Ұрпағымыз ұлттық тәрбиеден кенде қалмасын десек...
Жиынға кеңес мүшелері – жазушы, қоғам қайраткері Алдан Смайыл, жазушы-драматург Роза Мұқанова, ақын, аудармашы Оңайгүл Тұржан, М.Нәрікбаев атындағы «КАЗГЮУ университеті» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрбозова, театр режиссері Асхат Маемиров, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы қатысты. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан арнайы қонақ болып шақырылып, баяндама жасады. Өнертану ғылымының кандидаты Меруерт Құрманғалиева сарапшы ретінде қатысып, өзінің пікірін ортаға салды. – Өздеріңіз білесіздер, Атырау қаласында Ұлттық Құрылтайда Президентіміз: «Таразы басында өскелең ұрпақтың рухани жағынан сау-саламатты болу мәселесі тұр. Біздің осыған қатысты ұстанымымызға саяси ахуал да, жер жүзінде сәнге айналған жаңа үрдістер де әсер ете алмайды», – деген болатын. Біз қазір сан ғасырдың сүзгісінен өткен тағылымды ұлттық тәрбиемізді ұрпақтың бойына сіңіре алып жүрміз бе? – деді Кеңес төрағасы Аманжол Дүйсенбайұлы кіріспе сөзінде. – Алаштың аяулы перзенті Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халықтың мүддесі мен мұқтажын жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деген екен. Жүрегінде оты, көкірегінде нұры бар әрбір азаматты алаңдататын басты түйткіл – ұрпақ тәрбиесі екені анық. А.Дүйсенбайұлының пікірінше, жаһандану дәуірімен бетпе-бет келген қоғамның руханияты, әлеуметтік-мәдени өміріндегі өзгерістер айрықша назар аударуды қажет ететін мәселеге айналып отыр. Әсіресе, өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесі – өте маңызды, жіңішкелік пен қырағылықты талап етеді. Оған салғырт қарап, бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айрылып, құндылықтарымызды қожыратып алуымыз мүмкін. Себебі соңғы уақыттары жас жеткіншектер арасында қатігездік пен зорлық-зомбылық өршіп барады. Ұлттық тәрбиені бала бойына сіңірмей, ұлымыз көшелі, қызымыз жетелі болуы қиын. Төрағадан кейін сөз алған Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Амангелдіқызы министрлік тарапынан атқарылып жатқан істерге тоқталып, «ұрпақ тәрбиесінде ақпараттың алар орны ерекшелігін, осы мақсатта көптеген шара қолға алынып жатқанын айтты. Әсіресе, жастарды адамгершілікке, білімқұмарлыққа, жат әрекеттерден аулақ болуға баулитын түрлі шаралар өтіп, арнайы бағыттар бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Ал Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ілиясұлы «елімізде әлеуметтік жауапкершілік, патриотизм, діни тәрбие сезімін оятуға, «еңбек адамы» және «толық адам», «адал азамат» идеяларын ілгерілетуге бағытталған идеологиялық және тәрбие жұмысының кешенді шараларын іске асыру жолға қойылған», – деді өз баяндамасында. Оның сөзінше, ЖОО-ларда тәрбие жұмысын ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды бекіткен. «Еңбек адамы», «Толық адам» идеяларын насихаттау, қоғамға кеңірек сіңіру мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Университеттер мен колледждерде «Қоғамдық сананың жаһандануы, ұлттық код, менталдылық пен дүниетаным: сәйкестік параметрлері», «Ұлттық бірегейлік пен мәдениет», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Қазақ халқының озық ұлттық этикалық құндылықтарын сақтап, дамыту», «Қазақтардың ұлттық мәдениеті – қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің негізі» сияқты тақырыптар қамтылып, оқытылып жатыр. Сондай-ақ ұлттық киім кию дәстүрін енгізудің алғашқы қадамдары жасалып, жастар арасында бұл бастама трендке айналған. Ал Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Сабырұлы министрлік мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына, оқу жоспарына «Тәуелсіздік және отаншылдық», «Бірлік пен ынтымақ», «Әділет пен жауапкершілік», «Заң және тәртіп», «Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік», «Жасампаздық және жаңашылдық» құндылықтарын енгізуді; «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының оқу-әдістемелік кешенін әзірлеуді (оқулықтар, оқу құралдары, ұсынымдар және т.б.), журналдарды, газеттерді және цифрлық білім беру ресурстарын шығаруды; «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын брендтеуді; «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының құндылықтарын біріктіре отырып, мектептердің бірыңғай білім беру ақпараттық дизайнының жобасын құру және осы көрнекі өнімді әрбір білім беру ұйымына интеграциялауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Вице-министр жастардың кітап оқуын арттыру үшін «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Балалар кітапханасы» бағдарламасы әзірленгенін, қазақ әдебиетінің әртүрлі кезеңдері мен жанрларын қамтитын кітаптардың 1 770 аталымнан тұратын көркем әдебиеттер тізімі жасақталғанын атап өтті. Үш министрліктен келген қонақтардың арнайы баяндамасынан соң кеңес мүшелері сөз алып, ұлттық тәрбиенің маңыздылығына тоқталды. Жазушы Алдан Смайыл «Балапан» секілді телеарнаны ары қарай дамытып, ғаламтордан өзгенің емес, өзіміздің өнімдерді көретін жағдай туғызу қажеттігін, жазушы-драматург Роза Мұқанов балалардың корей, түрік, үнді сериалдарын көріп, солардың тарихи тұлғаларына еліктейтінін, өзіміздің айтулы батырларымыз бен даналарымыз туралы кинолар түсіру маңызды екенін, ақын Оңайгүл Тұржан қазақтың бірегей әдебиетін шетел тіліне сауатты аударуды қолға алудың бүгінгі жастардың бойында патриоттық сезім қалыптастыруға ықпалы зор болатынын айтты. Кеңестің өзге мүшелері де тұшымды ойларын ортаға салды.