Жаңалықтар

Қазақстанда 4 жылда асырап алынған 302 бала кері қайтарылған

istockphoto.com

Барлық статикалық деректер заңды күшіне енген сот шешімдері бойынша есептеледі.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мәжіліс отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында асырап алған балалардың неше пайызы кері қайтарылатынын айтты, деп хабарлады turkystan.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

«Мұндай статистика міндетті түрде жүргізіліп отырады. 2020 жылы бала асырап алғысы келетін отбасыларды дайындайтын мектеп құрылғанға дейін асырап алынған балалардың 8-9 пайызы кері қайтарылатын. Кейін арнайы оқытудың арқасында баланы қайтарып беру жағдайлары күрт кемігенін көріп отырмыз. Дей тұрғанмен әлі де қайтарып жатқандар бар. Бірақ олар бала асырап алуға дайындайтын оқудан өтпеген отбасылар екенін көріп отырмыз. Сондай-ақ, туыстарынан бала асырап алғандар көбінесе қартаюына байланысты және асырап алушылардың бірінің өмірден озуына байланысты кері қайтарып жатады. Бұл шамамен 1 пайыздан сәл асатын деңгейде ғана», - деді Ғани Бейсембаев.

Министрлік мамандары Жоғарғы соттың ресми дерегіне сүйене отырып, кейінгі 4 жылда 302 баланы асырап алу құжатының күші жойылғанын айтады.

Нақтырақ айтсақ:

2020 жылы – 1540 бала отбасыға қабылданып, 85 – баланы асырап алудың күші жойылған;

2021 жылы – 1282 қабылданып, 70 – баланы асырап алудың күші жойылған;

2022 жылы – 1215 қабылданып, 72 – баланы асырап алудың күші жойылған;

2023 жылы – 1181 қабылданып, 75 – баланы асырап алудың күші жойылған

«Айта кету керек, бұл сандар жетім балаларды қабылдаған адамдарға ғана емес, сонымен қатар өгей аналар мен өгей әкелердің отбасылық асырап алуын қамтиды. Бала асырап алуды тоқтату процедурасына да қатысты. Барлық статикалық деректер заңды күшіне енген сот шешімдері бойынша есептеледі. Осы жылы бала асырап алудан бас тарту пайызын қарастыру да дұрыс емес, өйткені жою бірнеше жылдан кейін де болуы мүмкін. Бала асырап алудың күшін жою бойынша барлық балада жетім немесе АҚҚБ санаты болмайды және өгей әкелер, өгей аналар асырап алуы мүмкін», - деп жазылған министрліктің қосымша мәліметінде.