Жаңалықтар

Қазан айында Қазақстанда инфляция күшейген

istockphoto.com

Қазан айында елдегі жылдық инфляция өсіп, 8,5%-ды құраған (қыркүйекте – 8,3%).

10 аймақта жылдық инфляция баяулап, 8 өңірде күшейіп, 2 өңірде өзгеріссіз қалған. Ең жоғары инфляция Астана қаласы мен Маңғыстау облысында тіркелді. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.

Қазанда азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 4,9%-ға дейін баяулаған (қыркүйекте – 5,1%). Осы топтағы тауарлардың бағасы Алматы қаласында (7,4%) айтарлықтай жоғары, ал Түркістан облысында (2,7%) мейілінше баяу өскен.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны ж/ж 7,8%-ға дейін күшейген (қыркүйекте – 7,6%). Ең жоғарғы көрсеткіш Түркістан облысында (13,2%), ең төменгі көрсеткіш Жетісу облысында (5,0%) тіркелді.

Қазанда ақылы көрсетілетін қызмет бағасы 14,3%-ға дейін қымбаттады (қыркүйекте – 13,6%). Сонымен қатар, Павлодар облысында баға (18,1%) жалпы республикалық деңгейден біршама жоғары, Алматы облысында (8,3%) айтарлықтай баяу өсті.

Қазанда ел бойынша айлық инфляция 0,9% болды. Бұл бұрынғы орташа мәнінен жоғары (2017-2021 жылдардағы қазанда 0,7%).