Павлодарда үстіне ағаш құлаған әйел қаза тапты
Зардап шегушінің екі аяғы, көкірек тұсы, жамбас сүйектері, омыртқасы сынған, ішкі ағзалары жарақаттанған, 3-4-дәрежедегі жарақат шогын алған.
Қайғылы оқиға бүгін таңертең Павлодар қаласы Естай көшесі 89/1 мекенжайында орналасқан көпқабатты үйдің ауласында болған.
«Бүгін сағат 09.37-де Павлодар қаласы Естай көшесіндегі тұрғын үйлер ауласының бірінде әйел адамды құлаған ағаштың басып қалғаны туралы хабар түсті. Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына 6 минутта жетті. 1957 жылғы әйел адам зардап шеккен. Зардап шегушінің екі аяғы, көкірек тұсы, жамбас сүйектері, омыртқасы сынған, ішкі ағзалары жарақаттанған, 3-4-дәрежедегі жарақат шогын алған. Өкінішке қарай, ол алған жарақаты салдарынан көз жұмды» - деп хабарлады өңірлік жедел жәрдем стансасынан.
Қазіргі уақытта Павлодар облысының аумағында жылдамдығы секундына 25-30 метрге дейін жететін дауыл соғып тұр.