Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, жазушы, өлкетанушы Кенжебек Сержанұлының «Ер мен ел» атты тарихи-танымдық кітабының тұсаукесері өтті.
«Ұлт тұлғаларының тарихи еңбегін, тағылымын, даналығын жан-жақты, толық толғап, ұғынықты тілмен жатық түсіндірген. Әрбір кемеңгер тұлғаның өмірбаянын тарихи деректермен нық дәйектеп отырады. Кемел мысалдар келтіріп, афоризмдермен тұздықтай білген. Кенжебек Сержанұлының «Ер мен ел» атты тарихи-танымдық еңбегі киелілердің, әулие-әнбиелердің, абыздардың, бұлбұлдай сайраған дүлдүл жыршылардың, «алдынан қара кетпеген, артынан қара жетпеген» жорықшы жыраулардың, Еділдің қызыл желіндей «ақиқаттың ақ жолында қырандай батылдық, шешімпаздық, тәуекелшілдік танытқан би-шешендердің мүбәрәк мекені – Маңғыстаудың шежірелі тарихына бағышталған. Салиқалы жинақтағы жазбалар Маңғыстаудың қасиетті жұртының басынан өткен қасіретті ғасырларды гөй-гөйлете сөйлетеді, замана суреттеріне жан бітіреді, ел жадында жатталған ғибратты ойларға, асыл сөздерге қанат бітіреді, сөйтіп халықтың тарихи зердесін дәуір мәліметтерімен, шежірелік деректермен, таңдаулы тәмсілдермен, ойлы да оюлы әңгімелермен, тарихи-мәдени, ұлттық-рухани құндылықтармен байытып толықтырады», – деп баға берді профессор Серік Негимов.
«Кейінгі ұрпаққа ұлттық рухани тәрбие беруге тағылымды ғұмыр кешкен азамат ерлер әрдайым үлгі болары сөзсіз. Бұл еңбегім өлке тарихы мен әдебиетке жаны жақын оқырман қауымға арналады», – дейді Кенжебек Сержанұлы.