Жаңалықтар

Мәжілісте креативті индустрияны дамыту мәселелері талқыланды

Суретті түсірген Т.Таныбаев.

Отырысты ашқан Асхат Аймағамбетов креативті экономиканың жан-жақты дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің жетекшілігімен «Креативті индустрияны дамыту» тақырыбында отырыс өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

Жиынға Мәдениет және ақпарат, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Әділет, Ұлттық экономика министрліктерінің басшылары мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері, сондай-ақ креативті индустрия саласының сарапшылары қатысты.

Отырысты ашқан Асхат Аймағамбетов креативті экономиканың жан-жақты дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

– Бүгінгі таңда Креативті индустрияларды дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Дегенмен «Креативті индустрияға не жатады?» деген сұрақ әлі күнге дейін толық шешімін таппаған. Әр маман бұл туралы әртүрлі пікір айтады. Бірі креативті хаб құру жеткілікті десе, енді бірі қаржылай қолдау немесе салықтық жеңілдіктер қажет деп санайды. Кейбірі «бізге кедергі жасамасаңыздар болды» дейді. Сондықтан бұл мәселені кешенді түрде қарастыруымыз керек, – деді А.Аймағамбетов.

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев баяндамасында креативті индустрияның әлеуеті зор екенін айтып, елімізде бұл саланың толыққанды дамымау себептеріне тоқталды.

– БҰҰ креативті индустрияға дизайн, сән, өнер, кино, музыка, медиа, компьютерлік графика және басқа да салаларды жатқызады. Бұл бағыттар бюджетке айтарлықтай табыс әкелуі мүмкін. Бірақ Қазақстанда 2015 жылдан бері салада айтарлықтай ілгерілеу байқалмай отыр. Біз әлемде креативті индустрия бойынша 84-орында қалып отырмыз. Саланы негізінен талантты жеке тұлғалар ұстап тұр, – деді ол.

Bravetalents медиакомпаниясының негізін қалаушы Алмас Жәли жеке кино өндірушілердің салықтық және шығын мәселелеріне тоқталып, креативті индустрияны Астана хабына қосу туралы ұсыныс жасады. Сондай-ақ салаға салықтық жеңілдіктер енгізуді ұсынды.

Депутат Ерлан Стамбеков авторлық құқықты мемлекеттік тіркеу мәселесін көтерсе, Жұлдыз Сүлейменова зияткерлік меншік пен авторлық құқық туралы заңнаманы жетілдіру, гранттар бөлу және қаржылай қолдау шараларын нақтылау қажеттігін айтты.

Отырыс барысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жетекшілік ететін жұмыс тобында талқыланатын болады.