Тамара Дүйсенова Қарағанды облысындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады
Вице-премьердің жұмыс сапары Бұқар жырау ауданының Самарқанд ауылынан басталды. Мұнда қазір «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталуға жақын. Бұрынғы ғимарат өртеніп, дәрігерлер қазір науқастарды бейімделген орында қабылдауда. Медициналық мекемеге Самарқандтың 1,3 мың тұрғыны және жақын маңдағы төрт ауыл тіркелген.
«Бізге жаңа ғимарат салып беріп жатқандарына барлық тұрғын қуанышты. Мұнда процедуралық кабинет, зертхана жұмыс істейді. Физиотерапиялық ем мен иммунопрофилактика жүргізіледі. Бізде дәріхана қоймасы да болады. Яғни азаматтар өздеріне тиесілі тегін дәрі алу үшін енді қалаға немесе ауданға сабылмайды», — деді медбике Әсем Жаудина.
Медициналық мекеме 1300 адамға қызмет көрсетеді: Самарқанд ауылы мен жақын маңдағы тағы 4 ауылдың тұрғындары енді осы мекемеге келе алады.
Жалпы Қарағанды облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында 92 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 14 нысан 2023 жылы пайдалануға берілді. Ал осы жылдың соңына дейін тағы 27 нысан ашылады. Қалғандары келесі жылы бітуі тиіс. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл тұрғындарын қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысымен танысты. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында оның тиімділігін жоғары бағалаған болатын. Бағдарлама ауыл тұрғындарының кірісін арттыруға және жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына Петровка ауылында мал өсіретін кәсіпкер Темірлан Қанатов та қосылды. Жас кәсіпкер ауылда өз ісін дамытуды көздейді. Жеңілдетілген несие рәсімдеп, 11 сауын сиырды сатып алған. Сауылған сүтті жергілікті кәсіпорындардың біріне өңдеуге өткізіп отыр.
«Ауыл тұрғындары үшін осындай бағдарлама болғаны тиімді. Бізде өз ісімізді ашуға мүмкіндік бар. Ең бастысы – өнімді өткізу жолының жүйесін қалыптастырды. Бізде бәрі жақсы, ешқандай проблема жоқ. Барлық сүтті өткізіп отырмыз. Ал түскен қаражатқа малға жем-шөп сатып алдым, электр қуаты үшін төледім, малды қыстатуға орын дайындадым. Болашақта кәсібімді дамытып, сүт өңдеу мен сүт өнімдерін өндіру цехын ашқым келеді», — дейді Темірлан Қанатов.
Ботақара кентінің тұрғыны Андрей Степаненко Кәсіпкерлікті қолдаудың біріңғай кешенді бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алған. Көлік жөндеу орталығы үшін қажетті құрал жабдық сатып алыпты. Бұрын жұмыссыз болған және екінші топтағы мүгедектігі бар. Қазір ол тек өзін жұмыспен қамтып қана қоймай, екі ауылдасына табыс көзін тауып берді. Алдағы уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Премьер-министрдің орынбасары өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевпен бірге «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру бойынша кеңес өткізді. Оған облыстың аудан және ауылдық округ әкімдері қатысты. Бағдарламаның республикалық мониторингінің нәтижесі баяндалып, басқа облыстарда жүзеге асырылған үздік жобалар үлгі ретінде таныстырылды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жобаның ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие екеніне тоқталды. Былтыр 456 шағын несие берілген. Оның көпшілігі жеке қосалқы шаруашылық иелеріне арналған. 639 жұмыс орны ашылып, 62 ауылшаруашылық кооперативі құрылды.
Кеңес барысында екі ірі кәсіпорын – Kazakhmys және Qarmet компанияларымен меморандумға қол қойылды. Олар қызметкерлерін тамақтандыру үшін жергілікті өнімді сатып алмақ.
«Президенттің тапсырмасымен біз “Ауыл аманаты” жобасының аймақтарда қалай жүзеге асырылып жатқанына мониторинг жүргіздік. Қарағанды облысында берілген несиенің арқасында өз кәсіптерін ашқан жандармен кездестік. Өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырған олар осындай мүмкіндік үшін ризашылық білдіруде. Негізгі міндеттердің бірі – өнімді сатуды ұйымдастыру. Осы мақсатта бүгін меморандумдарға қол қойылды. Бұл екі компанияда 63 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ал жұмысшыларды тамақтандыруға жұмсалатын шығын 10 млрд теңгеден асады. Меморандум нақты нәтиже беруі керек. Бұл ірі кәсіпорындарға өңірдің экономикасына үлес қосуға мол мүмкіндік. Ал ауыл тұрғындары өзінің стандарттарға сай келетін өнімдерін сата алады», — деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.
Ол ауыл әкімдерінің міндеті мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпаратты әр тұрғынға жеткізу екенін атап өтті.
Вице-премьер сондай-ақ спортты дамыту мәселелері бойынша Қарағанды облысындағы спорт ұйымдары мен балалар-жасөспірімдер мектептерінің басшыларымен кеңес өткізді. Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев жоспарланған өзгерістер туралы баяндады. Спорттық қауымдастық балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерін қаржыландыруға арналған жан басына шаққандағы нормативті енгізу туралы өз ұсыныстарын білдірді. Келесі жылдан бастап бұл норма пилоттық жоба ретінде, оның ішінде Теміртау қаласында да сынақтан өткізіледі.
Тамара Дүйсенова айтылған пікірлер мен ұсыныстарды арнайы құрылған жұмыс тобы мұқият қарайтынын атап өтті.