T-LIFE

"Бұл халықты қанау емес пе?": депутат ақылы автотұрақтар мен бейнебақылау арқылы салынатын айыппұлды азайту керек екенін айтты

сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, ақылы автотұрақ және айыппұл мөлшерін азайту туралы ұсыныс жолдады. 

Бүгінгі депутаттық сауалым ақы алудан басқаға ақылы жетпейтін ақылы тұрақтар мен қауіпсіздікті бақылауды білмейтін бейнебақылау камералары туралы.  Басқа түгілі бас қалада аттап бассаң ақы төлеуге тура келеді. Себебі алғашында адам көп баратын орталық және іскерлік аудандарда ақылы тұрақ болады деген желеумен басталған жоба тұтас қаланы тұтқынға алды. Қазір Астанада 7216 ақылы автотұрақ бар екен, оны жыл соңына дейін 10 000-ға жеткізу жоспары бар екен. Сол ақылы тұрақтардан алынатын ақшада жекеменшік компанияның үлкен үлесі бар. Әр сағаты 100 теңге. Демалыс немесе мереке күндері тегін деген жеңілдікті  де алып тастаған. Ақылы автотұрақтардың ақысын төлемесең айыппұл салады, сомасы – 10 000 теңгеден асады. Яғни, азаматтарымыз 100 теңге төлемеген жағдайда, 10 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бұл дегеніміз 100 есе көп, – деді ол.

Депутаттың сөзінше, 2018 жылдан 2022 жылға дейін ақылы автотұраққа төленген ақшаның 95 пайызы жеке серіктеске, тек 5 пайызы мемлекетке түсіп келген. Ресми сандарға назар салсақ,  2021 жылы Астанадағы ақылы автотұрақтарға азаматтарымыз 90 994 105 теңге төлеген, 2022 жылы 152 466 542 теңге төлеген.

Мұның қаншасы мемлекетке түскенін есептеуге қиынға соқпайды. Бұл халықты қанау емес пе? 2022 жылдың желтоқсанында ақылы тұрақ үшін төленген ақшаның 75 пайызы жеке серіктеске, ал 25 пайызы мемлекетке түседі деген шешім қабылданған. Мемлекеттік мекеме құрып қаржыны толық мемлекетке түсірудің орнына бұл міндеттің неге  жеке компанияға берілгені түсініксіз. Нақты сандар, 2021 жылдан 2024 жылды қоса алғанда азаматтарымыз Астанадағы ақылы автотұрақтарға 725 995 427 теңге төлеген. Соның 617 315 439 теңгесі жеке серіктестікке төленген, тек 108 679 988 теңгесі ғана қала бюджетіне түскен, – деді депутат.

Ал автотұрақтарды абаттандыру, жолды жөндеу және көшені жинау шығындарын қала әкімдігі көтереді.

Жеке компанияның міндеті қандай сонда? Алғашында ақылы тұрақтың арқасында автотұрақтағы қозғалыс жылдамдығы азаяды, тұрақтардың қолжетімділігі артады, көшелерде көлікпен тоқтау ережелері реттеледі деген. Олай болмады бірақ. Ақылы автотұрақтарға коммерциялық орталықтар, қоғамдық орындар тіпті, құрылыс нормалары мен қағидаларын бұза отырып әлеуметтік объектілерге келушілерге арналған жерлер де берілді. Тұрғындары тиісті кондоминиум рәсімдеп үлгермеген тұрғын алаптары мен тыныш аудандарда да ақылы тұрақтар пайда болды. Астанадағы саябақтар мен тұрғын үй кешендерінің айналасында ақылы тұрақтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Халықтың қалтасына осынша түсу заңды ма? Ал ақылы автотұрақтың ақысын төлемеген халыққа салынған айыппұл көлемі тіпті қорқынышты. 2021 жылдан 2024 жылды қоса алғанда Астандағы ақылы автотұрақтың ақысын төлемегені үшін азаматтарымызға 5 839 114 176 теңге айыппұл салынған. Халық төлемеймін демейді, аумағы ат шаптырым автотұрақтардың бір бұрышына ғана қойылған тақтайшаны көру мүмкін болмағандықтан төлемей кетеді. Қалай десек те, автокөлік мінген халықты   ақылы автотұрақ арқылы қанау үлкен қателік, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутаттың айтуынша, бейнебақылау камераларына қатысты да жағдай ағайынды әбден ашындырып отыр.

Бір ғана Астана қаласында 13 000 камера бар екен. Солар арқылы салынған айыппұл да айғайлап тұр. 2017 жылдан 2024 жылдың бірінші жарты жылдығын қоса алғанда бейнебақылау камералары арқылы халыққа 45,3 миллиард теңге айыппұл салынған. Соның 26,5 миллиард теңгесі  жеке ЖШС-ң қалтасына кеткен.  Халықтың қалтасындағы қаржыны опырып алу, оның бір бөлігін жеке компанияларға беру заңды ма? – деді ол. 

Осыған байланысты депутат Үкіметке мынадай ұсыныстар жолдады.

1. Ақылы автотұрақтарды көліктер ең көп жиналатын іскерлік аудардарда ғана қалдырып, қалғанын қысқарту керек. Тұрғын үйлер мен саябақтардың аумағында ақылы тұрақ болмауы қажет. 

2. Ақылы көлік тұрақтарын қадағалайтын мемлекеттік операторды құру керек. Оған дейін мемлекет пен жеке меншік сектордың серіктестігі туралы шарттардың талаптарын қайта қарап, жекеменшік компанияға тұрақ аумағын күтіп ұстау, жолын жөндеу қызметін жүктеу қажет.

3. Ақылы автотұрақта тегін тұру уақытын кемі 30 минутқа жеткізу керек. 

4. Бейнебақылау камералары арқылы салынатын айыппұлдарды кемі 2 есе азайту керек. 

6. Бейнебақылау камераларын қоятын, бақылайтын мемлекеттік оператор құру керек. Оған дейін мемлекет пен жеке меншік секторының серіктестігі туралы қазіргі шартты қайта қарау керек.