Даланың жауынгер әйелдері
Аңыз түбі – шындық десек, ел қорғаған батыр қыздар туралы әңгімелер өмірде болған жайттар негізінде туғаны анық. Оған дәлел – біздің арғы бабаларымыз сақтар мен ғұндар дәуіріндегі батыр әйелдер туралы ежелгі тарихшылардың қалдырған деректері. Грек аңыздарындағы амазонка-лар – ұлы далада көшіп-қонып ғұмыр кешкен тайпалардың жауынгер әйелдерінің болмысын суреттеуден туған әңгіме ме деп ойлайсың. Себебі олар амазонкалар туралы аңыз қалдыра отырып, сақ-ғұн дәуіріндегі батыр әйелдер жайында да жазған. Геродоттың 1972 жылы Ленинградтың «Наука» баспасынан жарық көрген «Тарих» атты кітабында: «Сақтың патшайымы Томирис (Тұмар патшайым) парсылар өлтірген Тұмардың баласы Спаргапистің кегін алу үшін Кирге қарсы жарты миллион әскер жібереді. Осы жарты миллион әскердің 200 000 әскері жауынгер әйелдер еді» деп жазған. Грек тарихшысы Ктесийдің «Сақ әйелдері ержүрек келеді, соғыс қаупі төнгенде ерлеріне көмек көрсетіп, ұрысқа араласады» деп жазған тарихи мәліметінен сақтардың батыр әйелдерінің басқыншылармен соғыста елін қорғағанына көзіміз жетеді. Сақ-түріктердің тағы бір ханшайымы Дәрібике туралы белгілі ғалым Ә.Қоңыратбаев «Қазақ эпосы және түркология» атты кітабында аса маңызды деректер келтіреді. Ал белгілі әдебиет зерттеушісі, ғалым А.Қыраубаеваның «Ежелгі әдебиет» атты ғылыми кітабында Зарина патшайымның қырық қыздан құралған жауынгер жасағының болғаны туралы айтылады. Қарақалпақтың ауыз әдебиетіндегі «Қырық қыз» дастанында Гүлайымның қырық қыздан құралған жасағы болғаны жырланады. «Қазақ сөздігі» атты кітапта «Амазонкалар – ежелгі грек мифологиясындағы жауынгер әйелдер» деп, ал жаугер дегеніміз – «батыл, ержүрек, қайтпайтын, айбатты, қажырлы жауынгер» деп жазылған. Ежелгі гректердің «Аргонавтардың қайта оралуы» атты мифтік аңызында Ясон мен Медея өзінің жанындағы батырлармен «Арго» қайығын теңізге түсіріп жүзіп кетеді. Аргоновтар үш күн жүзіп, Скифия жағалауына – сақтардың еліне жетеді. Бұдан олардың сақтар жайында ерте кезден білгені көрінеді. «Қазақ сөздігінде» көрсетілгендей, амазонкалар ежелгі грек мифологиясындағы жауынгер әйелдер дейді. Сақтардың жауынгер әйелдері туралы Алматы қаласындағы «Балауса» баспасынан 2012 жылы жарық көрген «Ежелгі Греция мифтері мен аңыздары» атты кітапта бар. Тесейдің Афиныны кемеңгерлікпен билегені, грек батырларының ерлік істеріне қатысу үшін Афиныны тастап жиі-жиі жорыққа шыққаны, Гераклдің амазонкаларға қарсы жорығына қатысқаны жөнінде былай деп жазады: «Амазонкалар қаласы Фемискираны алғанда Тесей ержүректігінің қарымжысы ретінде амазонкалардың патшайымы Антиопаны Афиныға алып келді. Афиныға келген соң Антиопа Тесейге жар болды. Батыр өзінің амазонкалар ханымымен некелесу тойын барлық сән-салтанатымен өткізді». Амазонканың патшайымы Антиопа осылай Тесейге жар болады. Антиопа Тесейді жақсы көргендіктен емес, амалы таусылғандықтан оған тұрмысқа шықты. Бұған намысы келген амазонкалар Тесейге қарсы соғыс ашты: «Амазонкалар қалаларын қиратқан гректерден өш алып, өз ойларынша, Тесейдің тұтқынында отырған патшайымын құтқармақ болды. Олардың қалың әскері Аттикаға лап қойды. Қаланы қорғайтын жауынгерлер амазонкалардың тегеурініне шыдай алмаған соң, афинылықтардың бас сауғалауына тура келді. Амазонкалар тіпті қалаға басып кіріп, тұрғындарды тасқамал – акропольге тығылуға мәжбүр етті. Олар ареопаг төбесіне лагерьлерін құрып, афинылықтарды қоршауда ұстады. Афинылықтар қаһарлы жауынгерлерді қумақ болып, неше дүркін шабуылға шығып та көрді. Ақыры, шешуші майдан басталды. Амазонкалар Тесейге қарсы шығып, өздерінің сүйікті ханшайымы Антиопаны құтқармақ болды ма, әлде оны сатқындығы үшін өлтірмек болды ма? Антиопа осы сәтте өзінің күйеуі Тесейге жақтасып, жауынгер әйелдерге қарсы шайқасты. Антиопа осы шайқаста амазонканың қолынан мерт болды, кеудесіне жауынгер әйелдің бірінің найзасы қадалған еді. Сақ патшайымы Заринаның өз халқы мен жерін басқаларға қимай, көрші елдің ханзадасына тұрмысқа шықпағаны, Тұмар патшайымның да парсы патшасы Кирдің әйелі болудан бас тартқаны олардың өз халқына адал болғаны, өзінің қара басынан халық мүддесін жоғары қойғаны еді. Сақ патшайымдары Зарина да, Тұмар да, Дәрібике де, Гүлайым да сақ-түркілердің жауынгер әйелдерінің патшайымы Антиопаның сатқындық іс-әрекетін қайталаған жоқ. Қазақтың көрнекті ғалымы Ә.Қоңыратбаев «Қазақ эпосы және түркология» атты кітабында грек тарихшысы Геродоттың, Орталық Азияның ежелгі оқымыстыларының ғылыми еңбектеріне сілтеме жасай отырып былай деп жазады: «Геродоттың айтуынша, Кир І (558-529 ж.ж.) Каспий сыртындағы массагеттерге келгенде, массагеттердің патшасы әйел болған, оның атын Тамирис (бірде Тамирамида) деп атаған. Кир Тамирамиданың баласы Спарганисті өлтірген соң, Тамирамида Кирге қарсы 300 мың еркек, 200 мың әйел әскер алып аттанған. Мервте ол Кирді жеңіп, меске қан құйып, басын соған салып қойған дейді Геродот. Осы жолы Тамирис жарты миллион әскерге Сакуқия дейтін үлкен той берген. Бұл «әйел-ана» құрметіне берілетін той болған. Страбон сондай тойды парсылар да жасаған дей келе, Кирдің өз жеңісін Тәңірден болған көмек деп біліп, олардың әруағына той жасағанын, оны «сакея» деп атағанын баяндайды. Сонда «Сакея» әйел Тәңірінің аты болмақ. Біздің заманымызға дейін V ғасырда парсы жерінде зороастризм туса, «сакея тойы» сақтарға тән культ болған. Сақтар еркін, ұлы даланы мекен еткен тайпа еді. Бұл мағлұматтар сақ-массагет тайпаларының ол кезде әлі де болса матриархат сатысында болғанын көрсетеді». Сақтар әйел-ананы ерекше құрмет тұтқан. Тұмар патшайымның баласы жау қолынан өлгенде, парсы басқыншыларынан кек алу үшін бүкіл сақ халқы қолдарына қару алып, қан майданда жан алысып, жан берісіп шайқасқаны мәлім. Аталған кітабында Ә.Қоңыратбаев былай деп жазады: «Еділдегі сармат, аландар елінде жаумен соғысып, қан төкпеген бір-бір қыздың ерге шығуға ақысы жоқ болғандығын Геродот баяндайды. Қан төкпей руға қосылмайды дейтін салт «Кітаби Қорқыт» жырында да бар. Мысалы, Бәмсі-Байраққа Байбөрі 15 жасқа келгенше (қан төккен күнге дейін) ат қоймаған. Сақ, массагет, сарматтар елінде әйелдер ерлермен бірдей соғысқа қатысқан, садақ тартқан. Қыздар сақтардың желдей жүйрік арғымақтарына мініп алып, жауға тұзақ-арқан салып, сүйретіп өлтіретін болған. Бұл барлық қыздың қолынан келе бермейтіндіктерінен, әйелдің көбі ерсіз жүретін болған. Сарматтарда жұбайлы некенің тек жеке элементтері ғана туа бастаған. Бұл құбылыс қазақтың «Ер Төстік» ертегісінде айтылады. Төстік пен Кенжекей жұбайлы некеге көшеді (Кейбір ертегіде Қонар сұлу). Ал Бекторы аналық салтын тұтынған (өзі мыстан қызы), жар басына жарты лашық құрып, гетеризм үрдісінде қалған қыз». А.Галиевтің «Томирис» (2005) атты кітабында сақтардың жаужүрек әйелдері туралы былай деп жазады: «...Томирис туыстарынан ағаларының да айбынды жауынгер болғанын, олардың алыс елдерде қаза тапқанын біледі. Осындай әңгімелер құлағына сіңіп өскен Томириске аса қатты ұнағаны жауынгер-қыздар-амазонкалар жайындағы аңыздар еді. Елдің айтуынша, олар тіпті қару ұстап, соғысуға ыңғайлы болу үшін төстерін де алғызып тастаған. Томирис жауынгер қыздардың өлімге қарсы тұрған қайсарлығына, жаужүректігіне қызығатын». Қазақ ертегісі «Ер Төстіктің» сақ-ғұн дәуірінде пайда болғанын, алғашқыда бұл дастан болып жырланып, уақыттың өтуімен қарасөзбен баяндалатын ертегіге айналғанын біреу білсе, біреу білмейді. Сақ-ғұн дәуірінде де жыраулар болған, олар халық мүддесі үшін сыртқы жауларға қарсы күресте ерлік пен өрліктің ғажайып үлгілерін көрсеткен алыптар туралы дастандарды жырлаған. Сол дәуірлерде ауыз әдебиетінің тылсым күшімен тәрбиеленген Тұмар патшайым да кішкене күнінен жаугер қыздар – сақ амазонкалары туралы аңыз-әңгімелерге құмартып, батыр болып бойжетіп, еліне қорған болған. Міне, осындай аңыздар мен тарихи жазбаларға қарай отырып, ежелгі гректердің амазонкалар – жауынгер әйелдер туралы әңгімелері Ұлы даланың негізгі тұрғындары – көшпелілерден шыққан деп айта аламыз. Сақ, Ғұн, Түрік, Алтын орда секілді ұлы империялардың мұрагері – қазақтарда да батыр қыздар туралы әңгімелер көп. Толып жатқан батырлар жырындағы, аңыз-әңгімелердегі жаужүрек қыздар – сол баяғы сақ сарбаздарының, амазонкаларының ізбасарлары.
Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты