Жаңалықтар

Сынып жетекші болған мұғалімдерге қанша төленетіні белгілі болды

istockphoto.com

Басқа мемлекеттерде бұндай ақы 20-30 мың теңге көлемінде

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп мұғалімдеріне сынып жетекшілігі үшін берілетін ақыға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

«Естеріңізде болса, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдағанға дейін сынып жетекшілеріне ақы төленбейтін. Сондықтан қабылданған заң шеңберінде сынып жетекшілік үшін қосымша ақы төлеу қолға алына бастады. Оның бүгіндегі шекті саны 10 мың теңгенің маңайында. Бұл  – балалармен қосымша жұмыс, сабақ емес. Халықаралық тәжірибені зерттей келе бұл мәселені тиісті деңгейде көтеруді ойластырып отырмыз. Мысалы, басқа мемлекеттерде бұндай ақы 20-30 мың теңге көлемінде екен. Сынып жетекшілеріне төленетін қосымша ақыны да осы деңгейге жеткізу бағытында бірнеше зерттеулер мен есептеулер жүргіздік»,  – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мәжіліс кулуарында.

Айтуынша, осы мәселені ведомство Қаржы министрлігіне енгізген.

«Қазір бұл бағытта үлкен пысықтаулар жүріп жатыр. Толыққанды қабылданған  кезде келесі жылдан бастап осы мәселе қолға алынады. Біз тек қана сынып жетекшілеріне қосымша төленетін ақыны көтерумен ғана емес, олардың жұмысының сапасын бірдей көтерілуіне де тиісті шараларды қабылдадық. Болашақта біз біргелкі көтеріледі деп ойлап қалмауымыз керек. Сапалы жұмыс істеп жатқан сынып жетекшілеріне бірінші кезекте қаржыны көтеруді қолға аламыз»,  – деді министр.

Ғани Бейсембаев әрі қарай қалған сынып жетекшілерін дайындықтан өткізу, біліктілігін көтеру мәселесі қолға алынатынын жеткізді.

«Бұған дейін маған өңірлерден сынып жетекші болуға ниетті мұғалімдердің де саны шамалы екені туралы ақпараттар келіп жетті»,  – деп атап өтті спикер.