Экономика

Доллар 500 теңгеге жуықтады

istockphoto.com

Мұнай бағасының құбылуы да төл теңгемізге тікелей әсер ете бастаған

АҚШ-тағы президент сайлауына байланысты доллар қымбаттап жатыр. Мамандар осылай дейді. Қазірдің өзінде 500 теңгенің маңайында саудалана бастаған, деп хабарлайды turkystan.kz «Астана» телеарнасына сілтеме  жасап.

Қазір ақша айырбастау пунктерінде АҚШ валютасы 488-492 теңгеден саудаланып жатыр. Мамандар бұған бірнеше фактор әсер еткенін айтады. Мәселен, жылдың аяғында компаниялар қорытынды жасап, жаңа бюджеттік кезеңге дайындықты бастайды. Бұл – доллардың қымбаттауының бірден-бір себебі.

Қазіргі мұнай бағасының құбылуы да төл теңгемізге тікелей әсер ете бастаған. Соңғы аптаның өзінде бренд маркалы мұнай барреліне 80 доллардан 71 долларға дейін арзандады.

АҚШ-тағы президент сайлауы да валютаның құбылуына әсер етіп жатыр. Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңгенің құлдырауы күтілмейтінін алға тартты.

Еш жағдайда теңге құлдырауы болмайды. Біз екіжақты құбылмалылықты көріп отырмыз, яғни теңге бағамы әрі нығаюы, әрі әлсіреуі мүмкін. Бұл сыртқы және ішкі макроэкономикалық факторлармен байланысты. Мысалы, АҚШ президентінің сайлауы сияқты маңызды оқиғалар нарыққа айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, ОПЕК+ шешімін күтудің маңызы бар. Егер ұйымға мүше елдер мұнай өндіруді шектеу туралы келісімге келсе, бұл Қазақстанға оң әсерін тигізуі мүмкін, - деді Ұлттық банк төрағасы.

Сонымен, қазір АҚШ валютасы қымбаттап жатса да көпшілік теңгесін долларға айырбастауға құлық танытпай отыр. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, жеке тұлғалардан сатып алу көлемі 14 пайызға, ал сату 6 пайызға төмендеген.

Ал еуроға сұраныс жоғары. Биыл 3-тоқсанда жеке тұлғалар айырбастау пунктерінен 126 млн еуро сатып алған. Сатқандар да жетерлік. Олар 153 млн еуросын айырбастаған. Ал Ресей рубліне сұраныс 21 пайызға артты.