«Сал домбыра» салтанаты
Іс-шараны күйші Жанғали Жүзбай жүргізіп, модератор болды. Музыкатанушы Раушан Нұртаза күйші Қайрат Айтбаевтың кітабында көтерілген өзекті тақырыптарға тоқталып, ұлы күйші Тәттімбет күйлерінің өзегін түсініп, оның тағдыры мен күйлерінің туу тарихын жете зерттегендер қатарында Қайрат Айтбаевтың орны бөлек екенін атап өтті. «Бұл тек оқырмандарға арналған танымдық маңызды кітап емес, әсіресе, күй тарихы мен ұлттық өнеріміздің өткені мен бүгінін терең түсіну үшін қажетті кітап. Университетіміздің студенттері мен ізденушілері, музыкатанушы мамандар үшін таптырмас оқу құралы десек те болады», – деді. Кітап авторы Қайрат Айтбаев Тәттімбет күйлерін шебер орындаушы, Тәттімбет конкурсының жеңімпазы әрі тәттімбеттану саласында да еселі еңбек етіп жүрген зерттеуші. Ал аты түркі әлеміне мәшһұр қайраткер, скрипкашы Дүйсен Қасейінов ұлттық дәстүрлі өнердің сакральді қырларына кеңірек тоқталды. Ұлы күйшілер мен композиторлардың мұрасы халқымызды ғасырдан ғасырға жеткізетін мәдениет мәйегі екенін, оны сақтау, дәріптеу, тарату, ұрпақтың игілігіне жарату – тұтас мемлекет саясатының негізі болуға тиістігін айтып, мәдениет саясатында дегдарлық пен тазалықтың жоқтығына күйінді. Шертпе күйдің шежіресін бастағанда, алдымен тілге оралатын абызымыз Тәттімбеттің Қазақстанда бірде-бір ескерткіші жоқтығына ешкімнің бас ауыртпайтынын, өзі бас болып Түркияда күйшінің ескерткішін орнатқанын, өзіміздің қадірімізді білмесек, өзгеге жалтақтайтын ұрпақ өсіретінімізді, өз мәдениетін қорашсынатын халық әлемдегі ең кедей жұрт болатынын айтып, оған нақты мысалдар келтірді. Автордың кітабындағы «Шертпе күйдің өзекті мәселелері» мақаласын тілге тиек ете отырып, Кеңес заманында қазақ күйшілері көрген зобалаңды еске алды. Айталық, шертпе күйдің белді өкілі Сенбек Айдосұлы оққа ұшқаны мәлім. Арқада талай күйші оққа байланып, Итжеккенге айдалған. Дүйсен Қорабайұлы осы жайттарды толғай келіп, Тәттімбет, Естай секілді ұлы тұлғаларды зерттеп және тұтас күй өнері мен әндерін нотаға түсіріп, іздеушісі болып жүрген Қайрат Айтбаевқа зор ризашылығын білдірді. Мұндай сүбелі еңбектің қадірі уақыт өткен сайын арта түседі деді. Белгілі әнші Қайрат Байбосынов кітап авторының ән мен күйді тең білетінін, бұған дейін де «Сыр сандық» секілді ауқымды жұмысты бірге атқарғандарын атап өтті. Сыншы Амангелді Кеңшілік Қайрат Айтбаевтың тек музыка саласын емес, әдебиетті көп оқитынын, жазушылардың шығармаларындағы нәзік иірімдерді байқайтынын кез келген сала маманы ізденбесе, артына із қалдыруы қиын екеніне тоқталды. Ал жазушы Иманғазы Нұрахмет кітаптың қазақ руханиятындағы салмағын екшеп, әсіресе, халық әндерін нотаға түсіру үлкен ізденістің жемісі деді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жарық көрген еңбекке зерттеушінің әр кезде жазған ғылыми-танымдық мақалалары енген. «Қобыз үнді Естай», «Түркі сазын түгендеген», «Шертпе күйдегі өзекті мәселелер», «Күйші Сәрсенғали», «Даланың дара күйшісі», «Жанғали күйші жайында» атты мақалаларында бүгінгі өнер тарихындағы айтулы тұлғалардың шығармашылық және азаматтық істерін баяндаған. Мақалаларда автор дәстүрлі өнердің қыр-сырына бойлап, өзекті мәселелерді қозғайды. Осы кезге дейін өнерпаздардың шығармашылығын жеке қарастырып, сыни бағытта мақалалар жазу кенжелеп келе жатқаны белгілі. Кітаптың екінші тарауында ҚР Халық әртісі Қайрат Байбосынов (баритон) пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ербол Айтбаевтың (бас) орындаушылық шеберлігіне талдау жасалып, қос әншінің орындауындағы халық композиторлары әндерінің нотасы берілген. Бұл бөлімде Абай, Ақан сері, Ақылбай, Әсет, Балуан шолақ, Біржан сал, Ғазиз, Естай, Шәкәрім, Жарылғапберді, Жаяу Мұса, Мәди, Майра, Зұлқия секілді тарихымыздың танымал тұлғалары мен композиторлары әндерінің әртүрлі нұсқасын екі әншінің орындау мәнері бойынша жаңадан нотаға түсірген. Қайрат Айтбаевтың бұған дейін «Сыр сандық», «Бір мысқал», «Бір нәзік сәуле» секілді бірнеше еңбегі жарық көрген. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында жеке солисит болып қызмет етеді. Қазақ Ұлттық Өнер университетінің оқытушысы.
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ