Ақтөбеде тікұшақ құлап, бір адам қаза болды
Жергілікті жерде ведомствоаралық жедел топ жұмыс істеуде
Бүгін, 9 қарашада Ақтөбе облысы Сарыжар ауылының маңында Әуе қорғанысы күштері әскери институтының Ми-8 тікұшағы оқу-жаттығу ұшуларын орындау кезінде апатты жағдайда қонды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.
"Бортта болған 3 экипаж мүшесінің 2-еуі ауруханаға жеткізілді. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді. Экипаж мүшелерінің бірі қаза тапты. Авиациялық оқиғаның алдын-ала себебі – техникалық ақаулық. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Жергілікті жерде ведомствоаралық жедел топ жұмыс істеуде", – делінген хабарламада.
Қарулы күштердің басшылығы мен Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Оның туыстарына, сондай-ақ зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіледі.