T-Newspaper

Астана – жастардың қаласы

Халықаралық студенттер күніне орай Аста­нада Жастар саясаты мәселелері басқармасы жыл сайынғы Jastar Jalyny-2024 студенттік фес­тивалін ұйымдастырып жатыр. Іс-шара елор­дада 5-14 қараша аралығында өтеді.

Фестивальдің ашылу салтанаты студенттердің өз оқу орнын таныстырудан басталды. Әр күн белгілі бір номи­на­­цияға арналған: футбол, волейбол, үстел теннисі, шах­­мат, эстрада, ұлттық би, заманауи би, ұлттық аспап­тар (домбыра), театр, мобилография.  – Jastar jalyny фестивалі жастардың шығармашылық әлеуе­тін ашу, талантты жастарды анықтау, дарынды ба­ла­ларды демеу, жастардан құралған ұжымдардың шы­ғар­­машылық дамуына қолдау көрсету, жағдай жасау, ру­хани әрі мәдени әлеуетін дамыту, студенттерге эсте­ти­калық және этикалық тәрбие беру жүйесін жетілдіру, аза­маттық, әлеуметтік жауапкершілік, патриоттық сезім, адам­гершілік құндылықтар мен көшбасшылық қа­сиет­терді арттыру мақсатында өткізіліп келеді, – деді Жастар сая­саты мәселелері басқармасының баспасөз хатшысы Әнел Мансұрова.  Жоғарыда аталған әр номинация бойынша жүлделі орын­ға ие болған қатысушыларға қаржылай сыйлықтар қа­рас­тырылған. І-орынға 100 мың, ІІ-орынға 70 мың, ІІІ-орын­ға 50 мың теңге ақшалай жүлде қарастырылған. Ал жо­ғарыда аталған 10 номинация бойынша ең үздік атан­ған жоғары оқу орнына бас жүлде  – 500 000 теңге беріледі. – Биылғы фестиваль жастардың шығармашылыққа, өнерге, спортқа қызығушылығын арттыруға басымдық беріп отыр. Жастардың бір-біріне достық, сыйластығын да­мыту – мақсатымыз. Жалпы, елордада жыл сайын жас­тардың саны өсіп келеді. Мәселен, былтыр қаламыз­дағы студенттердің саны 75 мыңнан асса, биыл бұл көр­­­­сеткіш 95 мыңнан асып жығылды.  Яғни, Астана мем­лекеттік қызметшілер қаласынан жастардың қала­сына айналып жатыр деген сөз. Бұл бізді қуантады. Аста­на қаласы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері бас­қар­масы жастарға үлкен жауапкершілікпен қарап, олар­дың сұранысы бойынша аталған фестивальді өткізіп ке­ле­міз, – деді  Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері бас­қар­масының бас маманы Ерлан Айдаров.  Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы жылғы фес­тивальдің ерекшелігі – спорттық номинациялардың қо­сылуы. – Биыл фестиваль өзгеше форматта өтуде. Жарысқа спорт­тық ойындардың қосылуы ерекше әсер беріп отыр. Фут­бол, волейбол, үстел теннисі, шахмат және студент­тер­дің сұранысы бойынша мобилография номинациясы қо­сылды. Мобилография – жастар арасында танымал, үл­кен сұранысқа ие қызмет түрінің бірі. Мобилографтар үшін биылғы тақырып –  жұмысшы мамандықтар.  Яғни, коммуналдық мекемелердің қызметкерлері, автобус жүр­гізушілері, сонымен қатар тағы да басқа жұмысшы ма­мандықтарды жақсы жағынан дәріптеу, олардың ж­ұмысын көрсету. Сонымен қатар биыл ұлттық аспаптар номинациясы бойынша біз басты назарды домбыраға қойып отырмыз. Осылайша, елорданың барлық ЖОО-ның студенттері домбырадан сайысқа түсіп, бақ сы­на­сатын болады. Студенттердің қызығушылығы өте жо­ғары. Бұл мереке жастар асыға күтетін шығармашылық, спорт­тық сайыс түріне айналып келе жатыр. Сонымен қатар ата-аналар да бізді қолдайды, жылы пікірлерін ая­май­ды. Бұл да біз үшін – үлкен жетістік, – деді Ерлан Нұрланұлы.   Jastar Jalyny-2024 студенттік фестивалінің марапат­тау кеші Астана қаласының Жастар сарайында 14 қара­ша­да өтеді. Концертте елімізге танымал әншілер өнер көр­сетеді. Әр номинация бойынша жүлделі орын алған сту­денттер де өз өнерлерін ортаға салады. Ұйымда­стыру­шы­лар гала-концертке барша қала тұрғындары мен қо­нақтарын шақырады. 

А.БИМЕНДИЕВА