Жаңалықтар

«Шырмауық» фильмі көрерменге жол тартуға жақын

Биыл мемлекет қолдауымен өндіріске жіберілген фильмдер қатарында «Шырмауық» кинокартинасы да бар. Режиссері – бұған дейін актер ретінде кеңінен танылған Азамат Шарғын.

Фильмнің түсірілім жұмыстары жаз айларында аяқталған болатын. Қазір монтаждау кезеңі аяқталуға жақын. Толық монтаждалған туындының актерлармен дыбыстау кезеңі де жасалып бітті. Кәсіби мамандардың қатысуымен кинокартинаны жарыққа шығарудың соңғы жұмыстары атқарылып жатыр.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясы арқылы өндіріске жіберілген туындыны эксперттік кеңес мүшелері тамашалап, оң бағасын берді.

Күрделі әлеуметтік-психологиялық мәселелерді көтеретін авторлық фильм адам жанының шиеленіске толы қатпарларын, отбасы құндылығын, өтпелі кезеңде ғұмыр кешкен жоғалған ұрпақтың тағдырын арқау етеді.

Естеріңізге сала кетейік, бұл – «Шырмауық» кинокартинасының сценарий авторы және қоюшы режиссері Азамат Шарғынның дебюттік жұмысы.