Медет Қуанышов: Құрманғазы оркестрі – қазақтың музыкалық бренді
– Құрманғазы оркестрін жұртқа таныстырып жатудың өзі артық шығар, сонда да әңгімені оркестрдің алғашқы қадамы туралы мәлімет беруден бастасақ.
– Әрине, бүгінде аты дүрілдеп, әлемге танымал өнер ұжымы деңгейіне көтерілген оркестр бұл дәрежеге бірден жете қоймағаны белгілі ғой. Оркестрдің негізі 1933 жылы қаланды, яғни сол жылы оны Алматыдағы Музыкалық драма техникумы (қазіргі Алматы музыкалық колледжі) жанынан домбыра ансамблі ретінде Ахмет Жұбанов ұйымдастырды. Алғашқы құрамында 11 адам болды, оларды Ахаң – Ахмет Жұбанов ел арасынан алдырған ғой. Ал музыкалық аспаптарына келсек, тек альт-домбыралармен халық күйлері, әндері орындалған еді. 1934 жылы бұл домбырашылар ансамблі халық өнерпаздарының Бүкілодақтық 1-слетіне қатысып, «Кеңес», «Айжан қыз» секілді бірнеше халық күйін орындап, халық әндерін орындаушыларды сүйемелдеді. Слеттен соң КазЦИК атындағы оркестр болып қайта құрылған өнер ұжымына слетте көзге түскен Лұқпан Мұхитов, Қали Жантілеуов, Оқап Қабиғожин, Науша Бөкейханов, Ғабдұлман Матов секілді шебер домбырашылар мен атақты қобызшы Жаппас Қаламбаев алынды. Оркестрдің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі болып Ахмет Жұбанов тағайындалды. Ол кездегі домбырашылардың музыкалық сауаты болмаған ғой, олардың бәрі күйді құймақұлақ әдісімен үйренген табиғи музыканттар болған. Міне, сол домбырашыларды Алматыға алдырған Жұбанов оларға нота үйретіп, сауатын ашып, заманауи маман музыкант даярлауға күш салған. 1944 жылы құрылғанына 10 жыл толған КазЦИК атындағы оркестрге Құрманғазының есімі берілді. Міне, содан бері қалың қазақ бұл өнер ұжымын құрметпен «Құрманғазы оркестрі» деп атайды, таниды, мақтан тұтады.
– Ахмет Жұбановтан кейін оркестр тізгінін кімдер қолына алды?
– Ол кісі 1945 жылы Алматы консерваториясының (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ғой) ректоры болып тағайындалған соң Леонид Шаргородский бас дирижер болды. 1948-1949 жылдары Шахан Мусин, 1949 жылы Нұрғиса Тілендиев бас дирижерлік етсе, 1950 жылдан бастап өткен ғасырдың 90-жылдарының басына дейін, жалпы 41 жыл Құрманғазы оркестрінің бас дирижері болып еңбек еткен Шамғон Қажығалиев бұл өнер ұжымының барлық жағынан өрлеуіне зор еңбек сіңірді. Шамғоннан кейін ірі тұлғамыз, 20 жылға жуық бас дирижер болған Айтқали Жайымов ағамыз да оркестріміздің деңгейін баяғы даңқты қалпынан түспей, керісінше, жаңаша дамуына зор әсер етті. Одан кейінгі кезеңде оркестрде Дүйсен Үкібай, Жалғасбек Бегендіков, Арман Жүдебаевтар бас дирижер болса, 2018 жылдан бері бұл қызметті талантты музыкант Абылай Тілепбергенов атқарып келеді. Енді оркестрдің көркемдік жағы, аспаптары жөнінде айта кетсек, Ахмет Жұбановтан кейін оркестрді жаңа деңгейге көтерген Шамғон Қажығалиев болды. Ол кісі өзі дирижерлік еткен кезеңде оркестрдің аспаптық жағына көп өзгеріс әкелді. Қазіргі виолончель, контрабас, баян, флейта, гобой дегендер классикалық аспаптар ғой, Шамғон аға соның бәрін ретімен оркестрге енгізіп, дауыстың алуан түрлілігіне көңіл бөлген. Шамғон аға кезінде музыка аспаптарының шебері Қамбар Қасымовқа бас қобыз жасатып, оркестрге қосқан екен. Ол бас қобыздың екеуі біздің қоймамызда әлі сақтаулы. Қамбар Қасымов жасаған сондай бас қобыздың біреуі Батыс Қазақстанның Жәнібек ауданында тұр деп естідім. Шамғон Қажығалиев басқарған кезде оркестр дүниежүзілік конкурстарда лауреат атанды, әлемнің сексеннен астам елін аралап өнер көрсетті.
– Оркестрдің репертуары жөнінде де айта кетсеңіз?
– Оркестрдің репертуары бай, сан салалы ғой. Оркестр болып құрылғаннан бергі партитуралар сақталған бізде. Оның ішінде Ахмет Жұбановтың өз қолымен жазған партитуралары баға жетпес тарихи қазына! Бізде 1934 жылдан бері қарай осы оркестрге арнап өңделген 4 мыңнан аса шығарманың нотасы бар. Онда оркестрде тер төккен әр дирижердің қолтаңбасы бар. Әсіресе, Шамғон Қажығалиевтің жасаған дүниесі өте көп. Құдайға шүкір, солардың ішінде шаң басып, орындалмай жатқаны жоқ. Біздің бір концертіміз бір концертімізге ұқсамайды. Бір кеште қазақ күйлерін орындасақ, екінші концертте классикалық шығармалар орындаймыз. Дегенмен Құрманғазы оркестрінің негізгі дәріптейтіні – қазақтың күйлері ғой, шетелге шықсақ та, өз облыстарымызды араласақ та қазақ күйлерін көп орындаймыз, оны тыңдармандар да үлкен ықыласпен қабылдайды.
– Енді оркестрдің дауысы туралы бір сұрақ қояйын: Шамғон аға оркестрге жаңа түрлі аспаптарды қосып жатқанда Ахмет Жұбанов кейбір ыспалы аспаптардың дыбысы домбыраның дауысын басып кетеді деп сын айтқан екен.
Расында, Құрманғазы оркестрінің ертеректе пластинкаға жазылған күйлерін тыңдағанда домбыраның үні басымырақ сияқты еді, қазір ыспалы аспаптардың үні қаттырақ шығатын секілді. Бұл жайында не айтасыз?
– Иә, Ахаңның ол сынынан хабардармын, бұл біздің ойымызда көптен жүрген нәрсе...
Жалпы, Құрманғазы оркестрінің негізі салынған кезде қазақ домбыралары пішіндік және дыбыстық жағынан бір жөнге түсе қоймаған еді ғой. Оның үстіне, сол кезде шектері ешкі ішегінен жасалған домбыралардың дауысы қоңыр, жұмсақтау болды. Ал ондай дыбыс көп аспапты оркестрде естілмей қалатын. Сондықтан Ахмет Жұбанов қазақтың дауысы қатты шығатын, көп пернелі домбырасын жасауға бел буып, Ресейден атақты аспап шебері Эммануэль Романенконы інісі Бориспен бірге Қазақстанға шақыртып алады. Олар біздің елге біржола тұрақтап қалып, домбыра мен қобыздың бірнеше түрін (пикколо, прима, альт, тенор, т.б.) жасайды. Сөйтіп, олар жасаған соң домбыраның шектері, пернелері өзгереді. Бүгінде ағайынды Романенколардың жасаған домбырасы өте аз қалды. Менің білетінім, күйші Секен Тұрысбековте екі домбырасы бар, күйші Бақыт Қарабалинаның үйінде біреуі сақталған. Қазір Құрманғазы оркестрінің аспаптарын атақты шебер Жолаушы Тұрдықұлов өңдеуден өткізеді. Романенколар жасаған домбыраның жақсы шығуы – домбыраның қақпағын жабуда дейді білетіндер. Жолаушы ағамыз сол домбыраларды зерттеп жүр. Шертер аспабы өзімізде де жасалады, дегенмен негізінен Өзбекстаннан алдырып жүрміз. Бұрынғы қобыздар мен қазіргі қобыздардың дыбыстарында айырмашылық бар. Бұрын шертердің беті терімен жабылса, қазір түгел ағашпен жабылады. Біз қазір аспаптарға байырғы дыбыстарын қайтару жолында ізденіп жатырмыз. Ал оркестрде ыспалы аспаптардың дыбысы неге қаттырақ шығады десе, қазір сым ішекті қобыздар қосылып кетті ғой, темір ішек болған соң домбыра дыбысынан басымдау шығатыны рас. Сондықтан микрофон қойғанда дыбысты реттеу жағына мән береміз. Құрманғазы оркестрінің пластинкаларға түскен музыкалары жайында айтып қалдыңыз ғой, ал оркестр орындаған музыкалар соңғы рет 1969 жылы күйтабақтарға (пластинка) түсірілген екен. Біз осыған ерекше мән бердік, сондықтан биыл оркестріміздің музыкалары жазылған күйтабақтарды шығарамыз, ол бұйырса осы айда «Меломан» дүкендеріне түсетін болады. Біз жаңа күйтабақта бұрынғы күйлерді қайталамаймыз, қазіргі өңдеуде жазамыз. Бұрынғы күйтабақтарға жазылған күйлерде «Сарыарқа», «Көңілашарларды» ойнағанда бірқалыпты ырғақты ұстайды, қазіргілерде кішкене көтеріңкі ырғақ бар. Осыны ескертіп жатады ағаларымыз. Ол да дұрыс шығар. Сынды қабылдап, зерттеп, мәселенің анығын білген артық емес, әрине. Сондықтан біз Ахмет, Шамғондардан кейінгі қазіргі корифейіміз Айтқали Жайымов ағамызбен оркестрге қатысты дүниелер жөнінде кеңесіп тұрамыз. Айтқали аға «Әй, балалар, күйді аса қумай ойнаңдар. Оркестрдің техникасы бар, сонда да асығыстық жасауға болмайды» деп ақылын айтып отырады. Біз де дирижерлерімізге ескертіп отырамыз. Дегенмен музыканың қабылдануы деген де бір қызық нәрсе ғой, кей күйлерді тартқанда халықтың арқасы қозып отырғанын сезген дирижерлер де шабыттанып, күйдің жылдамдығын арттырып жібереді. Мәселен, «Көңілашарды», «Адайды», «Сарыарқаны» қалай орташа ырғақпен тартасың? «Құрманғазының төлқұжаты – «Сарыарқа» атты мақалам жарияланды. Шетелде болса да, Қазақстанда болса да барлық концертті «Сарыарқа» күйімен аяқтаймыз. Концерттің соңы «Сарыарқамен» аяқталатынын халық та біледі ғой, сағаға түскен жерінде орнынан тұрып кетеді. Сонда дирижерлеріміздің де арқасы қозып, «жылдамдықты қосып-қосып жіберетінімізді өзіміз де байқамай қаламыз» дейді.
– Репертуар жаңарту мәселесі қалай? Жыл сайын жаңа күйлер қосып отырасыздар ма? Қазір күй шығарып жүргендер баршылық қой. Мына күйді немесе көлемді симфониялық шығармаларды оркестр репертуарына енгізсек қалай болады дегендей таңдап, саралап, ұсынулар бола ма?
– Әрине, қазақта күй шығару дәстүрі үзілген жоқ қой, жаңа күйлер шығып жатыр. Олардың арасынан оркестрмен ойнауға ыңғайлыларын, өзгеше әуендік желісі бар күйлерді репертуарымызға алуға қарсылық жоқ. репертуарға жаңа шығармалар қосып отыру керек. Биыл оркестріміздің 90 жылдығына орай бас дирижер Абылай Тілепбергенов екеуіміз белгілі композиторлар Артық Тоқсанбаев, Ермұрат Үсенов ағаларымызға ұсыныс жасап, «оркестрімізге жаңа симфония, Базарбай Жұманиязовтың «Дала» поэмасы сияқты шығармалар керек, соны жазып берсеңіздер жақсы болар еді әрі оркестрдің мерейтойына сіздерден жақсы сый болар еді» деп өтініш жасағанбыз. Ермұрат ағамыз биыл қобызға арнап шығарма жазып берді, оның оркестровкасы да жасалып қойды. Біздің «Оркестр түні» атты жобамыз бар, 5 жыл қатарынан Алматыда концерт беріп келе жатырмыз. Алдыңғы жылы 2 күн қатарынан өз ғимаратымызда, биыл 31 мамырда Алматы театрында концерт бердік. Бұл жобаның репертуары өзгеше, жан-жақты. Онда еліміздің көптеген белгілі әншісі жанды дауыста оркестрдің сүйемелдеуімен ән салады. Сондай-ақ күйлер, халық әндері, белгілі композиторларымыздың түрлі жанрдағы музыкалары, атақты кинолардың саундтректері, классикалық музыкалар орындалады. Нарын Қажығали, Жексен Айсын, Абылай Тілепберген сияқты дирижерлеріміз, оркестріміздің арнайы өңдеушісі бар, олар ән-күйлерді оркестрге лайықтап әрлеп, дайындайды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі филармонияның немесе әлдебір концерттік мекеменің жанынан ашылған ансамбль емес, республикалық мемлекеттік кәсіпорын (РМК). Сондықтан ешкімге қарайламай жұмысын өзі жүргізеді, мемлекеттік тендерлерге қатысады. Мемлекеттік кәсіпорын болған соң үздіксіз жұмыс жүретіні белгілі ғой. Біз өнер ұжымы болғандықтан, ұстап-тұтынатын тауар шығармаймыз, біздің тауарымыз – музыка, концерт. Былтыр жылдың соңында есептеп қарағанымызда, бір жылда әні-күйі, классикалық музыкасы бар, жалпы 37 жаңа туындыны оркестрге түсіріппіз. Олар әр концерттерде орындалып жатады. Авторлар қоғамымен келісімшартымыз бар, оркестрде шығармалары орындалған авторларға қаламақысын төлейміз. Жылдық жоспарымыз бар, іштегісі бар, сырттағысы бар, бір жылда 100 концерт қоямыз. Домбыра күнін біз алғаш рет Көктөбеде ұйымдастырдық. Бұрын тек Астанада тойланатын. Сол концерттерде елдің көңілін көтеру үшін, қызықты болу үшін түрлі тосынсый жасаймыз. Мысалы, көрермендер арасынан шығып оркестрмен қосылып шебер күй тартқан адамға Жолаушы Тұрдықұлов жасаған домбыраны сыйладық. Алматы облысының бір жігіті екі мың адамның арасынан шығып күй тартып, домбыраға ие болды. Екі жыл бұрын оркестрдің залында сондай ойын ойнатып, Жолаушы Тұрдықұлов жасаған тағы бір домбыраны сыйға тартқанбыз. Ол жігіт сол күні Нұрғиса Тілендиевтің басына барып зияраттап, кешке біздің концертке келген екен.
– Кейінгі кезде ел ішінде «Құрманғазы оркестрі кино саундтректерін ойнап кетті. Ол атақты өнер ұжымына жараспайды ғой» деген әңгімелер айтылып қалады...
– Дұрыс, сын айтылуы керек. Ол әділетті болса неге тыңдамасқа? Иә, халық негізінен күй кештеріне көп келеді, сондай-ақ студенттер де көп қатысады. Бірақ бір байқағаным, жастар күй кештерінде ұзақ отыра алмай, шығып кеткісі келіп тұрады. Сондықтан кейінгі жастарды да оркестрді тыңдауға тарту үшін кино саундтректерін эксперимент ретінде ойнап көрейік дедік. Ол, әрине, негізгі репертуарымызға жатпайды. Коммерциялық концерт қой. Сондай заманауи музыкалардан бірнеше күн қатарынан концерт қойсақ та билеттер жақсы өтеді. Үлкендер ренжігенімен, «Оркестр түні» жобасы жастарға ұнайтын жоба болып тұр ғой. Тіпті, көршілес қырғыз, өзбек елдерінен, кейбір алыс-жақын шетелдерден «Оркестр түні» жобасымен қашан келесіздер деп сұрап жатады. Бұл біздің оркестріміздің тек ұлттық музыканы ғана емес, әлемдік хит туындыларды да орындай алатын мүмкіндігі бар екенін көрсету. Ал енді шетелге барғанда негізгі репертуарымызды ұсынамыз. Себебі оларды классикалық музыкамен таңғалдыра алмайсың. Олар оркестр орындайтын қазақ күйлерін таңырқай тыңдайды. Бір жыл бұрын Италияға барып, Римде үш концерт қойдық. Тек күйден концерт қойдық. Қыл қобызды көріп, «осыншама дүниені екі ішекпен қалай ойнайсыздар?» деп сұрайды. Сондықтан шетелдіктерді тек қазақтың ұлттық музыкасымен, домбыра, сыбызғы, қобыз, жетіген, сазсырнай сияқты аспаптарымызбен таңғалдырмасаң, басқа аспаптармен қызықтыра алмайсың дер едім.
– Оркестрдің 90 жылдық мерейтойын қалай атап өтіп жатырсыздар?
– Оркестріміздің 90 жылдығын Алматыдағы Абылайхан көшесі бойындағы өз ғимаратымызда екі күн қатарынан атап өттік. Бірінші күні оркестрмен бұрыннан бірге еңбек етіп келе жатқан Нұржамал Үсенбаева, Секен Тұрысбеков, Талғат Күзенбаев сияқты әнші, күйшілеріміздің қатысуымен өтсе, екінші күні осы кезге дейін қызмет еткен дирижерлерімізді шақырып, «дирижерлер шеруін» өткіздік. Біздің оркестрде 40 жылдан астам уақыт қызмет еткен Жанасбек Бекентұров, Астанадан арнайы Айтқали Жайымов келді. Осы оркестрде бас дирижер болған Нұрғиса Тілендиевтің қызы Дінзухра Тілендиева, бір кезде оркестрде бас дирижер қызметін атқарған Жалғасбек Бегендіков, Арман Жүдебаевтар келіп өнер көрсетті. Сонымен бірге Шамғон Қажығалиевтің досы, Өзбекстанның халық әртісі Фарух Сыдықовты шақырдық. Ол ұзақ жылдар бойы өзбек оркестрінің бас дирижері болған, біздің оркестрмен бұрыннан жұмыс істеп жүрген жан. Бұрынғылардың көзін көрген, солар туралы естелік айта алатын адам. Қырғызстанның халық әртісі Бақыт Тілекенов келді, ол да бізбен әріптестік байланыстағы адам.
– Құрманғазы оркестрі мемлекеттің қарауында болғандықтан қаржылық жағдайы жақсы шығар?
– Ұлттық статус алғаннан кейін жалақымыз өскен. Қазіргі қазақ оркестрлерінің ішіндегі ең жоғары жалақы біздің оркестрімізде шығар деп ойлаймын. Оркестр шығындарын мемлекет төлейді. Дегенмен оркестрдегі киім, жылдар бойы қолданылған аспаптар тозады, оларды жаңалау мәселесі ақсаңқырап бара жатыр деуге болады. Бұрынғы ғимаратымыз Бөгенбай көшесінің бойында, залы 150 адамға арналған, кішірек еді. 2018 жылы, бұрын «Қазақконцерттің» ғимараты болған 436 адамға арналған осы ғимаратқа көшіп келдік. Бұл жердің тиімділігі – қаланың ортасы, халыққа ыңғайлы.
– Құрманғазы оркестріне қатысты тағы қамтылмай қалған жайлар болса айтыңыз?
– Әрине, айта берсек, әңгіме көп, тек соның ішінде ел біле жүруге тиіс кей жайлар туралы айта кетсем деймін. Ең алдымен оркестр кіл шеберлігі мықты музыканттардан құралған. Соның өзінде оркестр мүшелері әр үш жыл сайын арнаулы комиссияның алдында сынақ тапсырып отырады. Қазір Қазақстан бойынша отызға жуық оркестр бар шығар. Бірақ бәрі театрдың, филармонияның ішінен құрылғандар. Солардың ішінде жоғарыда айтып өткенімдей, тек жеке мекеме ретінде құрылған Құрманғазы оркестрі ғана. Жеке ғимараты бар. Бірақ бұл ғимарат тарихи ескерткіш ретінде тізімде тұрғандықтан, оған өз бетіңше жөндеу жүргізе алмайсың. Акустикасы жақсы, бірақ 1952 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Сосын бір өтінішіміз: бір ғасырға жуық тарихы бар оркестрге алдағы уақытта мемлекет заманауи жеке ғимарат салып берсе деп ойлаймыз. Ондай тәжірибе өзге елдерде бар ғой.
– Әңгімеңізге рақмет! Еліміздің беделі іспеттес Құрманғазы оркестрінің даңқы аспандай берсін!
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ