Түркістан тұрғыны 80 адамды алдап, 337 млн теңге алған
Түркістан облысында полиция 80-нен астам тұрғынды алдап, 337 миллион теңге шығын келтірген күдіктіні ұстады.
Түркістан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының “Киберпол” арнайы тобының қызметкерлері облыс аумағында интернеттегі алаяқтық қылмыстарына қатысы бар 34 жастағы ер адамды ұстады.
Аталған күдікті жәбірленушілерге «ақша қаражаттарыңызды көбейтіп беремін» деп сенімдеріне кіріп, онлайн-несие рәсімдеген. Алаяқтық жолмен тапқан қаражатты жеке басының пайдасына жаратқан. Тексеру кезінде күдіктінің жалпы 87 жағдайға қатысы бар екені дәлелденді.
Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 337 миллион теңгеден асты. Күдікті қамауға алынды.
Сонымен қатар интернет алаяқтық қылмыстарына қатысы бар 22 жасар жас жігіт анықталды. Оны облыс полицейлері Алматы қаласынан ұстады. Күдікті әлеуметтік желіде жиһаз құрастыру бойынша жалған парақшалар ашып, жәбірленушілердің тапсырысын қабылдап, ақшаларын иемденіп отырғаны белгілі болды. Күдіктінің Түркістан облысы көлемінде 4 қылмыстық іске, ал республика бойынша 18 іске қатыстылығы анықталып отыр. Тергеу жалғасуда.