Қарағанды ғалымдары жусаннан биоотын жасап шығарды
Қарағанды ғалымдары жусаннан биоотын жасап шығарды
Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымдары жусаннан биоотын жасап шығарды деп хабарлайды 24.kz.
Биоотынды кез-келген жанар-жағармайға қоссаңыз, түгі қалмай, 100% жанып кетеді екен. Демек бензин сапасы артып, сан мыңдаған көліктің қозғалтқышынан қоршаған ортаға бөлінетін зиянды қалдықтар жойылады.
Нұрлан Мерхатұлы, жоба авторы:
- Бұл өсімдіктерде лигнин тәрізді заттар аз. Соған байланысты төмен температурада технологияда қолданатын термоөңдеу процесі жеңіл жүреді. Екіншіден, алынған перролизді сұйықтың құрамындағы улы фенол компоненттері де аз. Сол себептен технология жағынан өте тиімді болып табылады. Химиктер ойлап тапқан биоотынның ерекшелігі, кез-келген жанар-жағармайдың сапасын арттырады.
Ғалымдардың айтуынша, қазір жер бетінде жусанның 480-нен астам түрі бар екен. Оның көпшілігі елімізде өседі. Әсіресе, Арқа жерінде жеткілікті. Демек, шикізаттан таршылық көрмейміз.
Абылайхан Ескендіров, химия факультетінің магистранты:
- АИ-80 бензиніне оңай араласады. Сонымен қатар мысалы, бізде бензин толық жанбайды ғой. Бұл катализатор ретінде оны толық жандыруға мүмкіндік береді. Егер де ол толық жанатын болса, СО2 көмір қышқыл газының аз бөлінуіне әсер етеді және актан санын көтеруге үлкен себепкер болады.
Ғалымдардың есебі бойынша бір тонна жусаннан 200 литр биоотын алуға болады екен. Ал айына 5 тоннаға дейін дайын өнім өндіруге мүмкіндік бар. Бірақ ол үшін қаржы керек. Осыған орай жоба авторлары өнертабысын алдағы ЕХРО көрмесіне апармақшы. Егер инвестор табылса, өндіріске енгізуді жоспарлап отыр.