Жаңалықтар

Павлодар облысында сәбіз бен картоп далада шашылып жатыр

фото: видеодан скриншот

Ол жер Павлодардан Ақтоғайға баратын автожолдың 63-ші шақырымында деп көрсетілген.

Әлеуметтік желілерде қар үстінде тонналап шашылып жатқан сәбіз бен картоптың бейнежазбасы тарады. Бейнежазбаны түсіруші әйел адам оның Павлодар облысындағы Ақтоғай ауданына апаратын жол бойында жатқанын жеткізген.

Видеоны түсіруші адам иен далада тау-тау болып шашылып жатқан сәбіз бен картопты кез келген адам қалағанынша алып кете алады деп баяндайды. Әрі ол жер Павлодардан Ақтоғайға баратын автожолдың 63-ші шақырымында деп көрсетілген.

Әлеуметтік желіде бұл видеоның астына жұртшылық жүздеген пікір жазып қалдырған. Тұрғындардың ойынша, «фермер мол өнімді далаға лақтырмай көпбалалы отбасылар мен жалғызілікті адамдарға, жетімдер мен қарттар үйіне таратып беруі керек еді. Тіпті болмағанда, жақын маңдағы ауылдарға апарып берсе, жергілікті адамдар малдарына турап берер еді»,-деп есептейді көпшілік.

Белгілі болғандай, ауыл шаруашылық өнімдері жергілікті фермерлік шаруашылықтан шыққан.

«Бұл видеода Ақтоғай ауданының Исантерек ауылында орналасқан «Молочное село» фермерлік қожалығының өндірістік қалдықтары: танаптардағы қарашірік, өсімдіктердің сабақтары және сатуға, сақтауға жарамсыз өнім көрсетілген. «Молочное село» фермерлік қожалығы өндіріс қалдықтарын және кондициялық емес өнімдерді тұрғындардың шаруашылық мұқтаждықтары үшін іріктеуіне рұқсат етілген арнайы бөлінген аумаққа шығаруды жүзеге асырады. Одан әрі ол қалдықтар егістіктерге апарып төгіледі»,-деді Ақтоғай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінен.