2025 жыл – жұмысшы мамандықтар жылы
Қарапайым жұмысшылардың жалы көтеріле ме?
Әжетхана жуушының бір күні
Хираяма Токио қаласындағы көпшілік орынға арналған жерлердегі әжетханаларды тазалайды. Ол өзінің жұмысын асқан ыждаһаттылықпен, жауапкершілікпен әрі тиянақты істейді. Өз жұмысын мақтан тұтады. 24 сағатының әр минуты өлшеулі, жоспармен құрылған. Әр күні таңғы 5-те тұру – әдеті. Гүлін суғарып, таңғы асын ішіп, ескі көлігін оталдырып, үлкен қаланың әжетханаларын тазалауға аттанады. Бос уақытында музыка тыңдайды, кешке ұйқы алдында кітап оқиды. Одан бөлек, ағаштарды жақсы көреді, өсімдіктерді суретке түсіреді. Күн сайын reels пен stories-тердің қысқалығына үйреніп алғанымыз сонша, фильмнің әр сәтінен шытырман оқиға, динамика іздегенімізді жасырып не қылайын. «Әне басталады, міне басталады» деп күтіп отырасың. Бірақ кино дәл өзіміздің өміріміздегідей, күнделікті қайталана беретін әрекеттерімізден тұрады, тек біз мән бермей кеткен, бірақ маңызды сәттерді Хираяма өте жақсы байқайды. Ол әр атқан таңды ризашылықпен қарсы алады. Өз жұмысын адалдықпен, ерекше сүйіспеншілікпен істейді, ешкімді кінәламайды, жұмысына қаншама адам кедергі келтірсе де ренжімейді, өзінің әжетхана жуушы екеніне намыстанбайды, бар ойы – өзінің жұмысын мінсіз атқару. Фильмді көріп әр сәттің маңызды екенін, өмірдің мәні алғыс айту мен кешірімнен тұратынын ұғына түсесің. Бастысы, қара жұмысшы болып істейтін Хираяманың өз жұмысынан жиіркенбейтіні, керісінше соны мақтан тұтатыны таңғалдырады. Өмір жолындағы әртүрлі кедір-бұдырларға қарамастан өз өміріне қанағаттанатын, қолында бар нәрседен бақыт құрап алған Хираяманың әдемі күндері киносүйер қауымды ерекше ойлантқаны анық. Басты рөлді сомдаған жапон Коджи Якусе «Әдемі күндердегі» рөлі үшін Канндағы «Үздік актер» жүлдесін жеңіп алды.
Тарихтағы танымал мамандықтар
Адам баласы пайда болғалы көптеген елде жұмысшы мамандықтарына деген көзқарас ұзақ уақыт нашар болды. Жұмысшы табы индустриализация кезеңінде ауыр еңбекпен айналысатын, бірақ жалақысы төмен әрі әлеуметтік мәртебесі жоқ топ ретінде танылды. Дегенмен жұмысшы мамандықтары кез келген елдің индустриализациялану процесінде маңызды рөл атқарды. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Тарихқа шегініс жасасақ, XVII-XX ғасырларда сұранысқа ие мамандықтар тарихи оқиғаларға, ғылыми-техникалық прогреске, өнеркәсіптік революцияға және қоғамның даму деңгейіне байланысты өзгеріп отырды. Яғни, әр ғасырдың ерекшеліктеріне сай танымал болған мамандықтар тізімі болды. Мәселен, XVII ғасырда аграрлық экономика басым болғандықтан, ғылым мен өнеркәсіп те ептеп дами бастады. Ауыл шаруашылығы алға жылжығандықтан, фермерлердің, бақташылардың, агрономдардың еңбегі бағаланды. Әлем елдерінің бір-бірімен тығыз байланысы сауданың дамуына әсер етті. Көпестер мен теңізшілер жаңа жерлерді ашып, байлықтарды тасымалдай бастады. Осылайша, саудагерлер мен теңізшілер үлде мен бүлдеге оранды. Қолөнершілер мен ұсталар да ешкімге алақан жаймады. Киім, құрал-сайман, тұрмыстық заттарды дайындауда олар үлкен сұранысқа ие болды. Өнер мен мәдениеттің дамуы да суретшілер мен музыканттарды беделді мамандықтар қатарына қосты. XVIII ғасырда ғылым мен өнеркәсіп дамып, нәтижесінде алғашқы өнеркәсіптік революцияның алғышарттары жасалды. Осы ретте механикалық машиналарды, физика және химия салаларында зерттеу жүргізетін ғалымдар мен өнертапқыштар қоғамда жоғары бағаланды. Өнеркәсіп саласының дамуымен бу машиналары мен басқа да құрылғыларды құрастыру үшін инженерлер мен механиктер де қажет болды. Бұл ғасырда соғыс пен теңіз саяхаттары көп болғандықтан әскери мамандықтарға қызығушылардың қатары көбейді. Сондай-ақ заңгерлер мен шенеуніктер қоғамда құқықтық және әкімшілік тәртіпті сақтауда маңызды рөл атқарды. Ағартушылық дәуір әдебиет пен ғылымды тарататын адамдар, жазушылар және баспагерлер беделді бола бастады. XIX ғасырда өнеркәсіптік революция қарқынды түрде жүріп, қоғамда жаңа мамандықтар пайда болды. Зауыттар мен фабрикалардың көптеп ашылуы инженерлерді қажет етті. Теміржолдар мен көпірлер салу кең етек алғандықтан, құрылысшылар мен теміржол мамандары сұранысқа ие болды. Дәрігерлер және медбикелерде дәл осы кезеңде жетекші мамандық иесі атанды. Ағартушылық идеялардың дамуына байланысты білім беру саласы кеңейіп, мектептер мен университеттерде оқытушылар көбейді. Сонымен қатар зауыттардағы өндіріс көлемінің өсуі көптеген жұмысшы маманды талап етті. Ал ХХ ғасырда ғылыми-техникалық прогресс жылдамдап, әртүрлі салада күрделі мамандықтар қалыптасты. XIX ғасырдағы дәрігерлер, медбикелер мен ғалымдарға деген сұраныс артпаса, кеміген жоқ. Өйткені медицина мен фармацевтика саласы дами бастады. Инженерлер және IT мамандар автомобиль, радио, телевизия, компьютер технологияларының дамуы инженерлік саланың жаңа бағыттарын ашты. Адамзат баласының қиялы шындыққа айналғанда ұшқыштар, авиация мамандары, авиақұрылыс инженерлері мен техникалық қызметкерлер қажет болды. Ғылымның химия, физика және атом энергетикасы саласын зерттеушілер де қажет мамандық иесіне айналды. Сонымен қатар әлемдік экономиканың дамуы қаржы саласының мамандары – банк қызметкерлері мен қаржы мамандарына сұранысты арттырды. Көк жәшік пен радионың дамуымен бірге бұқаралық ақпарат құралдары және медиа мамандары танымал бола түсті. Осылайша, әр ғасырдағы сұраныс экономикалық даму мен қоғамдағы өзгерістерге байланысты пайда болып отырды.
Жұмысшы мамандарға әлемдегі көзқарас қандай?
Қазір әлемнің көптеген елінде жұмысшы мамандықтарға деген құрмет пен сұраныс өсіп келеді. Әсіресе, Еуропа, Солтүстік Америка және Азия елдерінде жұмысшы мамандықтар қоғамның маңызды саласы ретінде танылып отыр. Германияда жұмысшы мамандықтарына деген құрмет өте жоғары. Елде дуальді білім беру жүйесі дамыған, онда студенттер кәсіби-техникалық білім алып, сонымен бірге өндіріс орындарында тәжірибеден өтеді. Жұмысшы мамандықтары тұрақты және жоғары жалақымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар Германия үкіметі жастарды жұмысшы мамандықтарына тарту үшін түрлі гранттар мен қолдау бағдарламаларын ұсынады. Швейцарияда да жұмысшы мамандықтары беделді саналады. Елде кәсіптік-техникалық білімнің сапасы жоғары, ол жастарды нақты өндірістік дағдыларға үйретуге бағытталған. Елдің кәсіби-техникалық білім жүйесі көптеген елге үлгі, өйткені онда түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі өте жоғары. Біз мақаланың басында мысал еткен Жапонияда жұмысшы мамандықтары ерекше құрметке ие, тиісінше, олардың еңбек мәдениеті де жоғары деңгейде. Мұнда жұмысшыларға берілетін әлеуметтік кепілдіктер мен еңбек шарттары айтарлықтай жақсы. Жапония өндірістік процестердің тиімділігімен танымал, өйткені жұмысшылардың кәсіптік дағдылары бұл елдің технологиялық дамуында маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар Финляндия, Австралия, Канада, Нидерланды, Норвегия, Швеция, Скандинавия елдерінде жұмысшы мамандықтар қоғамда жоғары құрметке ие. Норвегия мен Швецияда өндіріс және құрылыс салаларында жұмысшылар жақсы жалақымен қамтамасыз етілген, мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға ие. Бұл елдерде еңбек шарттары мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары АҚШ-та құрылыс, өнеркәсіп, инфрақұрылым секілді жұмысшы мамандықтарына сұраныс артып келеді. Бұл елдерде жұмысшы мамандықтар жалақысы жоғары, тұрақты жұмыс орындары ретінде танымал бола бастады. Сонымен қатар техникалық мамандықтарды таңдаған жастарға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіле бастады. Аталған елдерде жұмысшы мамандықтарына деген құрметтің жоғары болуының себебі – олардың экономикасы мен өндірісінің табысты дамуына осы мамандық иелерінің қосқан үлесінің зор болуында. Сонымен қатар бұл елдерде кәсіби-техникалық білім беру жоғары деңгейде дамыған және мемлекет тарапынан жұмысшы мамандықтарды қолдау бағдарламалары тұрақты түрде жүзеге асырылады. Байқағанымыздай, жұмысшы мамандарға жақсы жағдай жасалған елдерде жұмысшы күші жетіспейді. Бұл елдерде жоғары технологиялар мен қызмет көрсету салалары қарқынды дамығанымен, өндіріс, құрылыс және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда білікті жұмысшы күші тапшы. Әсіресе, Германия, Жапония, Канада, АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Польша, Чехия, Скандинавия елдері (Норвегия, Швеция, Дания), Сингапур және Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмысшыларға сұраныс жоғары. Аталған елдер мигранттар үшін арнайы бағдарламалар ашып, жұмысшыларды тартуға тырысады. Ал дамыған ел тұрғындарының жұмысшы мамандықтарды таңдамауының да өзіндік себептері бар. Мәселен, жұмыстың ауырлығы және беделінің төмендігі, елде жоғары білім алуға басымдық берілуі, еңбек ақысының салыстырмалы түрде төмен болуы, қауіпсіздік және жұмыс шарттары, жергілікті тұрғындардың технологияға қызығушылық танытуы мен цифрландыру үрдісі, қартайған тұрғындар санының өсуі, жұмысшылардың миграциясы, мамандықтың автоматтандырылуы және робототехника. Бүгінде әлемнің көптеген елінде жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, кәсіби білім беруді қолдау және мамандарды әлеуметтік қорғау шаралары қабылдануда. Көп мемлекетте техникалық білім беру мекемелеріне, кәсіби даярлау бағдарламаларына инвестиция салынып, жастар арасында осы саладағы мамандықтарды таңдауды насихаттау жұмыстары жүріп жатыр. Қорыта айтқанда, дамыған елдерде жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс көбіне еңбектің ауырлығына, жалақының төмендігіне және білім беру мен еңбек нарығындағы үрдістерге байланысты туындайды. Сондықтан бұл елдер шетелдік жұмыс күшін тарту үшін арнайы бағдарламалар ашуда.
Еліміздегі көзқарас қандай?
Көптеген посткеңестік елде, соның ішінде Қазақстанда да жұмысшы мамандықтары біраз уақыт бойы төмен бағаланып келді. Өйткені жоғары білім алу және басқарушылық қызметтерге ұмтылу басым болды. Бірақ бүгінде посткеңестік елдерде жұмысшы мамандықтары қайта бағаланып, сұраныс артып келеді және олардың әлеуметтік мәртебесі де өсуде. Мемлекет тарапынан жұмысшы мамандықтарды насихаттау, техникалық колледждерге қолдау көрсету арқылы аталған салада оң өзгерістер байқалуда. Оған себеп, индустрия, автоматтандыру және жасанды интеллект технологияларының дамуы жұмысшы мамандықтардағы қажетті дағдылар мен талаптарды өзгертуінде. Бұрынғыдай қол еңбегінен гөрі техникалық білім мен арнайы дағдыларға деген сұраныс артты және бұл мамандықтардың жалақысы мен мәртебесі де сәйкесінше көтеріле бастады. Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда жұмысшы мамандықтарына деген сұраныстың артуы бірқатар маңызды себептермен байланысты болды. Одақтың индустрияландыру саясаты және Қазақстанның экономикалық рөлі жұмысшы күшін қажет етті. Себебі ел ауқымды өнеркәсіптік және экономикалық міндеттерді атқаруға жұмылдырылды. Осылайша, Кеңес Одағында Қазақстанның жұмысшы мамандықтарына деген сұранысы республиканың индустриялық дамуына, жоспарлы экономиканың талаптарына және идеологиялық ұстанымдарға негізделіп артты. Нарықтық кезеңде Қазақстанда жоғары білімі бар мықты мамандар базар жағалап, кейбірі түбегейлі бизнеске кетті. Кейін уақыт өте келе жұмысшы мамандықтарына деген көзқарас төмендеп, екінші, тіпті үшінші сортты мамандықтар қатарына түсіп қалды. Тек соңғы жылдары ғана сең қозғалғандай болды. Бұған Президенттің 2025 жылды Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы да жақсы әсер еткендей. Жалпы айтқанда Мемлекет басшысының бұл шешімі жұмысшы мамандықтарының экономикадағы маңыздылығын арттыру, еңбек нарығындағы тапшылықты жою және жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту мақсатымен байланысты. Сондай-ақ бұл қадам елдегі кадр тапшылығы, индустриализацияның дамуы және жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру қажеттілігінен туындады.
ХХІ ғасыр мамандығы қандай?
Сарапшылардың айтуынша, 2025 жылы Қазақстанда сұранысқа ие болуы мүмкін мамандықтар экономикалық, технологиялық және әлеуметтік факторларға байланысты өзгереді. Алайда қазіргі тенденциялар негізінде бірнеше бағыттың маңыздылығы артуы ықтимал. Ондай мамандықтар қатарына ақпараттық технологиялар және киберқауіпсіздік, деректерді талдау және жасанды интеллект, ғылым саласының мамандары, жаңартылатын энергия инженерлері, экология, цифрлық маркетологтар, SEO мамандары және контент жасаушылар, биотехнология және медицина, құрылыс және урбанистика, логистика және жеткізу тізбегі, агроөнеркәсіптік кешен және азық-түлік технологиялары бойынша мамандар сұранысқа ие болады. Еліміздегі білім беру мекемелері мен кәсіпорындардың да осы мамандықтар бойынша кадрларды даярлау қажеттілігін ескеруге тиіс. Әлемдегі мамандықтарға деген сұраныс әр аймақта әртүрлі болуы мүмкін, алайда біз атаған мамандықтар келесі жылдары жалпы әлемдік трендке сай жоғары сұранысқа ие болмақ. Ал ХХІ ғасырдада ғылыми-технологиялық даму, жаһандану және климаттық өзгерістер нәтижесінде көптеген жаңа мамандық пайда болады және әрі қарай да қалыптаса береді. Жасанды интеллект және машиналық оқыту инженерлері, киберқауіпсіздік және деректерді қорғау мамандары, биоинженерлер және генетиктер, робототехника және автоматтандыру мамандары, жасанды интеллект этикасы және технологиялар философиясы, ақылды қалаларды дамыту бойынша мамандар, блокчейн технологиялары мен криптовалюта сарапшылары, киберспорт және ойын индустриясының мамандары, заттар интернеті (IoT) және ақылды құрылғыларды әзірлеу, онлайн білім беру және EdTech мамандары осы ғасырда ерекше дамып, сұранысқа ие болмақ. ХХІ ғасырда мамандықтардың көбі технологияларға, цифрландыруға, жасыл экономикаға және денсаулықты жақсартуға бағытталады. Қоғам мен технология дамыған сайын жаңа мамандықтар туындап, болашақта да қажеттіліктерге қарай мамандықтар өзгере беретіні анық.
Жадыра ТОЙБАЙ, «Профориентологтар ассоциациясының» Басқарма төрайымы, PhD:
Адам мамандықты қабілетіне сай таңдауы керек
– Бүгінде профориентологтарға деген сұраныс күннен-күнге өсіп келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана көпшілік профориентолог маманының кім екенін жете біле бермейтін. Бір қуантарлығы, биылдан бастап көп мектепте профориентолог маманына деген сұраныс артып жатыр. Ал ауыл мен қалаға бөліп қарайтын болсақ, профориентациялық кеңеске ауылда тұратын балаларға қарағанда қалалықтар жиі жүгінеді. Елді мекендерде әлі күнге дейін баланың мамандық таңдауы әртүрлі факторларға байланысты. Мамандықты ата-ананың ықпалымен таңдайтындардың үлесі көп. Сонымен қатар түлектердің досымен бір қалада, бір оқу орнында оқимын деген қалаулары да басым болып жатады. Сонымен қатар сенімсіз дереккөздерінен оқыған немесе естіген мамандықтарды сұранысқа ие деп қате таңдап жатады. Сондықтан бір мектепке бір профориентолог аздық етеді. Мектепте оқушы көп, әрқайсысына жеке көңіл бөлуге бір маманның күші, ресурсы, уақыты жетпейді. Бізде жыл сайын сұранысқа ие 5-10 мамандықтың тізімі шығып жатады. Түлектер жапа-тармағай осы мамандықтарды игеру үшін оқуға тапсырғанымен, бәрі бірдей грантқа оқуға түсе алмайды немесе кейін оқығысы келмей қалады. Мен сұранысқа ие мамандықты оқығанша, сұранысқа ие маман бол деймін. Сұраныстағы мамандықты оқып алып, істеу қолыңнан келмесе, не пайда, кімге зиян? Одан да адам өзіне ұнайтын, қолынан келетін, сүйікті ісімен айналысса және өзінің қалауына, қабілетіне, мінезіне, табиғатына сай келетін мамандыққа барса, сонда сол салада үздік бола алады. Мысалы, қызметте өскен, табысты, өз саласының үздігі атанып, жаңалық ашып, жобалар ұсынатындардың дені – өз мамандығын жақсы көретіндер, мамандығын дұрыс таңдағандар. Мен әрбір қазақ оқушысына өзінің сүйікті ісін табуына тілектеспін және қолдан келгенше осы профориентолог маманы ретінде көмектесуге дайынмын. Мамандық адам өмірінің үштен бір бөлігін құрайды екен. Бір тәулікте 24 сағат болса, оның 8 сағатын адам ұйқыға, 8 сағатын демалысқа, отбасына арнасақ, қалған 8 сағатын еңбек етуге, табыс табуға жұмсайды екенбіз. Энергиямыз, белсенді уақытымызды жұмысқа арнайтындықтан оның сапалы өткені дұрыс. Ол үшін мамандық таңдаудан қателеспеген дұрыс.