінсіз өмір. Мысалы, кей жағдайда блог жүргізіп отырған адам сол Instagram-ға толығымен кіріп кеткені соншалық, істеген іс-әрекеттерінің барлығы сол блог үшін, үй жинаса да, салонға барса да, пәтер алса да, тіпті жеке өміріндегі кейбір жағдайларға дейін контентке салып отырады. Енді, сол блогер үйін жинауды кейінге қалдырып, бір ұйықтап алайын десе де, аудиториясын алдап отырғандай сезінеді. Себебі оқырмандарына Instagram-да мінсіз өмірдің қандай болатынын көрсетіп берді. Бұл сол идеализацияға өзін 24/7 тәуелді еткенмен бірдей. Міне, осы жерде психика екіге бөлінеді. Шынайы өмір мен мінсіз өмір. Кейін өзін кінәлі сезіну сезімі пайда болады, ал шын мәнінде, кейде шаршау, жатып алу, макияж жасамау, үйде шашын әрлемей-ақ жүру қалыпты емес пе? Осыны қабылдамайды. Кейде, өз пәтерін жалға беріп, басқа «Instagram»-ный пәтерде өмір сүруге тырысады. Себебі блогында мен айына 2-3 миллион табамын деп айтып қойған. Осы жерде де, шынайылық принципі ескерілмей қалады. Сол блогты көріп отырған адамда да жоғарыда баяндалған процестер жүріп жатады, бірақ бұл жерде кішігірім өзгешелігі бар, мысалы, келіншек үйде отырып Instagram-нан шықпайды, кейін жолдасына айта бастайды, «Сен дұрыстап ақша таппайсың, неге, қашанғы осындай үйде тұра береміз?» дейді. Бұл жерде мен жай үйде отыра беруді айтып отырған жоқпын, керісінше, қорқынышсыз, алаңдаусыз үлкен сомадағы қарызсыз, ақырын, баппен курсты таңдап, жұмысыңыздан алдын ала шығып алмай, қазіргі шынайы қаржылық жағдайыңызды бағалап, ескеріп әрекет етсеңіздер деймін. Мысалы, «Вавилондағы ең бай адамды» оқысаңыздар, сол жердегі кейіпкер алдымен өзінің біліміне сай жұмысқа тұрады, кейін жұмыс істеп жүріп ақша жинайды, жиналған ақшасының бәрін бизнеске салмай, бір бөлігін ғана салады. Себебі ол да бір адамдарға ақшасын беріп, бизнес жасаймын деп жолы болмаған. Сол себепті «қауіпсіздік жастықшасы» болғаны абзалырақ. Курс алғанда барлық қатысушының тек 10-20 пайызы ғана нәтижеге жетеді. Ол да бірнеше факторларға байланысты, адамның біліміне, қиындыққа төзімділігіне, логикалық ойлау жүйесінің ұшқырлығына, қаржылық сауаттылығына, тіпті сол оқып отырған курсының өзіне ұнап, жаны сол нәрсені жасағанды жақсы көретініне байланысты. Сонымен қатар курстың сапасына да мән беру керек. Сол себепті қаржыны басқару, қаржылық сауаттылық деген ұғымдарды дұрыс түсініп, өз эмоциямызды танып, біліп, қолайлы шешім қабылдай алуды балаларға да үйреткеніміз жөн. Instagram-ды қарауды да шегерсек, күніне 3-4 сағат емес, ең болмағанда 1 сағатқа қысқартып, одан да сол уақытты отбасыңызға, өзіңізге арнасаңыз өмірден көп нәрсені ұтатыныңыз анық.
P.S. «Ел мен елді теңестіретін – білім», – дейді Әуезов. Ізденген, білімін жетілдіріп, жаңа мамандықтар игерген жақсы-ақ. Ізденісін тоқтатқан адам ақпаған су секілді. Десе де... бүгінгідей әлеуметтік желіде алтындай жалтыраған бақуатты блогерлердің курсын сатып алып, дәл солардай бай болуды көксеу, соларға еліктеп күн кешу – иллюзияға бой алдыру – қауіпті. Иә, курс оқып, белгілі бір нәтижеге жетерсіз. Бірақ сіз ешкімнің жүріп өткен жолын қайталай алмайсыз. Себебі бұл өмірде әркімнің өз жолы, маңдайына жазылған өз тағдыры бар. Жетістікке жеткендер – біреудің істегенін қайталап жасағандар емес, өз мақсатының баспалдағын өзі құрғандар.
Дайындаған Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ