Жампоз
Әкесі Бейсенғазы ақсақал өткен арғы ғасырдың аяғында, яғни 1895 жылы Шығыс Қазақстандағы Өмірзақ ауылында дүниеге келіп, кешегі қазақ жастары жалаңаш кеуделерін оққа төсеп, одақтың мұздай қаруланған жазалаушы әскеріне қарсы шығып, 1986 жылы бақилық болады. Сүйегі Семей жеріндегі Бек ауылы (Новопокровск) қорымында. Жаратылысында еті тірі, қарап отыру дегенді білмейтін Бейсенғазы ақсақал Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары колхозда есеп жүргізетін кіші бухгалтер болып жұмыс істеп жүріп: – Ағашын дайындап береміз, бидайын береміз, енді қолымыздағы бірер малымызды не деп береміз, отбасымыз сол малға қарап отырған жоқ па? – деп жүргізіліп жатқан өкімет науқанына қарсылық білдіреді. «Тап жаулары, қайдасың?» деп тиісерге қара таппай тұрған жас мемлекеттің шала сауатты ұрдажық белсенділері кімді аясын, өздеріне де керегі сол еді, сөзге келместен Бейсенғазы ақсақалды Алтай өлкесіне жер аударып жібереді. Сондағы Бейсенғазы ақсақалдың келген жері орманнан ағаш дайындайтын «еңбек армиясы». Кәдімгі сонау 20-жылдардан бастап, 60-жылдардың ортасына дейін еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып келген мәжбүрлеп жұмыс істету орындары – «трудармиялар». 1954 жылы Сталин қайтыс болып, сәл де болса өзгерген жағдайға байланысты жасы алпысқа тақаған Бейсенғазы ақсақал Лебяжье елді мекеніне келеді. Қызыл сай ауылында өзінің ескі кәсібін қайта бастайды – жылқы ұстап, бие байлап, қымызбен емдейтін сауықтыру орнын ашады. Осы жылы біз сөз еткелі отырған мерейтой иесі Секең – Сейітқазы Бейсенғазыұлы өмірге келеді. Жалпы Секең – Бейсенғазы ақсақалдың кіші әйелі Әзиля Исақызынан туған үш ұл, бір қыздың кенжесі. 60-жылдардың басында отбасы Семейге қоныс аударады да, Сейітқазы мектеп табалдырығын осы Семей жерінде аттайды. Жас кезінде мүлдем басқа мамандыққа ден қойып жүрген Секеңнің жазушылыққа бет бұруының өзіндік себебі жоқ емес. 1973-1975 жылдар аралығында өзі құралпылас жастармен бірге Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеген соң алдымен авиациялық кіші мамандарды даярлайтын мектепке түсіп оқып, Привольжск әскери округінің штабы орналасқан Куйбышевтегі авиациялық полкте техник болып қызмет атқарады. Бір күні полк политругі шақырып алып: – Мен демалысыма кетіп барамын, сенің икеміңді бұрыннан байқап жүрмін, менің біраз жұмысымды саған атқаруға тура келеді, округтік «На страже» газетінің нөмірлеріне бақылау жасауды саған тапсырамын!.. – дейді. Әскерде тапсырылған істен бас тарту немесе «қолымнан келмейтін еді» деп басқаша бір сылтау айту деген атымен жоқ. Солдаттың әбден мезі қылатын бірсыдырғы өміріне қарағанда бұл да жақсы болды. Осылайша, әскерде жүргенде-ақ алғаш рет газетпен, журналистік жұмыспен айналысып, өзінің де икемін байқағандай болады. Дәл осы жағдай кейін журналистік мамандыққа келуіне де негіз болған сияқты... Секеңнің адамдармен қарым-қатынастағы табиғатын, жазу-сызуға икемін байқап қалған полк командирі де бір күні «Мына баланың білімі ерекше тәрізді, оны партия қатарына қабылдайық» деген ойын айтып, осы әскер қатарында жүріп-ақ партия қатарына мүшелікке кандидаттыққа қабылданып, тиісті мерзімінен соң партиялық билетке де ие болады. Кеңестік дәуірде жас жігіттің әскер қатарында жүріп немесе студент бола жүріп партия қатарына өтуі екінің бірінің пешенесіне бұйыра бермейтін сирек жағдай. Ал жас жауынгер немесе жас маман, я болмаса студент партия қатарына қабылданды екен, ертеңгі күні оның болашағынан үлкен үміт күттіретін жақсы жұмысқа, қызметке қабылдануында мүмкіндіктер мол дей беріңіз... Кеңес заманы жүйесіндегі және бір жақсы дәстүрдің бірі – ол қайсыбір ұйымдарда жұмыс істеуші қарапайым жас жұмысшыларға, қызметкерлерге кейде жер-жердегі жоғары оқу орындарынан аракідік түсіп тұратын, яғни оқуға түсу жеңілдігімен берілетін квоталық орындар болатын. Міне, дәл сондай екі орынның әскери бөлімге де келгенін білдірген басшылық бір күні жас сарбазды шақырып алып: – Екі жерге ұсыныс бар: бірі – Мәскеуге, екіншісі – Алматыға, қай қаланы таңдайсың, 2-3 күннен қалдырмай ойланып, жауабын бер! – дейді. Отбасының үлкені Тілеубек ағасына телефон соғады. Ағасы інісінің елдің ішінде болғанын тәуір көріп, таңдау Алматыға түседі. Сөйтіп, әскери қызметін бітіре сала Алматыға жол тартады. КазГу-дегі журналистика факультетінің деканы қазақтың біртуар азаматы, профессор Темірбек Қожакеев болатын. Сапырылысқан жас талапкерлердің ішінен сабырлы бозжігітке профессор салған жерден: – Сен бала маған ұнап қалдың, сен староста боласың! – дейді ойлануға да мұрша берместен. Талапкер болса аң-таң, әлі оқуға қабылданғаны жөніндегі хабарлама (бұйрық) да шыға қойған жоқ болатын... Қысқасы, оның журфактағы студенттік өмірі осылай басталып кетті. Әскердегі ұйымдастыру қабілеті студенттік өмірге де пайдалы болды. 1-курстан соң студенттік құрылыс отрядын басқарып, Нарынқолға барып, құрылыс салуға жетекші болды. 3-курста дәл өзі сияқты белсенді, курс комсоргі бүгінгі Баян жеңгемізбен шаңырақ көтереді. Оқуын бітірген жас отбасының жолы Торғай облысына түсіп, Арқалыққа келеді. Ауыздығымен алысқан жас журналист Секең басқа еш жерге мойын бұрмастан ең алдымен Е.Әуелбековке кіреді... Ұзақ жыл Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстық комитеттерін басқарған Еркін Әуелбеков бұл кезде Торғай облысында болатын. Сөйтіп, өзі облыстық газетке, Баян жеңгеміз облыстық радиоға жіберіледі. Жас отбасы 1982 жылы ҚазТАГ-тың Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі болып ауысады. Бұл кездері қаламы әбден төселген Секең 80-жылдардың аяғынан бастап бүкілодақтық «Известия» газетінің Қазақстан бойынша тілшісі қызметіне келеді. Ол кезде КСРО Жоғарғы Кеңесінің органы есептелетін «Известия» газетінің билігі орталықта – Мәскеуде. Аптасына бір рет шығып тұратын жексенбілік «Неделя», «Союз» атты қосымшалары бар «Известия» – одақтағы ең беделді басылымдардың бірі. Міне, осы басылымның тілшісі қызметін ол тәуелсіз Қазақстандағы өкілі ретінде 1996 жылға дейін атқарды. 1991 жылы, ел тәуелсіздігінің таңы атысымен отбасымен бірге Алматыға шақырылады. Бұларды Алматыға алдырған – Н.Әбіқаев. Бұрынғы Одақтан еншілерін алып, бас-басына бөлініп шыққан елдердің оң-солын түгендеп жатқан әрі-сәрі кезеңі еді ғой. Осы 1991 жылдың қараша айында Президент Назарбаев қабылдап, баспасөз хатшысы қызметін ұсынады. Мәселе шешілген күннің ертесіне-ақ Секең Назарбаевпен бірге Мәскеуге ұшады. Осылайша, тәуелсіз Қазақстандағы белгілі тұлғалармен араласы жиілеп, қоян-қолтық жұмыс істеуіне тура келеді. 2-3 жылдай Президент баспасөз хатшысы қызметін атқарған ол 1993-1994 жылдары Премьер-Министрдің баспасөз хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Оның 90-жылдардан кейінгі қоғамдық қызметі көзіқарақты қауымға жақсы таныс болғандықтан, белгілі нәрсені қайта тізіп жаза берудің қажеттігі бола қоймас. Десе де, өміріндегі маңызды бір-екі мәселені айтпай кетуге болмайды: біріншісі – өзі ұзақ жылдардан бері басшылық жасап келе жатқан Журналистер одағына келуі де, екіншісі – дүйім жұртшылыққа белгілі, кешегі алмағайып сот процесі. 2002 жылы Камал Смайылов шақырып, өзі басқарған Қазақстан Журналистер одағының басшылық қызметін қолға алуды ұсынады. қызмет ұсынды екен, енді басшылықты өзім жүргіземін деген астам ойдан мүлдем аулақ Секең өзінің ұсыныс-бастамасымен Үйлестіру кеңесін құрып, Камал Смайылов Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясындағы ұстаздық қызметімен қоса, сол кеңеске де басшылық жасайды. Міне, екінің бірінің бойынан табыла бермейтін ұстазға, ақылшы бола білген аға буынға адалдығымен, өз мамандығына кәсіби адалдығымен қалың жұртшылық көңілінен шыға білген ол әлі де осы Журналистер одағы атанған қасиетті қара шаңырақ пен ашық диалог алаңы – өзі іргетасын қалаған Ұлттық баспасөз клубына басшылық жасап келеді. Екінші мәселеге, яғни Секеңнің жеке басы мен отбасына ауыр сын болған сот процесі туралы көп айтудың қажеті шамалы. Себебі кезінде күн құрғатпай баспасөзі бар, телеарнасы бар – барша ақпарат көздерінен беріліп отырған бұл жағдайдан арысы Еуропарламент, «Журналистерді қорғау комитеті» халықаралық ұйымынан бастап, берісі, көкірек көзі ояу, құлағы түрік әрбір қазақстандық азамат құлағдар. Сондықтан ұзын-ырғасы бес жылдан аса уақытқа созылып, мың құбылған аталмыш сот жұмысы – қазақстандық ескі билік пен сол билік құрған жүйе қолшоқпарларының адамшылықтан ада табиғатын тағы бір рет танытып берді. Иә, жас отбасы бала-шағасын жетектеп, жұмыс, қызмет бабымен облыстан облысқа ауысып, жартылай әскери ғұмыр кешіп жүргенде өзі сенім артқан, өзі бірге қызмет еткен билікпен тікетірес арпалысып, ел ағасы жасына келгенде осындай қарусыз майданға түсемін деп ойлап па екен? Жоқ, әрине... Қоғамның, күнделікті өміріміздің бар бояусыз шындығын – ащысы мен тұщысын елге жария етіп, жұмырбасты пенделердің алғысы мен қарғысын қатар естіп, бірдей арқалап өту – қаламын қару еткен жауынгерлердің ғана басында болатын жағдай. Солай бола тұрса да, өз көзқарас-ұстанымына адал Секең – Сейітқазы Бейсенғазыұлы қарусыз майданның кәнігі жауынгері ретінде тек өзінің, жеке басының атақ-абыройын қорғап қойған жоқ, сонымен бірге қалам ұстаған қалың қауымның да қорғаны бола білді. Көңілдері күпті болған қалың көпшілік үшін де ең бастысы осы болар. Өкініштісі, енді қалпына келмейтұғын денсаулық пен отбасы-әулеттің ұйқы мен күлкіден айырылған уақыт-жылдарының орнын ешкімнің де толтыра алмайтындығы... «Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді?» деп жатады дана халқымыз мұндайда. Халық бұл сөзді өзінің қилы тарихындағы талай «тар жол тайғақ кешулерді» басынан өткерген есіл ерлерінің тағдырын тілге тиек ете отырып айтса керек. Ол жоғары шенділерге бас иіп, айтқанына көнбеді, айдауына жүрмеді. Сол үшін де алмағайып күннен абыроймен өтті. Халық семсердей өткір сөзіне тәнті болды. Матаевтар отбасының тілеуін түгел көпшілік тіледі. Бүгінгі Секеңнің мерейтойы – танымал тұлғаның ғана тойы емес, ол Секеңді білетін, Секеңе тілектес, қалам ұстаған қауымының да тойы.
Абай ОРЫНБАЕВ, Білім беру ісінің құрметті қызметкері