Жаңалықтар

Полковник Арман Әбеуов дзюдодан әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді

Қорғаныс министрлігі

Жарыс жеті салмақ дәрежесінде және 35 жастан жоғары жас санаттары бойынша өтті.

АҚШ-та дзюдодан шеберлер арасында өткен әлем чемпионатында Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов күміс медаль жеңіп алды.

Las Vegas World Championships veterans 2024 турнирінде 67 елден мыңнан астам балуан өнер көрсетті. Жарыс жеті салмақ дәрежесінде және 35 жастан жоғары жас санаттары бойынша өтті.

– Мұндай жарыстарға бірінші рет қатысып отырған жоқпын. Өз нәтижеме ризамын. Қарсыластарым күшті болды. Қолдау көрсеткен отбасыма, достарым мен әріптестеріме көп рахмет. Мұндай жарыстарға қатысуымның маңызды себебі – әскери қызметшілер мен армия спортшыларының кейінгі жас буынына үлгі көрсету, – деді полковник Арман Әбеуов.

Полковник Арман Әбеуов 100 келіден астам салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Финалға барар жолда ол Бразилия, Португалия, АҚШ және Канада спортшыларынан басым түсті. Шешуші жекпе-жекте былтырғы әлем чемпионы бразилиялық Рекардо Ферреироға есе жіберді.

Армия спортшыларының тәлімгері, Спорт комитетінің төрағасы полковник Арман Әбеуовтің бұл жетістігі АОСК-ның жеке құрамына ең жақсы үлгі болмақ. Клуб ұжымы басшысын табысты өнер көрсетуімен шын жүректен құттықтайды және одан әрі жеңістер тілейді.