ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы сотталды
Сондай-ақ аталған адамдар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Төтенше жағдай министрлігінің 3 лауазымды қызметкерлері сотталды, деп хабарлады turkystan.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
«Ақмола гарнизоны Әскери сотының үкімімен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Н. Дербисов пен Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы М. Жақсыбаев 5 жылға, Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Б. Ізбасаров 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар бизнес өкілінен кәсіпкерлік қызметіне қамқорлық жасағаны үшін жалпы сомасы 39,7 млн теңге сомасында пара алған. Сондай-ақ, Б. Ізбасаров 1,7 млн теңге сомасында өзіне қосымша ақшаны заңсыз есептеп билікті асыра пайдаланғаны үшін сотталды», - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарламасында.
Сондай-ақ аталған адамдар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.