Қазақтың Жайнасы
Жайнаның әкесі Сламбек ақсақал Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Қуаңдария ауылында ұзақ жыл басшы болып қызмет істеген. Ешкімнің ала жібін аттамаған, үкіметтің дүниесін шашауын шығармай ұстаған. Ақ-адал азамат жолдасы Раушан екеуі балаларына жақсы тәрбие беріп, бәріне өз күштерімен жету керектігін үйреткен. Дегенмен ескінің күйреп, жаңаның енді ес жиып жатқан тоқсаныншы жылдары қолында билігі бардың балалары арман қалада әкесі алып берген үйде тұрып, көлікпен жүйіткіп жүрген болатын. Бұл кезде Жайна көп оқитынымен ерекшеленді. Оны тек журналистика саласындағы емес, әлемнің біз атын естіп көрмеген саясаткерлер мен ғалымдарының, философтарының танымдық туындылары көбірек қызықтырды. Оқуда озат. Құрбыларымен ашық-жарқын. Студент кезінен пікірін ашық айтып, қоғамдық жұмыста да белсенділігімен көзге түсті. Сөйтіп, университет бітіретін шаққа да жеттік. Темірбек Қожакеев ағай емтихан қабылдайтын Мемлекеттік комиссия төрағалығына Шерхан Мұртаза ағамызды көндіріп, шақырыпты. Қызыл дипломнан дәмелілеріміз бар, белсенділеріміз бар, емтиханның алғашқы күнінде тапсырмақ болғанымызбен жүрексіндік. Оның үстіне Шерағаңның сұсын көріп, қаймығып та қалдық. Алайда амал жоқ. Бірінші күні тапсыратындардың тізімі бектіліп кеткен. Алдыңғы лекте Жайна да кіріп шықты. Темірбек Қожакеев ұстазымыз Шерағаңның жағына шығып, қатайып алғанға ұқсайды. Шерағаңның ешкімнің басынан сипамайтыны екі бастан белгілі еді. Өкініштісі, бес жыл бойы кіл беске оқып келген Жайнаның қызыл дипломының ауылы алыстады. Ішіміз удай ашыды. Бестік ешкімге бұйырмады. Ақыры, емтиханнан «құлап қалмай» аман өткенімізге шүкір дедік. Жайна қамықпады. Меселі қайтпады. Дипломды алар-алмас бойы сол кездері енді құрылған «Хабар» агенттігі жаңалықтар қызметінің қайнаған қара қазанына қойып кетті. «Жайна Сламбек, Еділ Ермекбай. Арнайы Хабар үшін» деген сюжеттер күн құрғатпай шыға бастады. «Қызыл дипломсыз-ақ» қызықты сюжеттердің авторы – Жайна Сламбектің есімі әп-сәтте-ақ белгілі болды. Білімге зеректігі енді еңбекқорлыққа ұласты. Қазақстанның түпкір-түпкірін түгендеді. Шаршауды білмеді. Шартарапты шарлады. Президент пулындағы жүйрік журналист ретінде әлемнің көптеген елінен хабар таратты. Жұмбақ ел Жапониядан бастап, Ұлыбритания сынды дамыған мемлекеттердің біз үлгі алар тұстарын көрерменіне қарапайым тілмен жеткізді. Иә, Жайна Сламбек тәуелсіз елдің еркін ойлы журналисіне айналды. Оған қоса мінез бен батылдығы журналистикамызға жаңа леп әкелді. Ақпарат тарату барысында тоқсаныншы жылдарға дейінгі қасаңдықты бұзып, шын мәніндегі азат ой мен еркіндіктің ерекше үлгісін көрсетті. «Ит адамды қауып алыпты деген емес, Адам итті қауып алыпты» деген сенсациялық ақпараты некен-саяқ қоғамда көрерменіне өзекті тақырыптарды іздеп тауып, көпшілік назарына ұсынды. Әділдік таппай, есесі кеткендердің есебін түгендеді, әлсіздердің жанынан табылды. Жайнаның батыл сюжеттерінен кейін үлкенді-кішілі биліктегілердің жауап беріп жатқанын да көрдік. Жайна билік пен халық арасындағы алтын көпір бола білді. Елге, жерге жанашырлығы оның сюжеттерінен, хабарларынан андағайлап, алдыңғы лекте айтылар ойдың жосығынан хабар берді. Журналист Жайна Сламбек ұлтын шын жүрегімен сүйді, онысы әрбір еңбегінен көрініс тауып жатты. Бұл тұрғыда батыл ізденістерге бару мен уақыт тінін тап басу жағынан да өз қолтаңбасымен ерекшеленді. Байқауымызша, Жайна Сламбектің журналист ретінде айнымас өз принципі бар. Ол журналистикаға тән басты үш қағиданы мамандығына адал адам ретінде ұстанып келе жатқанын айтар едік. Солардың бірі – бейтарап болу. Көрерменіне екі жақтың да пікірін жеткізу. Белгілі бір ақпаратты объективті түрде қамтып беру ол үшін өте маңызды. Келесі бір қағида – шындықты айту. Журналист Жайна Сламбектің хабарларында бір-бірінен тәуелсіз ақпарат көздеріне сүйенетінін байқаймыз. Үшінші бір қағида – ақпаратты дер кезінде бере білуі. Міне, бұл әсіресе саналы ғұмырында ұшқыр ақпарат құралдарында қызмет істеп келе жатқан әріптесіміз Жайна Сламбектің бұлжымас ұстанымы іспетті. Батыста бұқаралық ақпарат құралдары шын мәнінде төртінші билік болуға ұмтылады. Журналистер қоғамның пікірін білдіруші күш болумен қатар, сол қоғамның пікірін қалыптастырушы негізгі фактор болып есептеледі. Бұл елдерде бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық рөлінің үстемдік сипатқа ие болғаны телевизияның дамуынан, яғни, елуінші жылдардың орта шенінен бастау алады. Телевизияның дамуы – тұтас елдің дамуының көрсеткіші іспетті, бізде батыстан біраз кейін дамығаны белгілі. Ал шынайы сапалық, мемлекетшілдік hәм ұлттық тұрғыдан келгенде тоқсаныншы жылдардан кейінгі телевизиямыздың өркендеуіне әріптесіміз Жайна Сламбектің қосқан өз үлесі қомақты екені анық. Жоғарыда айтып кеткендей, еңбек жолын университет бітірген 1996 жылы жазда «Хабар» агенттігінде тілші болып бастаған ол 2014 жылдың ақпанына дейін комментатор, атқарушы продюссер, тележүргізуші, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры болып қызмет істеді. 2014 жылдың ақпанынан 2019 жылдың шілдесіне дейін «Астана» телеарнасында «Біздің уақыт» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болды. 2019-2022 жылдары Qazaqstan телеарнасы «Апта» бағдарламасының жетекшісі және жүргізушісі, 2022 жылдың сәуір айынан 2023 жылдың қарашасына дейін «Хабар» телеарнасының директоры болды. Қазір Qazaqstan телеарнасының «Апта» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының жетекшісі әрі жүргізушісі. Қазақстанның «Аптасын» көрермен әр жексенбі сайын Жайнаның жүргізуінде күтеді. Елдегі күрделі мәселелерден бастап, әлемдегі ширыққан оқиғаларды Жайнаның сараптауы мен саралауы көрерменге анағұрлым нанымды жетеді. Еңбегі де еленіп, өз бағасын алып келеді. Алғаш Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Отандық тележурналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығымен марапатталды. Сонымен бірге «Тұмар» ұлттық телевизия сыйлығының және «Amanat» партиясының сыйлығының иегері және «Құрмет» орденімен марапатталды. Талантты журналист, мықты медиа менеджер, адал дос, алтын әріптес Жайна Сламбек биыл бір белеске көтерілді. Журналистік жолына қызыға да, сүйсіне де қарайтын өз тағылымды соқпағы бар достың алда әлі ел игілігі үшін атқарар шаруасы шаш етектен.
Болатбек Төлепберген