Жаңалықтар

15 қараша – төл теңгеміздің күні

istockphoto.com

Қазақстан теңгесі — Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы.

1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне теңге авторлары, суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. 1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге айналысқа енгізілді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.

Тарихы

Алғашқы кезде Теңгенің бірінші шығарылған қатары (1 теңге = 100 тиын) мынадай номиналдардан тұрды:

1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік банкноттар

1, 3, 5, 10, 20 теңгелік монеталар,

1, 3, 5, 10, 20 және 50 тиындық монеталар (бастапқыда қағаздан жасалған).

Кейіннен айналысқа:

1994 жылы 1993 жылғы үлгідегі номиналы 200 теңгелік және 1994 жылғы үлгідегі 500 теңгелік банкноттар;

1995 жылы 1994 жылғы үлгідегі номиналы 1000 теңгелік банкноттар;

1996 жылы 1996 жылғы үлгідегі номиналы 2000 теңгелік банкноттар;

1997 жылы номиналы 1, 5, 10, 20, 50 теңгелік монеталар (жаңа дизайны);

1999 жылы 1998 жылғы үлгідегі номиналы 5000 теңгелік банкноттар;

2000 жылы 1999 жылғы үлгідегі номиналы 200 және 500 теңгелік банкноттар (дизайны өзгертілген),

2000 жылғы үлгідегі номиналы 1000 және 2000 теңгелік банкноттар (дизайны өзгертілген);

2001 жылғы үлгідегі номиналы 100 теңгелік банкноттар (дизайны ішінара өзгертілген);

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған 2001 жылғы үлгідегі 5000 теңгелік мерейтойлық банкноттар;

2001 жылғы үлгідегі 5000 теңгелік банкноттар (дизайны ішінара өзгертілген).

2003 жылғы үлгідегі номиналы 100 теңгелік банкноттар;

1999 жылғы үлгідегі номиналы 200 және 500 теңгелік банкноттар (дизайны ішінара өзгертілген) шығарылды.

2003 жылғы үлгідегі номиналы 10 000 теңгелік банкноттар.

2006 жылы: 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттар (мүлде жаңа дизайн).