Жүрегіңіздің саулығы қалай ашуланатыныңызға байланысты болуы мүмкін – зерттеу
Бұрынғы зерттеулер ашудың жүрек аурулары, инсульт және басқа да жүрек-қан тамырлар ауруларымен байланысты екенін көрсетті. Дегенмен, Остиндегі Техас университетінің психология профессоры Адам О’Риорданның айтуынша, жүрек саулығына ашудың пайда болуынан гөрі, оны қалай басқарып, көрсету көбірек әсер етеді. Зерттеушілер 669 қатысушыны бақылай отырып, ашудың қан қысымы мен жүрек соғу жиілігіне әсерін зерттеген.
Зерттеу кезінде ғалымдар ашуды білдірудің үш негізгі тәсілін қарастырды: ашуды іште сақтау, сыртқа шығару және ашуды басқару. Бұл тәсілдердің әрқайсысы жүрек-қан тамырлары жүйесіне әртүрлі әсер ететіні анықталды.
Қатысушылар стресс деңгейін тексеру үшін математикалық есептерді шұғыл шешу және "Струп" тапсырмасын орындау секілді тапсырмаларды орындады. Осы тапсырмалар кезінде Finometer құрылғысы арқылы қатысушылардың жүрек соғу жиілігі мен қан қысымы өлшеніп отырды. Қатысушылар тапсырмадан кейін өздерінің стресстік деңгейлерін 1-ден 10-ға дейін бағалады.
Зерттеу нәтижелері ашуға байланысты түрлі белгілердің жүрек-қан тамырлары жүйесіне әртүрлі әсер ететінін көрсетті. Өздігінен туындайтын ашуға бейім адамдарда (ашу темпераменті жоғары) жүрек-қан тамырлары реакциясы әлсіреген, яғни жүрек соғу жиілігі мен қан қысымы олар күткендей көтерілмеген. Алайда, олар субъективті түрде көбірек стресс сезінді. Бұл әсер, әсіресе, ашуын іште сақтайтын адамдарда күштірек байқалды.
Бұған қоса, нақты жағдайларда ашуланатын адамдар (мысалы, әділетсіздікке ұшырау сияқты) ашуды қалай білдіретініне байланысты әртүрлі реакциялар көрсетті. Ашуды сыртқа шығаруға бейім адамдарда жүрек-қан тамырлары реакциясы төмендеу байқалды. Ал ашуды басқаруды білетін адамдарда, керісінше, қан қысымы мен жүрек соғу жиілігінің жоғарылауы байқалды, бұл "қалыпты" реакция болып саналады. Зерттеушілер мұндай реакцияның жүрек денсаулығына оң әсері болуы мүмкін деп санайды, ал әлсіреген реакциялар кейбір психологиялық қиындықтар мен жүрек ауруларына әкелуі мүмкін.
Зерттеушілер болашақта адамдардың шынайы өмірде ашуға тап болатын жағдайларында реакцияларын зерттеуді жоспарлап отыр. Мұндай зерттеулер қайталанатын стресс жағдайында адамның ағзасының реакциясын анықтап, ашуды басқару әдістерінің жүрек денсаулығына оң әсерін көрсетеді деп күтілуде.