Еліміздегі колледждерде онлайн оқыту жүйесі енгізілуі мүмкін
Министрдің айтуынша, мұндай тәжірибе АҚШ, Канада, Қытай, Австралия және Ұлыбритания сияқты елдерде кездеседі.
«Бүгінде еңбек нарығының талаптарына жауап беретін мамандарды сапалы даярлауды іске асыру үшін колледждер жүйесіне онлайн-оқытуды енгізу ұсынылады. Бұл өзгеріс өндірістен қол үзбей кадрларды даярлау мәселесін шешуге бағытталған және студенттерге оқу мен еңбек қызметін үйлестіре отырып, жеке бағдарламалар бойынша оқуға мүмкіндік беру көзделген», – деді министр.
Оның айтуынша, мұндай тәжірибе АҚШ, Канада, Қытай, Австралия және Ұлыбритания сияқты елдерде кездеседі. Бұл елдердегі онлайн оқыту білім беру процестерінің тиімділігін арттырған.
«Онлайн оқыту форматын енгізудің негізгі мақсаты колледждерге сала сарапшылары мен озық технологияларды тарта отырып, білім беру бағдарламаларын икемді бейімдеу, ал студенттерге жұмысты үзбей-ақ нақты жағдайларда практикалық дағдыларды қалыптастыруға жағдай жасау. Экономиканы цифрландыру жағдайында ерекше сұранысқа ие IT-мамандықтарға басты назар аударылады», – деп түсіндірді Бейсембаев.
Елімізде IT-сала секторы даму үстінде — қазіргі уақытта осы бағыттар бойынша 56 мың студент оқытатын 227 колледж дайындықты жүргізіп келеді.