Темірхан Медетбек: Елдің болашағына сену керек
– Темірхан аға, ширек ғасырдай уақыттан соң өткен жылы «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы қалпына келтіріліп, әдебиетімізге еңбегі сіңген тұлғаларға беріле бастады. Биыл сол атақ берілген қаламгерлердің қатарында сіздің де болуыңыз – әдебиетті құрмет тұтатын қауымды қуантқаны анық. Атағыңыз құтты болсын!
– Рахмет! Қаламгер үшін әдебиетте еңбегің бағаланғаны жақсы ғой. Бірақ мен ешқашан атақтың ізінен жүгірген, атақ үшін жазған адам емеспін. Қаламгерлік күш-қуатымды халқымның көркем сөзіне арнау – мен үшін ең үлкен парыз. Әрдайым солай ұғындым, сол ұстаныммен өмір сүріп келе жатқан ақынмын.
– Адамның қалыптасуына туған жер, өскен ортаның тәлімі, өнегесі әсер болса керек, сіз киелі Түркістан топырағында туған ақынсыз ғой...
– Әрине, оған сөз бар ма! Мен Түркістан қаласының маңындағы Аманкелді колхозында (қазіргі Нұртас ауылы) дүниеге келгенмін. Ол – Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы – Министрлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, 13 жыл ел үкіметін басқарған Нұртас Оңдасыновтың кіндік қаны тамған жер. Ол кезде ауылда 7 жылдық орталау мектеп болатын, соны бітірген соң Түркістан қаласына көшіп, орта мектепті сонда тәмәмдадым. Мектеп бітірген соң колхозда екі жыл жұмыс істедім.
– Әскерге бармадыңыз ба сонда?
– Иә, бармадым. Оқуға кетер кезде әскерге алмақшы болған, бірақ бір себептермен кетпей қалдым. Сосын Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институты (қазіргі Ұлттық педагогика университеті) Филология факультетіне оқуға түстім. Оқу бітірген соң тағы да әскерге шақырып еді, бірақ атақты ғалым, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин алып қалды. Биыл «Қайран өмір» атты кітабым жарық көреді, бұйырса. Сонда өз өміріме қатысты осындай жайлар туралы айтылады.
– Әдебиетке өткен ғасырдың 70-жылдарында келіп, өте өнімді еңбек еттіңіз. Поэзияда көптеген эксперимент жасадыңыз. Әсіресе, өлеңде термин сөздерді көп пайдаланған ақын ретінде ерекшеленіп көріндіңіз...
– Ол да бір ізденістің түрі ғой. Қазақ әдебиетінде, әсіресе поэзияда қала өмірі, урбанизация құбылысы көрінбеді ғой, сол олқылықтың орнын толтыруды мақсат еткен едім. Әрине, оны түсінгендер болды, жатырқай қарап жақтырмағандар да табылды. Алайда әр нәрсенің орны бар ғой. Ол өлеңдер де өз қызметін атқарды деп ойлаймын. Бірақ оқырмандардың мұндай шығармаларды қабылдауға әлі дайын емесін сезіп, басқа бағытқа бұрылдым.
– Дегенмен қазақ өміріне кіріп, орнығып жатқан техника жетістіктері заманының ерекшеліктерін жырлаған сол кездегі туындыларыңыз өзгеше бір соны бағыт еді.
– Оны жоққа шығармаймын.
– Терминдер символ ретінде алына отырып, ғылыми-техникалық революция сырына үңілдірген сол жырларыңыз қалай сыналды?
– Менің сол сипаттағы өлеңдерімді қазақтың белгілі ақыны Қадыр Мырзалиев сынап тастады, термині көп деп. Мақаласының аты «Көздің сәулесі, сөздің әуресі» болуы керек. Мен, әрине, о кісіні түсінемін. Қадыр –ұлттық поэзияны дамытуға көп еңбек сіңірген ақын. Ол – ұмытылып бара жатқан қазақи болмысқа тән ерекшеліктерді жырлаған, соны бүгінгі қазаққа өнеге еткен ақын. Оның «Көкпар», «Бабамыздың шоқ басқан табанымен» сияқты көптеген ғажайып жыры ұлттық рухты сіңірген туындылар еді. Қадағаңның мені сынағанын өте дұрыс деп санаймын. Бірақ жалпы алғанда о кісімен екеуміздің позициямыз қайшы келген жоқ. Әдебиетте ондай әралуан көзқарастар бола береді. Мен ол кісінің поэзиясы туралы мақалалар жаздым. Ағамыз оны жылы қабылдады.
– Қадыр Мырза Әлидің «Иірім» атты әдеби эссе кітабында сіздің «Шекарадағы торғайлар» атты өлеңіңіздің сол кездегі кеңестік цензурадан зардап шеккенін жазған екен...
– Иә, «Жазушы» баспасының бас редакторы болған Есет Әукебаев деген кісінің «саяси қырағылығының» кесірінен шыққалы тұрған кітабымнан «Шекарадағы торғайлар» деген өлеңім алынып тасталғаны бар. Әйтпесе, ол өлең баспасөзде жарияланған ғой. Баспаға кітабымның жағдайын білейін деп барсам, Сағи Жиенбаев ағам «Айналайын-ау, үш күннен бері сенің кітабыңды жыртумен әуре болдық қой» дейді. Сөйтсем, әлгі өлеңімді Есет Әукебаев «Бұл совет өкіметіне қарсы жазылған өлең. Біздің елде тоғайлар ешқашан аш болмаған. Шекараның арғы жағынан бергі жағына шөп тасып ұя салмаған. Басқа елдің дәнін жемеген. Бұл не деген саяси сауатсыздық» деп алдырып тастатқан. Басылып кеткен кітаптан әлгі өлеңді жырттырып, оңдырмай шығарды. Солайша, тырнақ астынан кір іздеумен өткен «үш әріптің» сауатсыз адамның кесірінен кітабым зиян шекті. Әйтпесе: Бергi беттегi ұяға Арғы беттен жем iздеп, Арғы беттегi ұяға Бергi беттен жем iздеп – Жүрсе егер тiрлiк қамымен Өттi деме ел iздеп – Өз елiм дейдi ол бәрiн де Кетпесе шайып теңiз кеп... Тынбастан бәрi ұшады Күнiне мың кеп, мың өтiп, Шекараны бұзады Шекарадағы торғайлар Тiршiлiк үшiн күресiп! – деген өлеңнен қандай саяси қате табуға болады? Құстардың шекараны мойындамайтыны, кез келген сәтте қалаған еліне ұшып бара беретіні балаға да белгілі нәрсе емес пе?!
– Әлгінде айтып өткен, техника ғасырының тыныс-демін суреттейтін бағыттағы жырларыңыздан соң «Көктүріктер сарыны» кітабыңызға дейінгі аралықта «Көгершін қауырсындары», «Аңқа кептірген аңызақ», «Тағдырлы жылдар жырлары» секілді өзгеше өрісті кітаптарыңыз жырсүйер қауымның үлкен қызығушылығын тудырды. Әсіресе, «Аңқа кептірген аңызағыңыз» оқырмандардың, әдеби ортаның да лайықты бағасына ие болды...
– Өзің айтып отырған кезеңде жарық көрген кітаптар классикалық үлгіде жазылған еді. Олардың бәрі оқырмандар қазынасына айналғаны содан шығар. «Аңқа кептірген аңызақты» қазақтың аса көрнекті жазушысы Әбіш Кекілбаев қатты ұнатып, осыны Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну керек деп жүрді.
– Сол кітаптың ішінде «Мұқағали қайтқанда» деген керемет бір өлең бар еді...
– Мұқағали Мақатаевтың дүние салғанын Маңғыстауда жүргенде естідім. Сен айтып отырған өлең сол кезде жазылған еді. Өлең сол бойда «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жарияланды, Мұқағали қайтыс болғанда шыққан алғашқы арнау жыр болды. Мақатаевтай марғасқа ақынның аяқ астынан дүниеден өтуі бәрімізге қатты әсер етті. (Одан жеті жыл бұрын Төлеген Айбергенов қайтыс болған). Олардың бәрі 60-жылдар поэзиясын тудырған қуатты толқынның өкілдері еді ғой. Үлгі тұтатын едік. Бұлардан соң Жұмекен Нәжімеденов пен Сағи Жиенбаевтың пәни жалғанда дәм-тұзы таусылғанда қазақ әдебиетінің тұтас бір ұлы дәуірінің қабырғасы сетінегендей болды...
– Нағыз қайнаған әдеби ортада жүріп, поэзиямен беріле айналысатын кезде ширек ғасырдай уақытыңыз Маңғыстауда өтіпті. Ол жаққа қалай барып қалдыңыз?
– Алматыда тұру мүмкін болмады. Үй жоқ, жұмысқа да ала қоймады. Сосын Маңғыстауға кетіп, сол жақта біраз жыл бірқатар геологиялық-барлау экспедицияларында жұмысшы болдым. 1973 жылы Маңғыстау облысы ашылғаннан кейін облыстық газетте әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып еңбек еттім. 1990 жылы және еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы кезеңде республикалық Egemen Qazaqstan газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, кейін Маңғыстау облыстық радио және телевидение комитетінің төрағасы қызметтерін атқардым. 1996 жылы Жазушылар одағына Нұрлан Оразалин бірінші хатшы болып сайланған кезде Әбіш Кекілбаев пен Шерхан Мұртазаның ұсынысымен Жазушылар одағына екінші хатшы болып жұмысқа келдім. Бұрын да ол ағаларым Алматыға шақырып, үй мәселесі шешілмеген соң тұрақтай алмағам. Ал бұл жолы Меңдеш Салихов деген бизнесмен жігіт Алматыдан 4 бөлмелі үй сатып алып берді. Соның арқасында талай жыл армандаған әдеби ортаға келдім.
– Екінші хатшы қызметін неше жыл атқардыңыз?
– Менің Жазушылар одағындағы қызметім – одақ басшысының шығармашылық бойынша орынбасары. Ол орында 6 жыл қызмет атқардым. Кейін «Ақиқат» журналына редактор болдым. Одан соң «Жұлдыз» журналына да басшылық еттім. Екінші хатшы кезімде Одақ жұмысына қатысты көптеген ұсынысым болды. Соның бірі – авторларды мүшелікке қабылдау мәселесі еді. Мен адамдарды топ-тобымен одаққа мүше қыла беруге қарсы болдым.
– «Көктүріктер сарыны» атты ерекше кітабыңыз бар. Тек сіздің шығармашылығыңызда ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінде оқшау, соны бағыттағы кітап. Осы бір ерекше бағытта жазуға қалай келдіңіз?
– Жалпы, ол сарын айналыста бар еді. Күлтегін, Тоныкөктердің тастағы жазуларын Мырзатай Жолдасбеков, Құлмат Өмірәлиев секілді ғалымдар қазақшаға аударып жариялады. Соның ішінде «Түрік халқым үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Қызыл қанымды төктім, қара терімді ағыздым. Күш-қуатымды аямадым. Ұзақ жорықтарға бастадым...» деген жерлері бар емес пе? Бұл дегенің сөйлеп тұрған нағыз қаһармандық поэзия емес пе? Міне, осы менің ойыма тыныштық бермеді. Бұл өзіміздің сарын, өзіміздің пішін, өзіміздің ағым, өзіміздің әдебиеттегі жолымыз ғой деп, осының бәрін мен қазақ жырына кіргізгім келді. Көп қиналдым, әрине. Көктүріктер жырын аудардым, содан кейін барып бұл жолға түстім. Соның нәтижесінде формасы ежелгі, тілі бүгінгі рухты жыр туған сияқты. Ел жақсы қабылдады. Бір қызығы, көп жұрт маған Мемлекеттік сыйлық «Көктүріктер сарыны» кітабы үшін берілді деп ойлайды екен, ал мен одан бұрын алдым сыйлықты.
– Сіз поэзияда ғана емес, сын жанрында да біз еңбек еткен ақынсыз. Ақынның сын жазуының ерекшелігі қандай?
– Әр қаламгердің әдебиетте өз таным-түсінігі, көзқарасы болады ғой. Сондықтан танымдық, талдау немесе сын мақала жазу – қаламгерлердің көбіне тән нәрсе. Мен де қолымнан келгенше өз көзқарасымды білдіріп, талай қаламгерлер туралы мақала жаздым. Абай туралы жеке кітабым бар. Мағжан, Қасым, Төлеген, Жұмекен, Қадыр, Мұқағали, Өтежан секілді ірі ақындар туралы жаздым. Тек, бір өкінішім, Ілияс Жансүгіров туралы жазбаппын. Әрине, ойдағының бәрін орындай беру оңай емес, оған уақыт, көп күш-қуат керек.
– Баяғыда қаламгерлер қауымы өз тұстастарының шығармаларын оқып, бір-бірінің туындыларына пікір айтып жатады екен. Сіздердің кездеріңізде қалай еді?
– Жастау кезімде Алматыда көп болмадым. Студент кезімде Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірашев секілді қатарластарыммен бірге жүрдім. Бір-бірімізге өлең оқып, бір-біріміздің шығармаларымыз туралы пікір айтатын едік. Бірақ ол дәурен қысқа болды ғой. 25 жасымда үш балам болды. Соларды асырау керек еді. Мен оқу бітірген соң Алматыда қала алмадым, түрлі себеппен жұмысқа тұра алмадым. Одан соң амалсыз Маңғыстауға кеттім. Дегенмен Әбіш, Шерхан ағалардың арқасында Алматыға оралдым ғой. Сол екі ағамнан көп жақсылық көргенімді ерекшелеп айтқым келеді. Олар менің жерлесім не руласым емес, бірақ үлкен адамгершілік жасады. Ол кезде қазіргідей бөліне салуға дайын тұратын әдет жоқ еді ғой, азаматтарда ірілік басым болатын.
– Қазіргі жастардың шығармашылығымен таныссыз ба? Олардың жазғандарын оқып тұрасыз ба?
– Осыдан екі-үш жыл бұрынға дейін жастарды оқып тұратынмын, ол да қалып бара жатыр, баяғыдай денсаулық жоқ. Қазір газет-журналда шыққан өлеңдерін оқып тұрам жастардың. Батырхан Сәрсенхан, Дүйсенәлі Әлімақын, тағы бір жастардың шығармашылығы туралы жаздым. Біздің жасымыздағы адамдарға жазу түгілі, оқудың өзі үлкен күш.
– Сіздерден алдыңғы буын болсын, не сіздердің қатарластарыңыз болсын, жастары 50-ден аспай жатып шығармашылық адамы ретінде тұлғалана бастайтын. Әдебиеттегі үлкен сөздерін айтып, жай қаламгер емес, ел танитын тұлға дәрежесіне көтерілетін. Қазір неге сондай құбылыс көзге түспейді?
– Әдебиетке 60-70-жылдары келген ақындардың орны бөлек қой. Олар енді қайталана қоймас. Олардың шығармашылық тағдырлары ерекше ғой, ол кезде жұрт әдебиетті сүйіп оқитын, содан ел ішінде қаламгерлердің беделі жоғары еді. Ал қазақша басылымдар ше? Бір ғана «Жұлдыз» журналының таралымы 200 мыңнан асып жығылатын! Малшы ма, егінші ме, кімді көрсең етігінің қонышына не қолына орай ұстап, «Жұлдыз» журналын оқып жүретін. Ендеше, халқының алқауында жүрген қаламгерлер әдебиетке жан-тәнімен тер төкпей қайтсін? Ал бүгінгідей халықтың рухани жадап-жүдеген шағында өткен шақтағы жетістіктер қазіргінің адамына ертек сияқты көрінетін шығар. Мына заман адамдарды топастықтың батпағына батырып, сауатсыздандыратын бағытқа бет түзеген сияқты. Мен содан қорқамын. Ендеше, мұндай кезеңде тұлға қайдан шықсын, шықса да оны жұрт тани қояр ма екен?
– Бұрын зиялы қауымның халыққа беделі жоғары еді. Бірақ кейінгі дәуірде халық пен зиялы қауымның арасы алыстап кетті ме, әйтеуір бір түсініксіз жағдай бар. Әлде бізде ел сыйлайтын кісі қалмады ма, немесе барын бағалай алмай жүрміз бе?
– Әдебиетте болсын, мәдениетте болсын, не басқа салаларда болсын – ел сыйлауға тұрарлық азаматтар бар ғой. Бірақ ел оның жасап жатқан істерінен хабарсыз болса, кімді кім таниды? Айталық, қаламгерлерді... Егер ақын-жазушының жазғанын оқымаса, ел оны қайдан біледі? Бірақ бір нәрсе анық: қай нәрсенің де ақыры бар. Заман да, адам да бұлай кете бермес! Бір жерге барып тоқтар. Жаманшылыққа тыйым салатын, адамның қадір-қасиетін сезініп, адамгершілік қасиеттің жоғары бағаланатын кезі де келер. Барлық нәрсені ақша шешеді дейтін оспадарсыздық та тыйылар. Қазірдің өзінде оның шет-жағасы көрініп жатыр. Мәселен, Жапонияда, АҚШ-та, Еуропаның көптеген елінде адамдар кітап оқуға қайта оралып жатыр. Адам өзіне рухани нәрдің бастауындай болған кітап әлеміне оралса, адам да, қоғам да түзелер. Қалай да «үмітсіз – шайтан». Елдің болашағы түбі жарқын болатынына мен де сенемін, сен де сенесің. Солай ғой?! Ендеше, қазақтың бағы жанып, абыройы асқақтайтын заман алда, ол көп күттірмей келеді деп, әңгімемізді көңілді аяқтайық.
– Уақыт бөліп, мәнді әңгіме айтқаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Аман болыңыз!
Сұхбаттасқан – Ахмет ӨМІРЗАҚ