Лауазымын асыра пайдаланған ҚТЖ шенеунігі сотталды
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров айтты.
"Астана қаласының қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ филиалы – "Автоматтандыру және цифрландыру дирекциясы" директоры С.Амринға қатысты үкім шығарды. Ол өзінің жеке тұрғын үйінің құрылыс жұмыстарымен айналысып жүрген танысын жалған инженер етіп жұмысқа орналастырып, билігін асыра пайдаланып, заңсыз жалақы түрінде мемлекетке 21 миллион теңге залал келтіргені үшін кінәлі деп танылды", – деді ресми өкіл.
Оның дерегінше, оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.