Жаңалықтар

Моңғолиядан Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттар табылды

Мәдениет және ақпарат министрлігі

Киноқұжатта қазақстандық делегацияның жергілікті қазақтардың тыныс-тіршілігімен танысуы туралы деректер бар.

90 фотоқұжат және жалпы ұзақтығы 92 минуттық киноқұжаттың көшірмесі алынды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.

«Архив – 2025» кешенді жоспары аясында шет ел архивтерінен Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты тарихи құжат жинақтау мақсатында ҚР Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің делегациясы Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласына іссапармен барды.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында Моңғолия Ұлттық архивінен Қазақстанға қатысты құжаттар анықталып, 90 фотоқұжат және жалпы ұзақтығы 92 минуттық киноқұжаттың көшірмесі алынды.

Киноқұжатта Баян-Өлгей аймағының он және жиырма жылдығына арналған бейнеқұжаттары, қазақстандық делегацияның жергілікті қазақтардың тыныс-тіршілігімен танысуы туралы деректер бар. Ал фотоқұжаттарда Баян-Өлгей аймағындағы қазақ халқының тұрмысы, жергілікті театр әртістерінің қойылымдары, әр жылдары Моңғолия еліне сапарлаған қазақстандық өкілдер бейнеленген.