«Танакөз» көрерменді толқытты
«Танакөз» поэмасының негізгі арқауы – достық пен махаббат. Майдан даласында қан кешіп жүрген екі әкенің адал достығы олардың ұрпағы Мұхтар мен Мұраттың достығына жалғасты. Майданда қан кешкен айнымас достардың ұлдары әкесіз өсті, алайда олардың жолын бағып, тілеуін тілеп, дұғасына қосып отырған қос ана бар еді. Тел қозыдай бірге өскен екі жігіттің ортасында өскен Танакөзге айнымасқа серттескен қос достың көңілі бір сәтте ауады. Ендігі жерде олар бір-бірімен жарыса бастайды. Ғашық жан екеу, Танакөз жалғыз. Араға сызат түссе, қиын. Шынайы махаббат жеңе ме, нағыз достық жеңе ме? Осындай әрі-сәрі күйде отырған көрерменді Мұрат өз шешімімен таңғалдырады. Сұлу бойжеткенді досы Мұхтарға қиып, махаббатын мәңгілікке жүрегіне түйіп, қаладан енді келген Зеркүлге үйленіп, шаңырақ көтереді. Алайда Мұраттың бұл шешімі Мұхтар мен Танакөздің тағдырының қосылуына оң әсер етпейді. Абайсызда трактордың астында қалып екі аяғынан айырылған Мұраттың қайғысына шыдамаған анасы қайтыс болады. Осыдан соң екі арада сезім жоғын білетін Мұрат Зеркүлге шындықты айтып, екі жаққа кетуді ұсынады. Жан досының басындағы ауыр жағдайды естіп келген Мұхтар Мұраттың қасынан Танакөзді көреді. Соңында екі ғашықтың бір-біріне деген сезімі шынайы екенін түсінеді. Қойылым соңында үш дос Ақсу суына шомылып, бала кездегідей ойнайды. – Осыдан бір жыл бұрын біз Мұхтар ағамен жолығып, «Танакөзді» сахналағымыз келетін ниетімізді айтып, батасын алып қайтқан болатынбыз. Қойылымды зерттеуді сол кезден бастадым. Спектакль бұрын Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында, сондай-ақ Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында сахналанғанын білемін. Біздің театр дайындаған қойылымның ерекшелігі – актерлер тілінің қарапайымдылығы. Ақын поэмасындағы сөздер сахнада қайталанып отырды, – деді қойылым режиссері Әли Бидахмет. Басты кейіпкерлердің өмір сүрген ортасы, әлемнің соғыстан кейінгі шындығы, балалардың әкелеріне сағынышы мен анаға құрметі, бір-бірінен жан аямас үш достың қарым-қатынасы – қойылымның басты арқауы. – Құрметті менің рухтастарым! Менің 21-22 жасымда жазған өлеңіме осылай екі күн қатарынан назар аударғандарыңызға ұшан-теңіз алғысымды білдіремін, – деп толқыды ақын өз сөзінде. Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасы – қазақ поэзиясының озық үлгісі, әдебиетіміздің алтын қорына енген жауһар шығармалардың бірі десек қателеспейміз. Ақын өткен ғасырда қазақ халқының басынан өткен ауыр кезеңдерді қасқайып қарсы алған, халықтың болашағы үшін қанатымен су сепкен, игілікті іс тындырып, жақсылық жасауға ұмтылған жас толқынның жақсылыққа сенімі мен өмірге құштарлығын көрсетуге тырысқан. Поэма сол кездің өзінде-ақ өзінің лайықты бағасын алып үлгерген болатын. Қазақ жастарына бағыт сілтеп, бағдаршам бола білген жыр-дастан екі жігіт, бір қыздың арасындағы достық пен махаббатты дәріптейді. Қойылым достық ұғымының махаббаттан да биік екенін санаңа шегелеп береді. Қойылымда негізгі оқиға желісімен бірге автордың бірқатар шығармасы үндестік тапқан. Мәселен, ақынның Шәмші Қалдаяқовпен бірге жазған бірнеше әні орындалды. Заманауи сахналық жабдықтар, әсерлі актерлік ойын, ұтымды режиссерлік шешімдер үйлесім тапқан сезімге толы жаңа қойылым көпшіліктің көңілінен шыққандай. – Өте керемет қойылым болды. Жүрекке жетті. Мұхтар атамыздың ақ батасын алған бізде арман жоқ шығар. Театр ұжымына шынайы алғысымызды білдіреміз. Шығар шыңдарыңыз, алар асуларыңыз, бағындырар белестеріңіз көп болсын, – деді Мейіржан Бауыржанұлы есімді көрермен. Театр сахнасына көтерілген мәңгілік адал достықты арқау еткен дастанға көрерменнің де ықыласы ыстық болды. – Мен театрға ғашық болып кеттім. Ішімнен тағы келемін деп сөз бердім! Әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес, ағыл-тегіл жыладым. Әлі сол сезімнен шыға алмай жүрмін. Қалай бұрын бұл театрға келмегенмін деп өкіндім. Тамаша! Танакөз! Оқығанда қатты толқып едім. Спектакльді көрген соң есеңгіреп жүрмін, – дейді ақжарма пікірін білдірген көрермендердің бірі Тоғжан Тілеубекқызы. Қойылым соңында ағыл-тегіл жылаған, қуаныштан көзіне жас тұнған өнерсүйер қауым актерлерді сахнадан жібермей, қол шапалақтап тұрып алды. Қойылым аяқталған соң театр әртістері ақынды «Ақ бантик» әнін орындап, қимастықпен шығарып салды. Театрдың әлеуметтік желідегі парақшасын қарағанымызда, көрермендердің қойылымды тағы да қайталап қоюды сұраған, өз қалаларына шақырған өтініштері көп екенін байқадық.
А.БИМЕНДИЕВА