Көлік жүргізушісі TikTok-тағы видеосы үшін қамауға алынды
Астанада Lexus көлігінің жүргізушісі TikTok желісіндегі видеосы үшін қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен айырылды.
Бұл туралы Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде Lexus автокөлігінің жүргізушісі көлігіне жалған мемлекеттік нөмірлер тағып, жол ережесін бұзып жатқаны түсірілген видео тарады.
Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, әрекеті үшін өкінетінін айтты. Ол бұл видеоны TikTok желісінде жариялау үшін түсіргенін айтты.
"Сот қаулысымен Б құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, бес тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалды", – делінген сот хабарласында.