Жаңалықтар

Рудный қаласында Бейімбет Майлинге арналған мурал ашылды

Сурет: Қостанай таңы басылымы

Алматыдан алдырған суретшілер классик жазушының бейнесін бір аптада салып шыққан.

14 қараша күні Рудный қаласында қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі, драматург, ақын, жазушы Бейімбет Майлиннің құрметіне арналған мурал ашылды, деп хабарлады turkystan.kz.

Қала орталығындағы Ленин көшесі, 215 мекенжайындағы үйге көрік берген туынды Б.Майлиннің 130 жылдық мерейтойына орай жасалып, қоғам назарын ұлы тұлғаның әдеби мұрасына аударуға бағытталған.

Муралдың ашылуына қаланың зиялы қауым өкілдері, мектеп оқушылары мен қала тұрғындары қатысты. Іс-шара аясында Б.Майлин атындағы мектеп-гимназиясына экскурсия ұйымдастырылып, оқу орнының кітапханасы мен музейіне таныстырылды. Мектеп оқушылары «Шабыт» театр үйірмесінің «Би-ағаның биігі» атты қойылымын ұсынып, «Бейімбет оқулары» байқауының жеңімпаздары да марапатталды.

Бейімбет Майлинге арналған бұл іс-шаралар өңіріміздің рухани өміріндегі елеулі оқиғаға айналды.

«Осы мерейтойға Қазақстанның әр түкпірінен ұрпақтары келіп отырмыз. Рудныйда Б.Майлин атындағы мектеп-гимназия бар, осы оқу ошағының басшылығымен біз өте тығыз байланыстамыз. Бүгін, міне, көрсең көз тоятын әдемі туындының ашылуына келіп тұрмыз. Тұлғаның рухына тағзым етіп, құрмет көрсетіп жатқан жерлестеріне мың алғыс. Атамыздың ұрпақ үшін жасаған еңбегі, қалдырған мұрасы ұшан-теңіз. Соны әр қазақ баласына оқытып өсірсе, ол мәдениетке жақын болады, ұлттық мүдде үшін аянбай қызмет етеді», – дейді Бейімбет Майлиннің шөбересі әрі «Майлин қорының» директоры Салтанат Мұстафина.

Ол Тобыл-Торғай өңірінде өткізілетін іс-шараларға қатысуға Алматыдан арнайы келген.

Мурал «QС holding» компаниясының осы мерейтой қарсаңындағы Рудный қаласына тартуы. Алматыдан алдырған суретшілер классик жазушының бейнесін бір аптада салып шыққан.

«Осы үйді алдыңғы жылы жаңартып берген де біздің компания еді. Осы мекенжайдағы үйді біз Бейімбет Майлин үйі деп атап, мурал салдырдық. Кешелі бері бұл қалада Бейімбет оқулары өтіп жатыр. Одан жүлделі орын иеленген балаларға бағалы сыйлықтарымыз бар. Оқушылар жазушының сегіз шығармасын оқып, сынға түсті. Барлық идея компания басшысы Нұралхан Әмірханұлының бастамасы. Муралды салуға да сол кісі бастамашы болды», – дейді аталған компанияның PR бөлімінің жетекшісі Айза Әбіләкім.