Ресейде көлемі 53 гектар болатын бүтін бір арал жоғалып кетті
2015 жылға дейін Ресейдің мұзды аралы болып келген Месяцев аралы толығымен еріп кетті. 13 қыркүйектегі спутник суреттерінен аралдың орнында тек су ғана көрінеді.
Спутниктік суреттер мәліметіне сәйкес, Месяцев аралы осы аттас түбектің мұздың еруі нәтижесінде 1995 жылға дейін Ева-Лив аралында пайда болған. Бұл деректі 2018 жылы «Арктика архипелагтары» жобасының экспедициясы, ал 2021 жылы «Ресей Арктикасы» ұлттық паркінің қызметкерлері растады.
Аралдың жоғалып кеткенін біз «Спутниктік суреттердің уақыт аралығындағы өзгерісін есептеу» тәжірибелік тапсырмасы барысында анықтадық. Зерттеу мақсаты – соңғы жылдары Ресейдің Арктикалық аймағында климаттық өзгерістердің салдарын зерттеу болды. Зерттеу нысандары Виктория аралындағы еріп жатқан күмбез тәрізді мұздық, Якутиядағы Батагай термокарсттық ойысы және еріген Месяцев аралы болды, – деп мәлімдеді Мәскеу авиация институтының №6 «Аэроғарыш» институтының студенттері.
2015 жылдың 19 тамызындағы дерек бойынша, Месяцев аралының ауданы шамамен 53 гектарды құраған. 2024 жылдың 12 тамызында спутниктік суретте көлемі 3 гектар ғана мұзды кішкентай арал қалған. Ал бір айдан кейін, 2024 жылдың 13 қыркүйегінде арал суреттерден толығымен жоғалып кеткен.
Аралдың жоғалу себептері туралы ойланған зерттеу тобы келесідей болжам жасады: Арктика аймақтарындағы климаттың жылынуы мұздықтардың еруіне және теңіз деңгейінің көтерілуіне әкеледі. Бұл жағалау сызығының эрозиясын тудырады, соның салдарынан кейбір жер бедерінің формалары жойылады.
Алдағы уақытта Месяцев аралының жоғалуын түпкілікті растау және теңіз түбінің өзгерістерін анықтау үшін қосымша зерттеулер жүргізу қажет. Ғылыми бақылаудың қызықты нәтижелері Франц Иосиф архипелагы маңында кеме қозғалысын ұйымдастыру үшін навигациялық карталарды түзетуді қажет ететінін көрсетеді.