Астаналық ер адам мұз астына түсіп кетті
Ер адам мұзды суда жарты сағаттай болған.
Түнгі уақытта жағалау маңындағы аумақты патрульдеумен айналысқан тәртіп сақшысы Алдияр Жарылғасынов белсенді түрде қол бұлғап, назар аударып тұрған екі адамды байқайды. Жақындап келе жатқанда, өзенді жұқа мұзбен кесіп өтпек болған ер адамның мұздай суға құлап, шыға алмай қалғанына жолдан өтіп бара жатқандар куә болғанын білді.
Оқиға куәгерлері жәбірленушіге бұтақты ұзарту арқылы көмектеспек болғанымен, олардың әрекеті сәтсіз аяқталды. Жағдайдың қиын екенін түсінген Алдияр Жарылғасынов патруль көлігінің жүксалғышынан арқан алып, суға батып бара жатқан адамға лақтырып жібереді. Полицей шамамен 10 метр қашықтықта куәгерлермен бірге әрекет ете отырып, жәбірленушіні судан алып шықты. Белгілі болғандай, ер адам мұзды суда жарты сағаттай болған.
Полицей оны жылыту үшін дереу патрульдік көлікке отырғызып, одан әрі тексеру және медициналық көмек көрсету үшін келген жедел жәрдемге тапсырды.
Алдияр Жарылғасынов ішкі істер органдарында 10 жылдан астам қызмет етіп, полктегі қызметін қатардағы сержант шенінен бастаған. 2023 жылдың шілдесінен бастап взвод командирі қызметін атқаруда. Болған оқиғаны еске түсіре отырып, ол оның ең бірінші ойы ер адамға суық өтіп кетпей аман қалу үшін мүмкіндігінше тезірек көмектесу екенін атап өтті.