Жаңалықтар

Каспий жағалауында қырылған итбалық саны 850-ге жетті

istockphoto.com

Ақтаудағы демалыс базаларынан бастап Құрық портына дейінгі аралықтан тағы 115 итбалықтың өлексесі жиналған.

Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында өлген итбалықтар саны артты.

Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Андрей Руцкийдің айтуынша, кешеден бері Ақтаудағы демалыс базаларынан бастап Құрық портына дейінгі аралықтан тағы 115 итбалықтың өлексесі жиналған. Сонымен қырылған итбалықтардың саны - 850-ге жетті.

«Біздің инспекторлар, экологтар, әкімдік қызметкерлері мен қоғамдық бірлестік өкілдерінен құрылған жұмыс тобы жағалауды тексеріп жатыр. Енді тау-тасты жағажайлар қалды. Оларға көлікпен бару мүмкін емес, жаяу аралайды», – дейді инспекция басшысы.

Андрей Руцкийдің айтуынша, соңғы табылған теңіз сүтқоректілерінен сынама алу мүмкін емес. Мамандар итбалықтардың үшінші, төртінші сатыда бұзылып кеткенін айтқан. Ал өткен айдың соңында алынған сынамалардың қорытындысы әлі шықпаған.