Жаңалықтар

Павлодар облысын тышқан басып барады

istockphoto.com

Тышқандар — тез жетілетін, өсімтал жануарлар

Павлодар облысының елді мекендерінде кәдімгі үй тышқандары шамадан тыс көбейіп кеткен. Қоражайдан бөлек, үйлерге кіріп, тұрғындардың мазасын алып тұр.

Кеміргіштердің қаптап кеткеніне әсіресе, Ертіс, Железин, Май, Тереңкөл, Павлодар аудандарының халқы алаңдап отыр. Ауыл адамдары қақпан, тұзақ құрып, аулап баққанымен саны одан сайын өсіп жатыр.

Железин ауданындағы Веселая роща ауылының тұрғыны Аманжол Хамиттың айтуынша, кеміргіш жануардың күрт көбеюі биылғы қыркүйек айынан байқала бастаған.

- Үйімізде тышқан деген көбейіп кетті.

Ал Павлодар облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнара Ақылбекова әзірше тұрғындар тарапынан шағым түспегенін жеткізді.

- Тышқан қаптап кетті деген Ертіс, Железин, Тереңкөл аудандарына хабарласып, жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының басшыларына сұрау салдым. Олар жағдайдың қалыпты екенін жеткізді. Тұрғындар тарапынан да ешбір шағым болмаған. Кеміргіштер шын мәнінде көбейіп жатса, өңірлерде оларды жою, алдын алу жұмыстары жүргізілуі керек. Бұған қатысты санитарлық талаптар мен нормалар бар, - дейді ол.

Тышқандар — тез жетілетін, өсімтал жануарлар. Қоректік азық мол болып, қолайлы жағдай туса, кейбір түрлері жыл бойы көбейе береді.