«73 млн теңгесін алған»: алаяқтық жасады деп айыпталған зейнеткер бес жылға сотталды
Үкім заңды күшіне енген жоқ
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары айыпталушы, карьер иесі С.Кокановті ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен аса ірі мөлшерде бөтен мүлікке құқықты иемдену) айыпты деп таныды.
Сотпен анықталғаны, С.Коканов 2023 жылдың қаңтарында жәбірленуші С.-пен куә А. арқылы танысқан.
"Жәбірленуші С.-тің тас карьерін сатып алуға ниеті болғанын түсініп, бөтен мүлікті алдау, жымқыру немесе сенімді теріс пайдалану арқылы жәбірленушіге аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау ойы пайда болған. 2023 жылдың 1 ақпанында С.Коканов өз үйінде жәбірленуші С.-тен 30 млн. теңге келісілген ақшаның бір бөлігін (задаток) алған", – делінген сот хабарламасында.
Бұдан әрі С.Коканов 2023 жылдың 4 сәуірінде өзінің алаяқтық әрекетін жалғастырып, жәбірленуші С.-қа «ертең нотариусқа барамыз» деп, келісілген ақшаның қалған 43 млн. теңгесін алған.
Содан кейін С.Коканов өзінің алаяқтық әрекеттерін жасыру үшін, нотариустың көзінше «жетіспейтін құжаттарды бірнеше күннен кейін әкелемін» деп, жәбірленушіні сендіріп, нотариалдық кеңседен кетіп қалған.
Осылайша, С.Коканов қасақана, қылмыстық іс-әрекеті салдарынан жәбірленуші С.-ке жалпы сомасы 73 млн. көлемінде материалдық шығын келтіріп, осы күнге дейін шығынды өтемеген.
Сотталушы С.Коканов кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады.
"Сотталушының кінәсі жәбірленуші мен куәлерден жауап алу хаттамаларымен, дыбыс-бейне жазбаларымен, ақша аударымдарымен және істегі басқа да құжаттармен дәлелденді. Сот С.Кокановқа жаза тағайындау барысында, оның қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайларға зейнеткерлік жасын ескеріп, ал ауырлататын мән-жайларды анықтамады", – делінген соттың баспасөз қызметінің мәліметінде.
ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағының санкциясында - мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
2024 жылдың 7 қарашасында сот үкімімен С.Коканов ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде көзделген ең төменгі жаза тағайындалды. Жәбірленушінің талап арызы толық қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.