Жаңалықтар

Бала қауіпсіздігі – қоғам келешегі

Елордада Бас прокуратураның тапсырмасына сәйкес Астана қаласының Полиция департаменті мен Білім басқармасының ұйымдастыруымен мәдениет және спорт саласының танымал тұлғалары қала мектептерінде «Бала қауіпсіздігі – қоғам келешегі» тақырыбында дәрістер өткізіп жатыр. 

Кәмелеттік жасқа толмағандардың құқық­тық санасын жоғарылату мақсатында, оқу орын­дарында, әсіресе мектеп оқушылары үшін арнайы дәріс оқу қажеттігі туып отыр.  Астанадағы №101 орта мектебінде өткен дә­рісте тәрбие, отбасы құндылығы, кәмелеттік жас­қа толмағандар арасындағы құ­қық­бұзу­шы­лықтың себеп-салдары, оның алдын алу бойын­­ша қабылданған шаралар, балалар ара­сындағы суицид, түнгі уақытта жалғыз қы­дыру, ойын-сауық орындарына бару, қылмыс жас­ау және басқа да заңсыз әрекеттердің сал­дары, әлеу­меттік желілердегі құқық­бұзу­шы­л­ықты наси­хаттайтын ақпараттар жас­тар­дың дамуына кері әсер ететіні туралы және т.б. өзекті мәселелер қамтылды. – Белгілі бір жағдайларда оқушылар не­ме­се студенттер елеулі заң бұзушылықтар жа­са­ға­ны үшін заң аясында оның ісі қаралады, – де­ді Аста­на қаласы Білім басқармасы бас­шы­сы­ның орын­басары Серік Тәукеұлы.  Мұндай дәрістердің мақсаты – оқушылар мен колледж студенттеріне қателіктерден қа­лай аулақ болу керегін түсіндіру. – Сіз әлі кәмелеттік жасқа толмаған бол­саңыз да, өз әрекеттеріңіз үшін жауап бересіз. Бір­­қатар қылмыс бойынша қылмыстық  жауап­кершілік 14 жастан басталады. Кісі өл­тіру, ауыр және орташа денсаулыққа зиян кел­тіру, зор­лау, ұрлық, тонау, бопсалау, ауыр­лататын бұзақылық – осы қылмыстардың бар­лығында 14 жастан асқан жасөспірімге бас бостанды­ғы­нан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. 16 жас­қа толған адамдар қылмыстың барлық түр­лері бойынша, соның ішінде есірт­кі мен қарудың заңсыз айналымы мен оларды сақ­тағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тар­­тылады. Егер құқық бұзушы кәмелет жасқа тол­маған болса, онда оның ата-анасы жауап береді, – деді Нұра ауданы прокурорының орын­басары Бауыржан Асқаров.  Қолданыстағы заңдарға сәйкес 16 жасқа тол­ған адам қылмыстық жауапкершілікке тар­тылады. – Бұл ретте, бірқатар ауыр және аса ауыр қыл­мыстар жасағаны үшін қылмыстық жауап­т­ылық 14 жастан басталады. Осы қыл­мыс­тарды жасағаны үшін санкциялар 5 жыл­дан 20 жылға дейінге мерзімге бас бостан­дығынан айыру түріндегі жазаны қарастыра­ды. Қазір жасөс­пірім­дерге қатысты топтасып төбелесу фак­тілері бойынша қылмыстық істер қозғалып, тер­геу нәтижелері бойынша бұл істер шешім қабылдау үшін сотқа жіберіліп жатқанына на­зар аударғым келеді, – деді Нұра ауданы поли­ция басқармасының кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік инспекторы Мейрам Талғат­ұлы. Жастарға құқықбұзушылық туралы ақ­парат­тан бөлек, танымайтын, бөтен адамдар­дан қалай құтылу керегі жайында да кеңестер айтылды.  – Егер сізді біреу қуатын болса немесе қор­қыт­са, адамдар көп жиналған жерге бару ке­рек. Егер көлікке күштеп отырғызса, өтіп бара жат­қан адамдардың назарын аудару үшін қатты ай­қай­лаңыз. Бейтаныс адам интернетте қор­лай­тын хаттар жазса, дереу ата-анаңызға хабар­лауыңыз керек, оның хаттарына жауап бер­меңіз және SMS жібермеңіз. Достығын қабыл­дамай тұрып профилін қарап, кім еке­нін анықтауға тырысу керек. Есіңізде болсын, кейде адамдар өздерін басқа адам ретінде көр­сетеді және олардың шынайы ақпарат беріп жатқанын білу қиын, – деді инспектор Мейрам Талғатұлы. Спикерлердің айтуынша, оқушылар әрқа­шан ата-аналарынан, психологтардан, мұға­лім­дерден, құқық қорғау органдарынан, сон­дай-ақ 111 нөмірі бойынша немесе мек­теп­терде орналастырылған QR кодтары арқы­лы көмек пен қолдау сұрай алады.  Бүгінде Астана қаласы бойынша 9 мемле­кеттік колледж бар. Бас прокуратураның тап­сырмасына сәйкес, 4 қарашадан бастап мем­лекеттік мектептер мен колледждерде 16 мо­бильді топ құрылып, аудандар бойынша бар­лық мектеп пен колледждерде түсін­діру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта ке­тейік, мұндай іс-шара елорда мектептері мен ЖОО-да желтоқсан айына дейін өткізіледі.

А.Бимендиева